Атырау, 26 желтоқсан 16:36
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Үлкен дайындық

3 363 просмотра

6-7 маусымда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) компаниясы ҚР төтенше жағдайлар министрлігімен бірігіп, Каспийде ауқымды «Қашаған-2013» оқу-жаттығу шарасын өткізді.

ТЕЛЕКӨРЕРМЕНДЕР СҰРАУЫМЕН

 «Қашаған-2013» туралы баспасөз хабарламасында оның мақсаты айқын тұжырымдалған: «алғашқы мұнай өндіру мерзі-міне дейін апатты жағдайлардың алдын алуға консорциумның дайындығын тексеру және консорциумның әкімдікпен, Төтенше жағдайлар минис­трлігімен, оның жергілікті аймақтық органдарымен апатты жағдайлардағы іс-қимылдарын үйлестіру».

Оқу-жаттығу шеңберінде теңіздегі жасанды D аралында құбыр тармағы жарылып, ілеспе газ атмосфераға таралды, ол тұтанып, 450 тонна шикі мұнай төгілді.

Оқу-жаттығу екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде аймақтық деңгейде, Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы ресурстарды қосып, өз күштерімен 1-ші және 2-ші дәрежедегі мұнай төгіндісін жою әрекеттерін пысықтау қарастырылған. Екінші кезең – халықаралық мамандандырылған компаниялардың қатысуымен үшінші деңгейдегі, яғни, ең күрделі дәрежедегі мұнай төгіндісін жою.

ТЖМ вице-министрі Жанболат СМАЙЫЛОВ, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ Қашағанға ұшып барды, журналистерге Атыраудағы Аджип ҚКО кеңсесінен онлайн режимінде әрекеттерді бақылау мүмкіндігі ұсынылды. Шартты мұнай дағы жағалау аймағы бағытымен қозғалды. NCOC-тың мұнай төгіндісіне әрекет ету жоспарына сәйкес, апат туралы хабарланғаннан кейін алдымен газдың кетуінің алдын алып, содан соң адамдарды кемелермен және тікұшақтармен қауіпсіз жерге көшіріп, Астанадағы NCOC кеңсесіне хабарлау ұйғарылды. Содан кейін арнайы қызметтер төгілген мұнайды жинау мен кәдеге жарату жұмыстарына тікелей кіріседі. Атырау өзен портынан тайыз сулы жерлерге және Каспийдің жағалау аймағына 5 шағын кеме қозғалды (компанияның флоты төгінділер салдарын жоюға арналған, мұз құрсанған жағдайда да қозғала алатын, жалданған 12 шағын кемеден тұрады). Олардың қызметі бондық қоршауларды кеңейтуге бағытталған. Бұл - су бетінде қалқитын өзара тізбек түрінде жалғанған, су бетіне төгілген мұнайды жинауға арналған құрылғы. Бондардың бірнеше түрлері болады. Компанияда мұнай жинайтын және жайылтпайтын 400 метрлік бондар, сонымен қатар жиналған мұнайды сол жерде, теңізде өртеуге мүмкіндік беретін ұзындығы 150 метр отқа төзімді бондар бар. Осы детальдарды талқылап жатқан кезде залда: «ҚР экологиялық заңнамасы осылай өртеуге рұқсат бере ме?» деген пікірталастар туындады. Мен осы сәтті нақтылауды мониторлардан D аралығындағы әрекеттерді түсіндіріп жатқан мұнай төгіндісіне әрекет ету бөлімінің жетекшісі Марк ШЕПАРДТАН (суретте) өтіндім.

-  Бұлай жою тәсілінің салдары қандай, өртелгеннен кейін мұнайдан ыдыраған өнімдер флораға, фаунаға, қоршаған ортаға қалай әсер етеді?

Алайда ол жауап беруге дайын болмады. Ірі компанияларда қалыптасқан тәжірибе бойынша, әр маман белгілі бір жұмыс көлеміне жауап береді. Шепард та бұл сұраққа компанияның экологиялық бөлімінің өкілі жауап беруі мүмкін дегенді айтты.

«Бізді ешқандай керемет құтқара алмайды»

Оқу-жаттығуға бақылаушы ретінде «Каспий табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВ қатысты. Осы тақырып бойынша оның пікірін сұраған едім:

- Оқу-жаттығуда көрген нәрселерім мені қатты таңқалдырды. Мен осындай әрекеттермен 1999 жылы Ұлыбританияда танысқан едім. Ол сапарды сол кезде Қашағанда жұмыс бастаған ОКИОК компаниясы ұйымдастырып, мемлекеттік органдардан, БАҚ-тар мен ҮЕҰ өкілдерінен тұратын біздің делегация халықаралық OSRL компаниясының қызметімен танысты. Мен OSRL компаниясына ризамын, оларға ең лас, ауыр әрі қауіпті жұмысты орындауға тура келеді. Бұл «құтқару командасының» әуеде, құрлықта, суда және басқа да техникалары, ең бастысы – жоғары білікті, тәжірибелі мамандары бар. Біздің сапарымыз барысында олар 3-деңгейлі апаттармен күрестің 124 операциясына қатысты. Бірақ бұл цифр нені білдіріп тұр? Осынау жабырқатар цифр бір кездері бізге де туады. Мен мистик емеспін, бірақ айтарым: біз осыдан тура 6 жыл бұрын, 2007 жылдың 6 маусымында «жаратқанның ескертуін» алдық қой. Қазіргі оқу-жаттығу өткен жерлерде алғаш рет Солтүстік Каспий тарихында 5 күшті құйын көтерілген болатын...

