Атырау, 23 қараша 00:04
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Газадағы соғыста Израиль ақыры жеңіліп қалды..."

716 просмотра

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында жүргізген, "Темір қылыштар" деп атаған соғысының қорытындысын шығарды. Бұл ел ХАМАС-тан кек алу мақсатында көршісін әуеден, жерден және теңізден атқылауды 2023 жылғы 7 қазанда бастаған еді. Содан бері жарты жыл өтіпті. Сол жылғы 27 қазанда Газа секторына құрлықтан әскер кіргізген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сонымен, ЦАХАЛ-дың хабарлауынша, 7 қазаннан бері оның 604 сардары және сарбазы қаза тапты. Оның ішінде 20 израильдік жауынгер "достық атыстан", яғни Израиль армиясының атқылауынан опат болған. Тағы бесеуі "кездейсоқ атыс" салдарынан жантәсілім етті. 16 израильдік жауынгерді техника тапап кетіпті.

Бұдан бөлек, ресми мәлімет бойынша Израиль тарапынан 3 188 әскери жараланған. Соның ішінде 497-сінің жарасы ауыр.

Израиль бұл соғысқа жалпы саны 300 мың резервист әскериін жұмылдырды. Оның 17%-ы – әйелдер, 83%-ы – ерлер.

"ЦАХАЛ Газа секторында 12 000 лаңкесті жойды. Оның ішінде бесеуі – бригада командирі, 20-сы – батальон командирі, 100-і – төменгі командалық құрам деңгейінде. Ливанда 330 лаңкес жойылды. Оның 30-ы – командалық құрамнан", – деп хабарлады Израильдің қорғаныс армиясы.

БҰҰ гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының дерегінше, соғыс созылған 175 күн ішінде Израильдің атқылауы, үстемелете бомбалауы кесірінен Газа секторында кем дегенде 32 623 адам қаза тапты, олардың көбі – әйелдер, балалар. Тағы 75 092-ден көп адам жараланды.

Газа Денсаулық сақтау министрлігі Израильдің шабуылдарынан кем дегенде 32 916 адам өлгенін хабарлады.

Израильдік әскерилер шығарылғаннан кейін Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласына палестиналық тұрғындар орала бастады. Израильдің Walla, Detaly басылымдары бейбіт заманда қым-қуыт тірлігі қызған қаланың орнында үйінді ғана қалғанын, оның жойқын, зұлмат зілзаладан кейінгі көріністі елестететінін жазды.

Associated Press қаладағы ғимараттардың бомбалаудан кейін жаппай күйреп қалғанын баяндады. Қаланың көшелері, әсіресе мектептер мен ауруханалар, әлеуметтік нысандар ЦАХАЛ-ХАМАС арасындағы тегеурінді шайқастар салдарынан қатты зардап шегіпті.

"Көптеген аудандар, қала орталығы енді адам тұруға жарамайды. Менің үйімнің, көршілерімнің үйінің орнында үйінді ғана қалыпты", – деп зар еңіреген тұрғын Махмуд Әбдел Ғанидың сөзін келтірді Associated Press. Ғани былтырғы желтоқсанда әуеден бомбалаудан қашып, босқынға айналған екен.

Бассель Әбу Насер биылғы қаңтарда қашты, сонда израильдік әскери ұшақтар авиасоққы беріп, оның үйін жермен-жексен еткен. Содан кейін қаланы тастап шығудан басқа амалы қалмапты.

"Хан-Юнистің басым бөлігі қирап қалды. Қоқысқа айналды. Мұнда өмір сүру мүмкін емес. ЦАХАЛ мұнда адам тұрмауын, қаланың бос қалуын қалады, ол бізге мұнда ештеңе де қалдырмады!", – деп жаны жабырқаған екі баланың әкесі Әбу Насердің сөзін израильдік Walla келтірді.
"Әскердің Хан-Юнистен шығарылуы, жалпы алғанда, ЦАХАЛ-дың Газа секторындағы күштерін ең аз шамаға дейін қысқартуы бұл өңірге босқындардың қайта оралуына жол ашады. Нәтижесінде, бұл Рафиахта шектен тыс көп халықтың жиналуына қатысты күрделі жағдайды шамалы жеңілдетуі мүмкін. Өйткені Рафиахтың өз тұрғындарына босқындар қосылғанда, бүгінде онда тұрып жатқан палестиналықтардың саны 1,4 миллион адамға жетті", – деп мәлім еткен израильдік басылым дегенмен, көптеген палестиналықтың қалаға қайта алмайтынын, баспанасы қалмағанын, әрі Хан-Юнистің өне бойы жарылмаған израильдік снарядтарға, миналарға, бомбаларға және басқа жарылғыш заттарға толы екенін ескертті.

Халықаралық сарапшылар Израильдің кері шегінуіне АҚШ Президенті Джо Байденнің қысымы ықпал еткенін айтуда. Байден биылғы 5 қарашада президенттік додаға қайта түседі. Оның сайлаушыларының үлкен бөлігін – Ислам дінін ұстанатын америкалықтар құрайды. Олар палестиналықтарға қарсы қан-қасап қырғын салған Израильді Вашингтонның қолдағанын құптамайды.  

Осы орайда өткен аптада Президент Байден мен Израильдің Премьер-Министрі Биньямин Нетанияху арасында болған күрделі келіссөздерден кейін Газаға гуманитарлық жүктер ағыны белсенді жіберіле бастады. 7 сәуір күні, бір күн ішінде Газа секторына ізгілік көмек заттары тиелген 322 жүк көлігі кірді. Бұл соғыс басталғалы бері болмаған рекордтық сан.

