Бүгін, 10 маусымда сағат 9.00-де жаңа №77«Сарайшық» жүрдек пойызымен алғашқы атыраулық жолаушылар Алматыға аттанды.
ВАГОН БАСЫНА БІР ЖАРЫМ ЖОЛСЕРІКТЕН
Жөнелту ресіміне Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН, қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ, «ҚТЖ» ҰК АҚ Атырау темір жол бөлімшесініңдиректоры Бөрехан БЕРКІМБАЕВ, сонымен қатар, ардагер теміржолшы Есенаман ДАБЫСОВ қатысты.
Естеріңізге салсақ, №77 жүрдек пойызы Алматы вокзалының перронынан 8 маусымда шығып, Атырауға бүгін 10 маусымда таңғы 6.10-да жеткен еді («Жүйрік тұлпар тым қымбат» жарияланымын қараңыз). Онда 79жолаушы болған.
№77 «Сарайшық» пойызының бастығы Гүлнар ЕСІМБЕКОВАНЫҢайтуынша, Алматы-Атырау және Атырау-Алматы бағытындағы жүрдек пойыз жүп күндері күнара жүретін болады. Екі бағыттағы бұл маршрутқа екі құрам қызмет көрсетеді.
- Әрбір құрамда 22 жолаушылар вагоны бар. Оларға арнайы оқытудан өткен 33 жолсерік қызмет көрсетеді (2 вагонға 3-уден), - дейді Есімбекова.
Пойыз қозғалуға 40 минут қалғанда перронға едәуір кісі жиналып қалды. Жолаушылар негізінен 4 кісілік купедегі «Турист» санатындағы вагондарға жайғасқан. Бізге үйреншікті купелерден айырмашылығы бұл жерде екі жағында екі-екіден креслолар қойылған, олардың артқы жағында жиналған: төменгі және жоғарғы полкалар бекітілген. Бұдан бұрын хабарлағандай, бұл (эконом-класс санатындағы) вагонның билеттері 18 мың теңгеден басталады.
Жолаушылар арасында негізінен каникулға Алматыдағы демалыс лагеріне кетіп бара жатқан оқушылар болды. 5-сынып оқушысы Ерлан ДӘУЛЕТҚАЛИ, 7-сынып оқушысы Әлібек СЕРДӘЛІ, 6-сынып оқушысы Айбек НҰРЛЫБЕКОВ және 7-сынып оқушысы Жоламан ОРАНБАСОВ (суретте) өз креслоларына жайғасып, пойыздың қозғалуын асыға күтті. Балақайлардың көңіл күйлері керемет еді, олар шығарып салушы ересектерге терезеден қол бұлғады. «Пойыз ұнай ма?» деген сұрағыма «өте ұнайды» деп жауап берді олар.
Жүрдек составтарға арналған вагондарды Қазақстанда «Patentes Talgo S.A.» испандық компаниясының қатысуымен «Тұлпар-Тальго» біріккен кәсіпорны шығарады. «Тұлпар-Тальго» бортмеханигі Мәди АХМЕТБЕКОВТІҢ айтуынша, пойыздың белгіленген жылдамдығы – сағатына 140 км:
- Егер теміржол анағұрлым сапалы болған болса, 200-ге дейін көбейтуге болар еді, - дейді ол. – Негізгі техникалық сипаттамасы – үлкен жылдамдық және жеңілдік. Атыраудан Алматы-2-ге дейінгі2 695 км жолды пойыз 35 сағат 30 минутта (әдеттегі пойыз – 49 сағатта) жүріп өтеді.
ШАШУ ШАШЫП ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Б. Ізмұхамбетов «Гранд» бизнес-санатындағы вагонға аяқ басты. Құрамда мұндай тек екі вагон ғана бар. Олар ішінде душ кабинасы мен дәретханасы бар екі кісілік купемен жарақталған. Купеіші әжептәуір кең. Сонымен қатар бұл вагондарда мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған купе бар екен. Әкім «мүгедектер үшін вагонға көтеріп мінгізетін арнайы көтергіштер бар ма?» деп сұрады. Оған арнайы құрылғы жоқ екенін, бірақ вагон мінетін жері төмен болғандықтан арбаны оңай көтеруге болатынын түсіндірді. Кірер есігі мен дәліздер кең, арбаның өтуі үшін қолайлы жасалған деді. Бұдан басқа, мүгедектерге арналған купеде арнайы тетіктермен жарақталған дәретхана мен душ кабинеті бар екен.
Бизнес-класс вагонының билет құны - 41 мың теңгеден басталады. Бағасының осындай қымбаттығына қарамастан бұл вагонда да жолаушылар болды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі пойыздағы сервистік қызметтерден: жаңа басылған баспасөз құралдары, мейрамхана вагоны мен вагон-кафетерийде ыстық тағамдар, сонымен қатар ұялы телефонды қуат көзіне қосу қызметтері бар екенін айтты.
Пойыз жүруге бірнеше секунд қалғанда облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов Б. Беркімбаевпен бірге салтанатты түрде хабарлау белгісі ретінде перронға шығар жолда орнатылған теміржол символын - қоңырауды соқты. Ду қошеметпен және дәстүрлі шашумен пойыз орнынан қозғалып кетті. Алматыға ол арғы күні, 12 маусымда жетеді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, суреттерді түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