Атырау облысының прокуратурасына аса ірі көлемде мемлекет ақшасы ұрланғаны туралы арыз түсті, деп хабарлайды CMN.kz.
Жағдайды жақсы білетін дереккөздің тілшіге берген ақпараты бойынша, облыстық экономикалық тергеу департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы («Қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
2022 жылы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ) шенеуніктері Mitsui маркалы компрессорды күрделі жөндеу кезінде мемлекетке зиян келтірген. Алдын ала болжам бойынша, келтірілген шығын 1,9 млрд теңгені құрайды.
Ақпан айында ҚМА Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады. Осының алдында мекеме басшылары арасында жанжал шықты. Ақыр аяғында басшылары ауысып, кадрлық өзгерістер болды. Зауыттың бас директоры Ғалымжан Жусанбаев, оның орынбасары, бас инженер Әділет Шошанбасов қызметінен босатылды. Бас директордың орнына бұрын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да жұмыс істеген Абзал Досжанов тағайындалды. Сонымен қатар бұрынғы бас директор Мұрат Досмұратов үйқамаққа алынды.
Mitsui компаниясы поршеньді компрессорлар шығарады. Компания дүние жүзіндегі ірі мұнай өңдеу және мұнай-химия зауыттарына мыңнан астам құрал-жабдық жеткізген.
Естеріңізге сала кетейік, бұл Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта құру және жөндеуге қатысты алғашқы қылмыстық іс емес. Өткен жылы компанияның бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, 4,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Сатып алу департаментінің бұрынғы директоры Қанат Сейдуалиев 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.