Бұл ретте келіссөздер кезінде Байден Израиль армиясының гуманитарлық миссия қызметкерлеріне шабуылын айыптаған екен. Өйткені таяуда израильдік соққының салдарынан Газа секторында гуманитарлық миссияның 7 қызметкері қаза тапты.

Америка лидері Газа секторындағы бейбіт халықтың әрі қарай жәбір көруін "құптай алмайтынын" нықтады. Байденнің түсіндіруінше, Израиль азаматтық тұрғындардың жағдайын жеңілдетуге, бейбіт тұрғындардың және гуммиссиялар қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар топтамасын жариялап, дереу жүзеге асыруы қажет.

Сонымен, 7 сәуірде, Газа секторына шабуыл басталғанына тура жарты жыл өткенде Израильдің қорғаныс армиясының барлық дерлік маневрлік күштері, бөлімшелері Палестина республикасына қарасты Газа секторының территориясын тастап шықты. Кеше ЦАХАЛ Хан-Юнис қаласындағы операцияның да аяқталғанын жариялады.

"Бұл шынымен де таңғаларлық, тамаша жаңалық! Израиль Газа секторындағы барлық әскери бөлімшелерін шығарып әкетті. Қазіргі уақытта израильдік әскерилер "Нецарим дәлізі" аталатын жолақта ғана қалды. Бұл дәліз Газа секторының солтүстігін мен оңтүстігін теңізге дейін бөліп, ажыратып тастады. Бірақ оны бір ғана "Нахаль" бригадасы күзетпек. Бұл дәліз ЦАХАЛ-ға қажет кезде Газаның солтүстік, орталық бөліктеріне рейд жүргізуіне мүмкіндік береді. Қалай болғанда, енді Израиль Газа секторын бақылауда ұстамайды. Бұл – стратегиялық ауқымдағы өзгеріс. Ол Израильдің капитуляциясын білдіреді. Израиль осылайша ХАМАС-пен соғыста жеңіліп қалды", – деді белгілі тарихшы Дмитрий Чернышевский.

Өйткені оның айтуынша, Израиль осы қырғынды бастағанда жариялаған мақсаттарына жетпепті.

"Ол ХАМАС-ты толығымен жоюға бекінді, толық жоя алмады. 12 мың содырын жойған. Бұл шамамен жартысы ғана. Аман қалған бөлігі күш жинауы ғажап емес. Халықаралық қоғамдастықтың қысымы Израильдің палестиналықтар қашып тығылған, бір бөлігі Египет территориясында орналасқан Рафах (Рафиах) қаласын басып алуына жол бермеді. Бұл соғыс ұзаққа созылып кеткендіктен, АҚШ түсін суытып, қатаң талап қойды. Израильдің соған бағынбасқа амалы қалмады: Америкамен қатынасын үзу қаупі төнді. Израиль басшылығы "жеңіс" туралы айтып жатыр. Айта берсін, алайда бұл – Израильдің шегінісін, жеңілісін паш етті. Армия өз алдына қойылған стратегиялық міндеттерді орындамады", – деді Дмитрий Чернышевский.

ЦАХАЛ бөлімшелері Газа секторын тастап шыққан күні ХАМАС өзінің жойылмағанының дәлелі ретінде Израильдің шекаралас аудандарын атқылады. Ол аз болса, халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ХАМАС соғыс барысында тастап шығуға мәжбүрленген аудандардағы билігін қайта қалпына келтіруге тырысуда.

Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі, "Еврей қуаты" партиясының төрағасы Итамар Бен-Гвир Газа секторын тастап шығуға қатысты түсініктеме бере келе: "Егер Нетанияху Рафиахқа кең ауқымды шабуыл жасамай, ХАМАС-ты жеңбей, соғысты аяқтай салса, ол премьер-министр мандатынан айрылады" деп қорқытты.

Израиль көшбасшысын сынаушылар қатары көбейді. "Діни сионизм" партиясының төрағасы Бецалель Смотрич кешегі дүйсенбіде өз фракциясының депутаттарын және министрлерін жинап, қалыптасқан ахуал бойынша ақылдасқан.

Кнессет депутаты Моше Сааданың пікірінше, егер соғысты осымен тәмамдаса және Газа секторының солтүстік бөлігіне тұрғындардың оралуына жол берсе, онда Израиль ХАМАС қолындағы кепілдерді босатуға қатысты келіссөздеріндегі "ең басты көзірінен" айрылады. Депутат Израильдің соғысты біржақты доғаруы оның жеңілісінен хабар беретінін меңзеді.

Өз кезегінде елдің Сыртқы істер министрі Исраэль Кац егер хамастықтар кепілдерді босату мәмілесінен бас тартса, "онда Мысырмен шекарадағы Рафиахты тез басып аламыз" деп мәлімдеді. ХАМАС мәміленің ағымдағы нұсқасын тағы қабылдамай тастады.

Оған жауап ретінде Израильдің Премьер-Министрі Биньямин Нетанияху Рафиахқа шабуылдың күні белгіленгенін жариялады (бірақ ол құпия). Оның мәлімдеуінше, барлық кепілдерді босату және ХАМАС-тың бригадаларын толық жойып, түбегейлі жеңісті жариялау үшін Рафиахқа басып кіруге тура келеді.

Соғыс бітсе де, бітім болмай, қарулы жанжал жалғасатын түрі бар.

9 сәуір, 13:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.