Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Абзал Досжанов кәсіпорын мамандарынан құралған жедел штаб құрамында Перетаска және Соколок каналдарына барып, аталған су қоймаларынан зауыт аумағына тасқын суының келу қаупін бағалады, деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.
Тексеріс барысында «Тухлая Балка» булану алаңдары мен «Атырау ЖЭО» АҚ -ның «жылы» каналы арасындағы ұзындығы 1 шақырым болатын бөгетті қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Жақын арада аталған аймақта жұмыстар жүргізу үшін арнайы техника мен жұмыс күші жұмылдырылады. Сондай-ақ жедел штаб Атырау ЖЭО басшылығымен бірге Перетаска каналындағы гидравликалық қондырғылардың су өткізу қабілетімен танысып, Жайықта орналасқан зауыттың су алу ғимараттарына тасқын суының келу қаупін бағалады.
Бұдан кейін жедел штаб өкілдері Қайыршақты ауылдық округінің Томарлы елді мекені тұсындағы Жайық өзенінің бойында ұзындығы 1 км болатын бөгет соғу жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар облыс әкімдігі комиссиясының тапсырмасымен АМӨЗ-дің жұмылдыру жасағы дәл сол аймақта орналасқан ұзындығы 1 шақырым қосымша бөгетті қайта құру жұмыстарына кірісті. Жаға бекіту шараларына атсалысып жүрген Томарлы ауылының тұрғындарының сұранысы бойынша АМӨЗ-дің жедел штабы қосымша арнайы техника мен қапшықтар бөлу туралы шешім қабылдады.