Атырау, 11 қазан 07:58
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Қауіпті жаңа вирустар

5 889 просмотра

Атырау облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінде көрші Қытайдағы/H7N9 жаңа құс тұмауы вирусы және Таяу Шығыс елі мен Сауд Арабиясындағы жаңа коронавирус эпидемиясы бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Департамент директоры Өмірзақ ЗИНУЛЛИННІҢ айтуынша,Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) A/H7N9вирусы құс арқылы жұғады деп есептейді. Және бұрын жабайы құстардан жұғады десе, қазір үй құстарынан да жұғуы мүмкін деген қауіп бар.

Ал коронавирус инфекция-сының таралу көзі мүлде белгісіз. Қазір ДДСҰ мамандары бұл вирустарға жан-жақты зерттеу жүргізіп, ұқсас вирустарды да анықтау үстінде. Әзірге A/H7N9 құс тұмауына да, коронавирус инфекциясына да қарсы вакцина әлі ойлап табылған жоқ. 

ДДСҰ-ның мәліметіне сәйкес, 2013 жылдың мамыр айының басынан бастап Сауд Арабиясында коронавирус инфекциясын жұқтырған 22 адам тіркеліп, оның ішінде 9 адам көз жұмған. Сондай-ақ, Таяу Шығыс, Франция, Германия, Иордания, Катар және Ұлыбританияда 1-3 жағдай тіркелген.

Ал Қытайда 2013 жылдың сәуірінен бері 131 адам A/H7N9 құс тұмауын жұқтырып, 36 адам қайтқан. Мұнда адамнан адамға жұғу фактілері әзірге тіркелмеген.

- Қазақстанда құс тұмаулары жағдайлары тіркелген жоқ. Алайда, аумаққа инфекцияның таралу қаупі жоғары. Себебі, Қытайға шығуымыз көп, соның ішінде атыраулықтар емделуге жиі барады, - дейді Өмірзақ Зинуллин. - Қазір облыстың санитар-эпидемиолог мамандары Қытай, Таяу Шығыс елдеріне шығуға шектеу қою керек деп есептейді. Осы мақсатта жергілікті туристік операторлармен де түсіндірме жұмыстары жүргізілді.    

Коронавирус. Ө. Зинуллиннің айтуынша, ол атипиялық пневмония вирусына өте ұқсас. Бұл ауруды тұмау тәріздес ауру деп, «тыныс алу жолдарының жіті ауыр зақымдалуы» деп атаған. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамныңдене қызуы көтеріліп, қатты жөтел қысады және екі өкпесі бірдей зақымдалады. 48 сағат ішінде инфекция адам ағзасындағы тірі клеткаларды өте тез жояды, осының салдарынан иммунитет бұл инфекциямен күресе алмайды, ал емдеу нәтиже бермейді. Өкпе тіндерінің бұзылуы бүйрек функциясының жеткіліксіздігімен қосылып, өлім жағдайына әкеледі.

A/H7N9 құс тұмауы. Бұл ауруда да жөтел қысу мен қызу көтерілуден соң пневмонияға соқтыратын респираторлық ауру белгілері пайда болады.

Респираторлық аурулардың алдын алуға арналған ережелер:

- Бір реттік бетперде пайдалану;

- Қолды жиі жуу. Көз, мұрын, ауызды лас қолдармен ұстамау. Инфекция осы жолдармен таралады.

- Шетелге шығар алдында интернет арқылы баратын елдің эпидемиологиялық ахуалымен танысу.

Айнұр САПАРОВА

6 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.