Палестина шейхы, Иерусалимдегі (Құддыс) әйгілі «әл-Ақса» мешітінің директоры, тарихшы, «әл-Ақса» академиясының ректоры Наджих Д. БКЕРАТ мәмлүк сұлтаны Бейбарыс І туралы шынайы деректі фильм түсірмек. Ол өзінің зерттеу турының барысында Атырауда үш күн болды.
Өздері қастерлейтін сұлтан туралы құжаттарды іздеп жүріп, шейх Сирияның, Мысырдың, Сауд Арабиясының, Қазақ-станның қалаларына аяқ басты. Осы жақтан Испанияға аттанбақ. Бкераттың айтуынша, ол аты аңызға айналған әскери қолбасшы тұлғасына студент кезінен әуес болыпты. Өмір бойы сол туралы зерттеп, екі жыл бұрын осы жобаға шындап кіріскен. Алайда сұлтан біздің тегімізден шыққан деп көптеген елдер мен халықтар сөз таластыруда. Соның ішінде, қазақтар, атап айтқанда Кіші Жүздің Беріш руы бар. Шейх осыдан екі жыл бұрын қажылыққа барған қазақтармен әңгімелеспес бұрын бұл жорамал туралы білмеген еді.
«АЖ» анықтамасы: Әл-Ақса, Масджид әл-Ақса мешіті — Иерусалимдегі Храм тауында орналасқан мешіт. Меккедегі әл-Харам мешіті мен Мединедегі Пайғамбар мешітінен кейінгі Исламдағы үшінші қасиетті орын. Мұнда бір уақытта 5000-ға дейін діндарлар құлшылық ете алады. Оның директоры Наджих Бкерат әл-Ақса алаңын қосқанда ол 500 мың адам қабылдай алады деп растап отыр.
- Ол тарихшы болғандықтан, сұлтанның қазақтан шығуы мүмкін деген жорамалға, әсіресе біздегі беріш руына аса қызығушылық білдірді, - деп әңгімеледі журналистерге философия ғылымдарының кандидаты Амангелді ӘБДІҚАЛЫҚ. Оның қажылық компаниясы шейхтың елге келуін ұйымдастырған, ал оған Атырауды басқа кәсіпкер Арман ҚҰСПАНАЛИЕВ көрсетіпті:
- Өткен жылы Иерусалимге барғанымда шейх Наджих Бкератпен танысқан едім. Қоштасар кезде ол Атырауға жол түссе, қуана баратынын айтты.
Бір жылдан кейін кәсіпкер Бкератты беріштердің отанына шақырды (оның өзі басқа рудан).
- Бейбарыс Сіз үшін қай ру-тайпадан болған еді?
- Түрлі құжаттар оның шыққан жерін Кавказ, Қырым деп атайды. Бірақ қай жерде болмасын сұлтаннан екі елі қалмайтын досы әрі үзеңгілесі Байсарының сөзі арқылы өз хроникасын жазған араб тарихшысы Ибн-Шаддаттан «қыпшақ бердж оглы» деген сөздерді кездестірдім. Осы «бердж» деген сөз жанымды жай таптырмады, енді мұндай рудың бар екеніне көзім жетті.
- Палестинаның тарихы мен мәдениетіндегі Бейбарыстың рөлі қандай? Неліктен палестиналықтар әлі күнге дейін оны қастер тұтады?
- Ол ұлы қолбасшы болатын, бізде оны ұйқыны білмейтін Ислам арыстаны деп атайды. Ол ислам әлемін моңғол-татар шапқыншылығынан да, крестшілер жорығынан да құтқарды. Ол жаралы болатын, қасиетті Палестина жерінде қаны төгілді. Оның үстіне, біздің барлық қалаларымызда ол салған мешіттер, медресе, қамалдар мен көпірлер әлі де тұр, оларда әлі күнге дейін оның арыстан белгісі сақталған. Шам елдерін (Шам – қазіргі Сирия, Иордания, Мысыр, Ливан, Палестина елдері енген тарихи облыс) билеген 17 жыл ішінде оның халықтың әл-ауқатын көтергені сондай, осы жылдарды «алтын ғасыр» деп атайды. Біз оны қалай ұмытайық!?
Атырауда шейхтың әжептәуір атақ-лауазымдарына тағы біреуі қосылды: өлкемізде беріш руына қатысты тақырыпқа жазушы, тарихшы, философ, қоғам қайраткері әрі Бейбарыстың ұрпағы саналған руы беріш Бекет ҚАРАШИН кеңестер беруден басқа, Наджих Бкератқа академик Зейнолла Қабдолов атындағы өңірбелгіні тапсырды. Енді шейх лауреат атағына да ие болды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА