«АЖ» тілшісі гуманитарлық көмек жинау пунктіндегі еріктілердің жұмысымен танысып қайтты. Жылыойлықтарға көмек жинау жөніндегі негізгі пункт Әбілқайыр хан даңғылы, 79 мекен-жайындағы Көрме орталығында орналасқан. Мұнда адамдар жылы киім мен аяқ киімдерді, дәрі-дәрмектер мен балалардың киімі, жаялықтарды және гигиеналық заттарды сағат сайын әкеліп жатыр. Қабылдау пункті 24/7 жұмыс істейді.
Сағат 22:00 шамасында мұндағы тірлік кішкене саябырсыған. Еріктілер жиналған жүктерді сұрыптап, қораптарға қайта орап, жөнелтуге дайындауда.
Атырау волонтерлік штабының басшысы Әйгерім ЖӘРДЕМҚЫЗЫНЫҢ айтуынша, гуманитарлық көмек пунктінде 50-ден 250-ге дейін ерікті бір мезгілде жұмыс істеген. Қазір тұрақты түрде 50 астам ерікті жүр.
- Тұрғындарға бірінші кезекте азық-түлік, содан соң дәрі-дәрмек, төсек-орын қажет. Біз оларды алғашында тікұшақ арқылы Теңіз қалашығына күн сайын жөнелтіп жүрдік. Қазір екі күнде бір рет жүк вагондарымен жіберіліп жатыр. Еркек кіндіктілердің көбі жаға бекіту жұмыстарында жүргендіктен кейде қол күші жетпей қиналып қалатын кезіміз болады. Сондықтан жұмыс істеймін деген еріктілер артық етпейді, - дейді Әйгерім Жәрдемқызы.
Жүктерді жөнелтпес бұрын барлығын еріктілер тексеріп, балалар киімін бөлек, әйелдер киімін бөлек-бөлек сұрыптап қораптарға салып, сыртына қандай киім екенін жазып желімдейді.
- Әлеуметтік желіде таралған видеолардың бірінде біреулер киілген ішкиім келгенін көрсетіп, ренішін білдірген еді...
- Көмек берушілерден киілген киімдер де келіп жатыр. Бірақ біз оларды сұрыптап жібереміз. Біз ешкімге тек жаңа киім қажет деп міндеттемейміз. Бірақ жыртылмаған, таза болсын деп жатырмыз, – дейді, еріктілер.
Бүгінде Жылыой ауданында жағдай тұрқтанып келе жатқанымен, тұрғындар әлі үйлеріне қоныстана қойған жоқ. Сондықтан азық-түлік, жылы киім-кешек, тұрмыстық заттар, гигиеналық заттар әлі де сұранысқа ие.
Жылыой ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек жинау пунктінде бірінші қажеттілікте мынадай заттар қабылданады. (Тізім)
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор