Атырау қаласының орталығындағы Жайық жағалауына бөгет соғу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта облыстық кардиологиялық орталықтың тұсынан бастап Атырау ДСК-ға дейінгі аралықтағы жағалау учаскесі қосымша бес қатар құм толтырылған қапшықтармен көтерілген.
Орталықтағы бөгет соғу жұмыстарына еріктілермен қатар жағалаумен өтіп бара жатқан қала тұрғындары да атсалысуда.
Орталықтағы жағалауды бекіту жұмыстарына NCOC компаниясының мердігер мекемелерінің техникалары тәулік бойы қызмет етіп жатыр.
- Кешеден бастап 2 арнайы техникамен Қарабатандағы АГП холдинг мекемесінен келдік. Бұл жерде техникалар тәулік бойы, жүргізушілер кезектесіп күні-түні жұмыс істеуде. Біздің міндетіміз арнайы техникамен жағадан топырақ жинап, жағалауға көтеріп береміз. Еріктілер біздің соңымыздан жүріп отырып, дайын топырақты қапшыққа қаптап, жағаға қойып келеді. Жұмыстар Әлиев көпіріне дейін және одан әрі жалғаса береді, - дейді мекеменің аталған аумаққа жауапты өкілі Тілепберген КЕНЖЕҒАЛИЕВ.
Дәл осындай бөгет соғу жұмыстары Жайық жағалауының қауіпті деп танылған 105 учаскесінде мемлекеттік органдар мен құрылымдардың өкілдері, жергілікті тұрғындар мен еріктілердің көмегімен тәулік бойы жалғасуда.
Жедел штабтың мәліметінше, бүгінгі таңда қауіпті шағын аудандар – Жұмыскер, Атырау ықшамаудандары және Алмалы, Дамба ауылдары.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор