Атырау облысында тасқын судан зардап шеккен отбасының балалары онлайн форматта білім алады, деп хабарлайды Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы.
Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.АМАНШИЕВА мәлімдеді.
- Бүгіннен бастап Жылыой ауданында қарғын судың шектен тыс тасуы салдарынан баспанасы суға кетіп, өздері эвакуацияланған отбасылардың балаларын қашықтан оқытуды ұйымдастырамыз. Және бұл жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасады, - деді ол.
Онлайн білім алатындардың қатарында Құлсары қаласынан "Теңіз" кен орнындағы вахталық қалашыққа, Атырау қаласына эвакуацияланғандар мен көршілес облыстарға кеткендер де бар.
- Тасқын су кезінде Маңғыстау облысына бет алған ата-аналардың балаларын сол өңірдің білім беру бөлімдері арқылы оқытатын боламыз, - деді С.Аманшиева.