Атырау қалалық полиция басқармасы хабарлайды: 8 сәуір күні сағат 15:12 шамасында Атырау қаласы, Қ. Сатпаев даңғылы тұсында реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп келе жатқан 2007 ж.т. жасөспірімді мопед жүргізушісі қағып, оқиға орнынан бой тасалап, қашып кетті.
Мопед бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды. Мопед жүргізушісіне патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралын тоқтатуды талап еткен. Алайда мопедист заңды талапты орындамады. Оны патруль қызметкерлері Құрманғазы көшесінде қызметтік көліктің терезесінен шығып, тоқтатуға мәжбүр болды.
Тексеру кезінде, аталған жүргізуші және жолаушысы 17 жастағы жасөспірімдер екені анықталды. Осы жағдай бойынша көлік құралы полиция басқармасына жеткізіліп, тиісті іс-құжаттар жинақталуда.
Осыған орай, Атырау қаласының полиция басқармасы ата-аналардың жасөспірім балаларына қатаң жауапкершілікпен қарауы қажеттігі жөнінде ескертеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, мопед қағып құлатқан қыз травматолог, ЧЛХ мамандарымен қаралып, тексерілген.
- Жарақаттары өңделіп, тігілді. Стационарлық емді қажет етпеуіне байланысты амбулаторлы бақылауға үйіне жіберілді, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