Теңіздегі мұнай операцияларының тарихы Каспийде апаттың сөзсіз орын алатындығына көз жеткізіп отыр. Сондықтан тағы да айтам: шұғыл арада Тәуекелдерді және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру қорын құру керек. Әлемдік тәжірибеден белгілі болғандай, егер компания өздерінің экологиялық қылмыстары үшін сақтандыру полистерін, қорларын және өтемақының басқа алдын ала мүмкіндіктерін құрмаса, кез келген ел оларға минералды қорларды өндіруге тыйым салуға құқылы. Айта кетелік, шетелдік компаниялар қамданып, болашақ мұнай табыстарының есебінен өздерін алдын ала сақтандырып алған.

Қашағанда өндірілген мұнай тікелей Қарабатанға жеткізілетін болады. Ол жер Атырауға тиіп тұр. Сол жерден жоғары уытты күкірті және басқа улардан тазартылған ол әлемдік нарыққа шығады. Ал бүкіл апаттар, түрлі зиянды қалдықтар, шығарындылар жергілікті халық пен Каспий өңірі табиғатының еншісінде қалады.

Іс жүзінде, осы оқу-жаттығу шарасына облыстық әкімдіктің шақыртуымен тартылған мұнай төгінділерін жою жөніндегі қазақстандық компаниялардың бірінің қызметкері кейін түсіндіргендей, бұл қазақстандық биліктен болжамды қолдануға әзірге рұқсат алмаған озық технология екен. Бірақ күмән сейілмеді – осындай ауқымдағы компания пайдалануға рұқсат берілмеген жабдықты сатып алып отыр деу қисынсыз... Егер рұқсат беруді шынымен созып отырған болса, біздің үкіметтің бұл әрекеті таң қаларлық.

Қазіргі уақытта Қашаған кенішіндегі теңіз нысандарындағы қоршаулардың жалпы қоры 2000 метр бонды, 10 000 метр сіңіргіш бондарды (судағы шикі мұнайдың қалдықтарын сіңіруге қабілетті) құрайды.

 

АСТАНАДАН КӨЗ САЛСАҚ

7 маусымда сценарий бойынша оқу-жаттығулар 3-деңгейлі апат кезеңіне ауысты. Бұл күні апат салдарын жоюға НКОК-тың халықаралық мердігері келіп, ол компаниямен тиісті келісімшартқа қол қойды. Британдық трансұлттық OSRL (Oil Spill Response Limited) компаниясының осы айрықша нарықта жұмыс істеп келе жатқанына бірнеше ондаған жыл болған, белгілі бір беделге (Аляска мен Мексика шығанағындағы төгінділер салдарын жойды), озат технологияларға және жабдықтарға ие. Жабайы жануарларды құтқаруға және оңалтуға арналған, іздеу-құтқару операцияларына арналған кейбір үлгілерді, бөгейтін бондарды, панажайларды және т.б. компания Атырауға Саутгемптоннан өз ұшақтарымен алып келді.

- Жабдықтарды жеткізу қанша сағат уақыт алды?

- Сіз өзіңіз бәрін көрдіңіз ғой: хабарлаған сәттен бастап процесске 14 сағат кетті, - деді OSRL бөлімшелерінің бірінің директоры Дэвид СОЛТ.

- Сіз ықтимал жағдайда әкелінетін жабдықтарға кедендік тазарту жүргіздіңіз бе? Егер шынымен төтенше жағдай орын алса, бұл қалай болады?

- Бұл сұрақты біздің мемлекеттік органдарға қою керек, - деді Солт үшін жауап берген НКОК-тың қазақстандық қызметкерлерінің бірі. Мұндай жағдайда «жасыл дәліз» принципі іске қосылатын шығар деп жорамалдап қойды ол.

- Өткен оқу-жаттығу шарасын қалай бағалайсыз?

- Лайықты деңгейде ұйымдастырылған, бәрі де халықаралық стандарттарға сай келеді, - деп сендірді Солт.

- Жоба мұнай өндіруді бастауға дайын ба? Қысқа ғана жауап берсеңіз.

- Әбден дайын.

Өзінің қорытынды сөзінде вице-министр Смайыловтың өткізілген оқу-жаттығуға берген жоғары бағасына қарағанда, өткізілген осы негізгі дайындық Атырау үрейленіп, Астана тағатсыздана күтіп отырған кенішті іске қосу үшін жеткілікті негіз болатын шығар.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

13 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.