Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің одағы ұйымдастырған «Start Up» байқауында 13 бизнес-идея ұсынылды.
- Байқау өз жеке істерін ашқылары келетін және қолдауға мұқтаж жастарға арналған, - дейді Кәсіпкерлер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА.
Жастар ұсынған идеялар әр түрлі болды: ауыз су өндіретін шағын зауыттан қарапайым көлік жуу орнына қарағанда суды аз жұмсайтын экологиялық жуу орындарын ашуға дейін жоспарлар көрсетілді. Байқау комиссиясы бұларды бірнеше параметрлер – ерекшелігіне, коммерциялық тиімділігіне, әлеуметтік-экономикалық мәні бойынша бағалады.
Үшінші орынды және 100 мың теңгелік ақшалай сыйлықты ассенизаторлық көліктердің диспетчерлік қызметін құруды ұсынған Еркебұлан ҒАЛЛАМОВ иеленді.
- Бүгінде қалада жеке үйлер, коттедждер өте көп, сондықтан да канализациялық қалдық суларды сору өзекті мәселеге айналып отыр. Көптеген таныстарымның тәжірибелерінен білетінімдей, «Атырау су арнасының» вакуумды көліктерін ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Жеке көліктерді жалдау да қиын. Менің ұсынатын идеям: диспетчерлер халықтың шақыртуларын қабылдап, вакуумды көліктердің шығу кестесін жасайды да, клиенттерге белгіленген уақытта жібереді. Менімен келісерсіздер, бұл өте ыңғайлы, - дейді Еркебұлан.
Екінші орын және 200 мың теңгелік ақшалай сыйлық тоқыма өндірісі саласындағы идеясы үшін Рустам САЛАХОВҚА бұйырды.
- Атырау облысында тоқыма өндірісі жоқ деуге болады. Мұны тасымалдаудан бастауға болады, мысалы, сүртінетін орамалдар шығаруға арналған матаның үлкен орамасын алып келіп, шағын цехта қажетті көлемде кесуге болады. Нәтижесінде «made in Аtyrau» орамалына қол жеткізетін боламыз, - деп бөлісті өз ойымен Рустам.
Бірінші орын мен 300 мың теңгені байқау комиссиясы кітап кафесі жобасын ұсынған Ануар ЖҰМАБАЙҒА берді. Айта кетсек, бұл бизнес-идея бұдан үш ай бұрын сәтті жүзеге асырылған.
- Алғаш қарағанда, біздің осынау дәуірімізде компьютерлер мен ғаламтор кезінде уақыт өткізудің керемет тәсілі болған – кітап оқуды ығыстырып тастағандай көрінуі мүмкін. Алайда, кітап кафесін ашқаннан бері мен келушілердің аз болғанын көрген жоқпын. Адамдар мұнда келіп, қарапайым кітапты парақтап оқып, сондай-ақ электронды, аудио кітаптарды да қолдана алады. Бізде бәрі бар. Жайлы ауан, хош иісті кофе, тыныштық, сізге кітаппен жеке болуға ешкім кедергі жасамайды, бұдан артық не керек? - деп пайымдайды жеңімпаз. –Ақшалай сыйлықты мен өзімнің кітап кафемді дамытуға жұмсаймын. Мәселен, ыңғайлы орынжай табу керек. Қазір біз қаладағы сауда үйлерінің бірінде орналасқанбыз, бұл келушілеріміз үшін аса ыңғайлы емес.
Байқау соңында Нина Темірбаева жобалар «Атамекен» одағынының«Start Up» өткізу бөліміне жіберілетінін ескертті. Сонымен қатар, байқауға қатысушылар бизнесті ұйымдастыру және жүргізу бойынша мамандардан кеңес алды.
Тамара СУХОМЛИНОВА