Атырау, 27 желтоқсан 00:45
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Даудың басы - қоралар

4 449 просмотра

Исатай ауданы Аққыстау селосында қорадан шу шықты. Мамырдың 29-ы күні теміржолға жақын жерде орналасқан бірнеше қораның үшеуі өртке оранды. Ал мамырдың 28-і күні жергілікті аудандық әкімдік өкілі қоралардың иелерін шақырып, жиналыс өткізген болатын.

Онда сол қоралардың бұзылатындығы туралы хабарланып еді. Тұрғындар бұған түбегейлі қарсы екенін жеткізіп, билікпен сөзге келіп қалғандарын хабарлады. Ал келесі күні өрт шыққан.

Өртенген қоралар Ерғали ҚҰСПАНОВ, Өтеміс ШАЙХИМОВ, Ғайнолла ТҰРАЛИЕВТАРҒА тиесілі болатын. Ғайнолланың басқалары секілді жайылымға жібермей, жамағатқа ас беру үшін кейін соярмын деп қорасынан шығармай ұстап отырған сиыры тірілей күйіп өлді. 

Қоралар иелері өрт қолдан ұйымдастырылған деген пікірде. Олар мұны істеу жергілікті билікке тиімді болған деп те күдіктенеді.   

- Бізге алдын ала ескертпей ме? Жиған-тергеніміздің бәрі күлге ұшты. Біз корпус үйде тұрамыз. Қора қасымызда орналасқан. Қорамызға жер үй саламыз деп, бүкіл құрылыс материалдарын сақтап жүргенбіз. Бәрі бір күнде кетті. Әрине, біз мұны әкімдіктен көріп отырмыз, - дейді Ерғали Құспановтың жұбайы Маржан ҚҰСПАНОВА. - 28 мамыр күні сағат 3-те бізді жиналысқа шақырып, қоралар тұрған жердің орнына 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй салынатынын айтты. Біз бұған үзілді-кесілді қарсы болдық. Ал 29 мамыр күні кешкі сағат 7-ге жақын қора жақ лап ете түсті. Бәріміз жанына шауып бардық. Балам пысық қой, қораның есігін ашып үлгеріп, ішінен қойларды жалма-жан шығарып, құтқарып қалды. Ал көршіміз Ғайнолланың бір сиыры тірілей өртеніп кетті. Ішек-қарыны ақтарылып жатты. Шектік берем деп жүр еді. Ол осыдан кейін кемпірі екеуі қазір ауырып, жатып қалды.

Қазір өрт салдарынан шығынға ұшыраған тұрғындар аудан әкімдігіне көмек сұрап, арыз-өтініштерін жазып қалдырған. Олар сиыр қораның орны тұрған жер телімін 1972-73-жылдары сол кездегі биліктің өлшеп тұрып бергенін айтады. «Соны растайтын құжатты әкімдіктегілер толтырған құжат қағазын мұрағаттан ақтарып қарамай ма? Онда тиісті құжаттар болуы керек», -  дейді олар. Алайда, әкімдікте қораларға да, жер телімдеріне де ешқандай ресми құжаттар жоқ деп отыр.

Исатай ауданының әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВ:

- Ертеде теміржол саласында жұмыс істеген адамдардың қорасы болды бұл. Халықтың бәрі ол кезде мал ұстап отырды. Бірақ, қазір бұл заңсыз салынған қоралар болып есептеледі. Себебі, ешқандай құжаты жоқ. Ол қоралар жыл сайын өртенеді.

- Неден болады өрт?

- Біреу сіріңке лақтырып кететін шығар? Неден болғанын ешкім дәлелдей алмайды ол жерде.

- Тұрғындар өртенген жердің орнына жаңадан қора сала аламыз ба деп сұрайды.

- Ол жерге қора сала алмайды енді. Оның орнына 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй демеушілікпен салынады. Оның кімдерге ұсынылатыны біздің билігімізде болады. Бірінші кезекте жағдайы қиын отбасыларына берілуі керек. Ауданда соңғы 12 жылдан бері тұрғын үй салынған жоқ. Бізге үй салу үшін ұзындығы 140 метр жер керек. Қоралардың орны тұрған жерге инженерлік коммуникациялар жақын орналасқан. Қораларды бұзып, орнына көппәтерлі тұрғын үй тұрғызу туралы шешімге келгеніміз де содан. Ал қоралар иелерімен сөйлесіп, ортақ келісімге келеміз деп ойлаймын.  

Ал тұрғындар болса, билік қораларды басқа жерден салуға рұқсат беріп, құрылыс материалдарын берсе ғана келісеміз деп отыр.  

Айнұр САПАРОВА

13 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.