Геолог поселкесіндегі отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылында «Қуан, сәби!» республикалық акциясы барысында «Саған бақыт сыйлаймыз!» атты асырап алушы және патронаттық тәрбиеге алушы ата-аналарға арналған ашық есік күні өтті.
Жиында Атырау облыстық Балалардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Анар Каюпова қатысушыларды Қабылдаушы ата-аналар мектебінің жұмысымен таныстырып өтті.
-Бала асырап алушы ата-аналарға қамқорлық органы рұқсат берсе ғана, олар баланы өз тәрбиелеріне ала алады, - дейді Анар Каюпова. -Ол үшін алдымен арнайы комиссия олардың тұрмыстық жағдайын, жұмысы мен үй-жайларын, баланың оқитын, демалатын орны бар-жоғын тексереді. Сонымен қатар қонақ отбасы бойынша әке-шешесі ата-аналық құқығынан айрылған балалардың ата-әжелері балаларды арнайы арыз жазып, жазғы демалыс уақытында үйлеріне ала алады.
Сондай-ақ А. Каюпованың айтуынша, дәл бүгінгі күні облысымызда 764 жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар бар екен, соның ішінде: №1 интернатта – 119 бала, отбасылық үлгідегі балалар ауылында – 49 бала, Сәбилер үйінде – 27 бала, Лесхоздағы интернат үйінде – 21 бала (оқи алмайтын, ақыл-ойы кем), патронаттық тәрбиеде – 20 бала, қорғаншылық, қамқоршылықта –522 бала және Махамбет селосындағы көмекші мектеп-интернатта (оқитын) – 6 бала тәрбиеленуде. Биылғы жылы 4 бала патронаттық тәрбиеге берілсе, 2 бала қамқоршылық, қорғаншылыққа алынды, 7 бала өздерінің туған отбасына оралса, 12 бала (сәбилер үйінен) асырап алынды.
Отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВАата-анасы-ның қарауынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру үшін көптеген жұмыстардың жүріп жатқандығын айтып өтті. – Балаға жан жылуын сыйлаймын, тәрбиелегім келеді деп ниет білдірген ата-аналардың көбеюі бізді қуантады. Қазақ - жетімін жылатпаған халық, әкесі мен шешесіне асыққан балаларға шын мәнінде жақсы, мейірімді ата-ана атанып, түн болса көрпесін жауып, ұйықтатып, жақсы адам етіп тәрбиелеймін дегендерге біз әрқашан жылы шырай танытамыз, - дейді директор.
Сонымен қатар, шара барысында балаларды патронаттық және қамқоршылық тәрбиеге алған кейбір ата-аналар Департамент атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Психолог Нелли КУЛИКОВ-СКИХкішкентай балаларды жинап, әйгілі «Шалқан» ертегісін ойнатты. Ойын арқылы балаларды бауырмалдыққа, мейірімді болуға шақырды. Одан соң осы балалар ауылында тәрбиеленіп жатқан ағайынды балаларды ортаға шығарып, әрқайсысымен тілдесіп, олардан арман-мақсаттары мен ойларын бөлісуді сұрады. Көпшіліктің алдында ұялыңқырап, ойларын жеткізе алмағандары да, керісінше болашаққа құрған жоспарларымен таныстырған пысықтары да болды. Дегенмен, барлығының да армандары - жанұясына оралу, жақсы адам болу.
- Баланы тәрбиеге аларда тек ата-ана баланы емес, бала да ата-ананы шын жүрекпен қабылдауы керек. Кейде ата-аналардың «осы баланы мен алам» дейтін кездері болады, біздер сол арада оларға кеңінен түсінік беруге тырысамыз. Алдымен баланың көңіліне қараймыз. Егер бала үміткер ата-анаға барғысы келмей, ықылас танытпаса, онда баланы бермейміз. Бала таңдап алатын зат емес, ол – адам, тұлға, - деп түсіндіріп өтті Н. Куликовских.
Шара соңында директормен бірге балалар ауылының бір топ түлектері шырқаған «Надежда» әні, шынымен де, үміт сыйлағандай болды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА