Атырау, 23 қараша 17:57
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шағын орталық үміттері

8 101 просмотра

1 маусымда «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ «Балам-Ай-Атырау» мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік қолдау шағын орталығын ашты.

Міне, бірнеше жылдан бері бұл ҮЕҰ мүгедектердің, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасылардың проблемаларымен айналысады және осы уақыт ішінде ұйым қоғамда осындай балаларды әлеуметтендіруге жүйелі көзқарастың жоқтығынан туындаған белгілі бір мәселелердің қайталануына тап болып отыр. Басқа өңірлердің тәжірибесін зерделей отырып, ҮЕҰ мүгедек балаларға арналған шағын орталықтардың жұмыстарына қызығушылық танытты. Мұндай орталықтың моделін «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігі бірінші рет өздері әзірлеп, енгізген. Өткен жылдың қарашасында қоғам төрағасы Қамқа ЖАСАНОВА және «Балам-ай» мүмкіндіктері шектелген балаларды әлеуметтік қолдау күндізгі орталығының директоры Әсел ЕСМАҒАМБЕТОВА Атырауға келді. Олар астаналық орталықта балалардың церебралды сал ауруы, Даун ауруы, аутизм, жүйке-сөйлеу дамуының тежелуі сияқты диагноз қойылған 2-ден 10 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтынын айтты. Сондай-ақ, жүйке-неврологиялық патологиясы бар 18 жастан жоғары ересектерге көмек керсетеді екен. Кіші жастағы балалар үшін орталық балабақша сияқты 8-ден 6-ға дейін, аптасына 5 күн жұмыс жасайды. Тамақтану мен ұйқы режимі – қарапайым балабақшаға ұқсас. Сәбилермен психиатр дәрігер, әлеуметтік педагог, логопед, Монтессори жүйесі бойынша жұмыс жасайтын педагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, медбике және тәрбиешілер мен күтушілер ретінде 3 әлеуметтік қызметкер жұмыс жүргізеді (орталыққа үнемі медициналық қадағалау мен көмекті қажет ететін ауыр патологиялары бар, тіпті төсек тартып жатқандары да бар, балалар келеді). Үлкен балалар еңбек терапиясымен, арт-терапиясымен шұғылданады, оларға әртістік шеберлік сабақтарын өткізеді, олармен де психолог және әлеуметтік педагог жұмыс жасайды. Орталықтың қызметі балаларды дамытуға, мінез-құлықтарын түзетуге және әлеуметтендіруге бағытталған. Бүгінде мұнда мүмкіндігі шектеулі 25 сәби мен 20 ересек тәрбиеленіп жатыр.

Атыраулық орталық әзірге бұдан қарапайымдау – Привокзальныйдағы ересектерге арналған оңалту орталығының 3-қатарындағы шағын бөлме балалардың церебралды сал ауруы, Даун синдромы диагноздарымен және басқа да аурулармен ауыратын 10 балаға есептелген. Әр баламен күніне 3-4 сағат жұмыс жасалады. ҮЕҰ қызметкерлері бөлмеге өз күштерімен жөндеу жасады, ал арнайы жабдықтар мен дамытушы ойыншықтарды алуға «Инжпромкомпани» ЖШС мен «Атырау облысының Азаматтық альянсы» көмектесті. Орталықта массаж жасаушы Хрулев жұмыс жасайды. Ол өзі ІІ топ мүгедегі бола тұрса да, қиындықтарға қарамастан, медициналық білім алған және қосымша массаж жасаушы курсын бітірген. Биыл ҮЕҰ қызметкерлері Астанада Монтессори жүйесін зерделеудің 3 деңгейлік курсынан өтуді жоспарлап отыр. Облыста арнайы педогогтар саусақпен санарлық, алайда ҮЕҰ мүгедектер ата-аналарының арнайы білімдерінің жоқтығын ауру балаға көп жыл бойы күтім жасау тәжірибелері жабады деген сенімде.

- Менің немерем Никита көкіректің деформациясы ауруымен дүниеге келді, оның қолдары мен аяқтары әлсіз, саусақтары дамымаған. Дәрігерлер бұл адам болмайды деп, келініме баладан бас тартуды ұсынды. Көп уақыт бой ол су іше алмады, тек 3 жылдан кейін ғана жұтып үйренді, сөйлеген жоқ. Қазір оны сол дәрігерлер көрсе ғой, шіркін! Қазір ол 5 жаста, жүреді, өлең оқып, ән айтады, 15-ке дейін санап та біледі. Өте пысық, қалт етпестен қарап отыруың керек! – деп немересі туралы емірене әңгімеледі Вера ДУХНИЦКАЯ. Ол мұндай нәтижелерге қол жеткізу үшін талай қиындықтарды басынан кешіргендерін де жасырмады. Никитаны квотамен Астанаға бірнеше рет алып барды, сәбиге бірнеше рет ота да жасалды, отбасы сәбидің оңалтудан өтуі үшін барлық мүмкіндіктерді жібермейді, массаж жасаушылар мен логопедтерге кеткен ақша қаншама! «Ең бастысы – үміт үзбеу керек» дейді сенім арқалаған Вера Духницкая. Онымен басқа ата-аналар да келіседі – балаларды емдеу ісінде жеңіске деген сенімділік өте маңызды. Атырауда 2 мыңға жуық мүгедек бала тұрады және медициналық, әлеуметтік бейімдеу туралы ақпараттарға сұраныс өте жоғары.

- Біздің өңірде отбасыларында тұратын мүгедек балаларды әлеуметтендіру үшін барлық жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Сондықтан да Атырауда осындай жобаларға деген қажеттілік өзекті болып тұр. Ал Астанадағыдай шағын орталықтар көп  болса, мәселе бірталай шешілер еді. Осылардың тәжірибелері негізінде біз өз орталығымызды аштық, - дейді «Мүгедек әлемі» ҚБ төрағасы Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА.– Орталықта балалар да, ата-аналар да бір-бірімен әңгімелесіп, тәжірибелерімен алмаса алады – жақсы дәрігерді қайдан табуға болады, қай логопед балалармен тиімді айналысады, қай жерден ортопедиялық аяқ киімді арзанырақ алуға болады деген сұрақтарына жауап табады. Сондай-ақ, өзіңді түсіне білетін адамдармен сөйлескеніңнің өзі неге тұрады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор  

6 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.