Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облысына жұмыс сапары аясында төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабта өңір ғалымдарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жайық өзені көлемінің математикалық моделдеуіне аймақтағы жоғары оқу орындарының ғылыми күші жұмылдырылып отыр. Олардың арасында тәжірибелі, математик, физик, механик, гидрогеолог, геология инженері, эколог, химик, геодезист-инженер мамандар бар. Олар Атырауда су деңгейінің көлемін күн сайын есептеп жатыр.
“Ең алдымен қазіргі уақытта келе жатқан мол ағынның келу уақыты мен көлемін болжамды есептеуіміз қажет. Бұл мақсатта Досмұхамедов ат. Атырау университеті, С.Өтебаев ат. Атырау мұнай және газ университетіне Атырау облысының ТЖ штабына тартылған ғалымдар санын көбейтуді және жедел есептеулер жүргізу үшін ғалымдарға қажет жағдайлар жасауды тапсырамын. Осындай сын сағатта ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі”, - деді Саясат Нұрбек жедел штаб отырысында.
Сонымен бірге, Саясат Нұрбек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде су саласы үшін кадрлар даярлау бағытын ашу мәселесін зерделеу қажеттігін атап өтіп, тиісті тапсырмалар берді.
Өз кезегінде, ғалымдар су келуінің есептелген уақытын көрсетіп, бөгеттерді нығайтуға арналған нүктелер мен олардың су соққыларына төтеп беру есептеулерімен таныстырды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабта өңір жоғары оқу орындарының ғалымдары ТШО компаниясының аналитиктерімен қатар есептеулер жүргізуде. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға алматылық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары да тартылды.