- Менің ағам нотариус арқылы азаматтық некеде 25 жыл бірге тұрған әйеліне пәтерін сыйға беру құжатын рәсімдеді. Кешікпей әйелі қайтыс болды. Жерлеу рәсіміне көп жылдан бері араласпаған ұлы келіп, сыйға қалдырылған үй туралы білген соң тездетіп мұралық істі рәсімдеді. Кетіп бара жатып, ол жарты жылдан кейін өз пәтеріне қайта оралатынын ескертті. Зейнеткерлік жастағы ағамның далада қалатынын сезіп жүрмін. Сыйға тартудың күшін жоюға бола ма?
Телефон арқылы
«Maximum» адвокаттық кеңсесінің аға серіктесі Айдос ИБРАЙЫМОВТЫҢ айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінің 512-бабының 4-ші тармағына сәйкес, сыйға тарту шартында сый берушi сый алушыдан ұзақ өмiр жүрген жағдайда, сыйға тартудың күшiн жою құқығы ескертiлуi мүмкін. Егер мұндай норма сыйға тарту шартында қаралмаған болса, онда ҚР АК-нің 512-ші бабының 2-тармағына сәйкес, егер сый алушының сыйға тартушы үшiн үлкен мүлiктiк емес құндылық болып саналатын сыйланған затты ұстауы оның бiржола жойылу қаупiн тудырса, сыйға тартушы сыйға тартудың күшiн сот тәртiбiмен жоюды талап етуге құқылы.
Яғни, бұл жағдайда қария адам үшін жалғыз пәтерінен бiржола айырылу қаупi сыйға тарту күшін жою үшін сотқа жүгінуге негіз болады.