Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің жағасына бөгет тұрғызу үшін топырақ күреу кезінде, адамның 12 дана бас сүйегі мен 26 қаңқа сүйектері табылды. Бұл туралы Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы хабарлады.
Оқиға орнына құзырлы органдардың мамандары келіп, аталған деректі АЕК тіркеп, тергеу алды тексеру жұмыстарын бастады. Алдағы уақытта, табылған сүйектер қайта жерленеді.
- "Ескі Сарайшық үшін археологиялық қазба кезінде адам сүйегінің табылуы жаңалық емес. Өйткені, ортағасырлық Сарайшықта үлкен қорым бар екені баршамызға белгілі. Археологиялық зерттеу барысында да, тіпті ескі Сарайшық ауылы ішінде түрлі жұмыстар барысында да адам сүйектері жиі кездесіп жатады. Ал, бүгінгідей, елде су тасқынынан қорғау мақсатында жасалып жатқан үлкен жұмыстар кезінде Жайық жағалауында мыңдаған маман дамбы соғу барысында адам сүйектерінің шығуы заңдылық. Әдетте, мұндай хабар жеткен бойда мамандар өз жұмыстарын атқарып, оларды зерделеп, салт-дәстүр бойынша жер қойнына тапсырады", - деді "Сарайшық музей-қорығы директоры Мұхтар ӘБІЛСЕЙІТ.
Айта кету керек, бұған дейін Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда Жайық бойында орналасқан Махамбет, Индер аудандарында және Атырау қаласына бөгет тұрғызу, жаға бекіту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.