Атырау, 2 қазан 03:11
 дождьВ Атырау +12.2
$ 441.91
€ 499.05
₽ 5.30

Даланы ластаған саңылау

7 157 рет қаралды

ТЖМ Құрманғазы ауданының Сарышағыл-4 учаскесіндегі иесіз ұңғылар маңынан алаңы 600 шаршы метр болатын мұнай дағы табылғандығы туралы хабарлады.

ТЖ бөлімінен хабарлағандай, Құрманғазы ауданының Сарышағыл-4 учаскесі Октябрь кенішімен шектесіп жатыр, Ақтөбе-Астрахан тас жолының 805 шақырымынан оңтүстікке қарай 10-шақырымында орналасқан.  

Ұңғыны тексеріп шыққан Исатай ауданының экология инспекторы Қажығали НАУАНОВТЫҢ айтуынша, оны 80-ші жылдары бұрғылаған екен. Кейіннен оны тоқтатып тастаған. Қазір ұңғы қараусыз қалыпты.

– Ұңғы төңірегіне мазут төгілгені туралы біз өкілетті органға үш жыл бұрын хабарлаған едік. Облыстық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясындағылар бізге Сарышағыл-4 маңындағы ұңғыны өздігінен төгілетін ұңғылар тізіміне енгізетінін хабарлады. Біз осыдан кейін оны жояды деп ойлаған едік, бірақ олай болмады, - дейді Қ. Науанов.

– 2010 жылы жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша облыс аумағында 89 апатты, соның ішінде өздігінен төгілетін ұңғылар болды. Оның 88-і мұнай компанияларының келісімшарттық аумақтарында орналасқан, тек Сарышағыл-4 учаскесінде орналасқан біреуінің баланста ұстаушысы жоқ, - деп хабарлады геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының бастығы Құттығали НАУКИЕВ.  –Мәселен, 2012 жылы «ЕмбіМұнайГаз» ӨФ 71 апатты ұңғыны жойды. 2004-2009 жылдар аралығында облыс бойынша республикалық бюджет есебінен 57 ұңғы: 9-ы – құрлықта, 48-і – Каспий теңізінің су басқан аймағында жойылды. Сарышағыл-4 ұңғысы да мемлекеттік бюджет есебінен жойылуы тиіс.

Құрманғазы даласын әрі қарайғы ластанудан кім құтқарады? Мұнайшылар арасында облыстық прокуратура «Ақберен» бұрқаққа қарсы қызмет филиалына «саңылауды» бітеуге тапсырма берді деген сыбыс таралды.

– Біз сол жерге барып, шынымен де, мұнайдың төгіліп жатқанына көз жеткіздік. Қожайынын іздей бастадық, бірақ таппадық. Бізбен келісімшарт жасайтын ешкім болмағаны ғой. Біз мұндай жағдайда жұмыс істей алмаймыз, - дейді «Ақберен» қызметі директорының міндетін атқарушы Амандық ДАУЫЛБАЕВ.

Ал мұнай бұрынғыша төгіліп жатыр. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

6 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.