Атырау, 25 қараша 22:58
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сырқатқа салғырт қарамайық

2 548 просмотра

Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде 2 сағат ішінде туберкулез түрін анықтау мүмкіндігі пайда болды. Бұрын бұл процедураға 1-1,5 ай уақыт кететін.

Бұл туралы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігерінің орынбасары Дәметкен ТАЙПАНОВА облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының баспасөз конференциясында әңгімелеп берді. Диспансер үшін қымбат тұратын арнайы жабдықтар мен оның реактивтерін Туберкулезбен күрес жөніндегі жаһандық қоры алып берген. Ол жыл бойына емдеу мекемесін аппаратқа арналған реактивтермен қамтамасыз ететін болады.

- Туберкулезге жедел-тест негізгі дәрілік препараттарға, мәселен, рифампицинге резистентті туберкулездің түрлерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл қымбат тұратын әдіс, аппараттың өзі 17 мың доллар тұрады, бірақ өте тиімді, - дейді Дәметкен Тайпанова.

Қазір облыс бойынша есепте 1322 белсенді (емдеу кезеңінде) және 1934 селқос (емдеуден өткен) науқастар бар. Олардың ішінде 55 жасөспірім мен 14 жасқа дейінгі 24 бала бар. Жыл басынан бері 121 жаңа науқастар, соның ішінде 11 жасөспірім мен 5 бала анықталды.

«АЖ» анықтамасы: Жаһандық қор – ВИЧ-инфекция, туберкулез, безгек ауруларының алдын алу және күресу үшін қаржы құралдарын тартуға және бөлуге бағытталған халықаралық мекеме.

Дәрігерлердің растауынша, дұрыс әрі жүйелі емделген кезде 98 пайыз жағдайда ауруды жеңуге болады екен. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, шамамен науқастардың 60 пайызы – халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарының өкілдері, бас бостандығынан айыру орындарынан оралған адамдар, есірткіге тәуелді жандар, маскүнемдер екен. Олар емді үзіп, өздеріне үйреншікті өмір салтын ұстануды жалғастырады. Дәрігерлерге, тіпті, тәртіп сақшыларын шақыртуға тура келетін көрінеді. Бірақ бұл проблеманы шешпейді. Туберкулезге шалдыққан науқастарды тәртіпке шақырмаса, полицейлердің алып кетуге қақылары жоқ. Нәтижесінде ем созылып, кейде кесел созылмалы түрге ұласады. Егер препараттарға сезімтал түріне шалдыққан науқастарды емдеу курсы 6 айды құраса (2 ай қарқынды емдеу және 4 ай қолдау терапиясы), орнықты түріне шалдыққан пациенттер үшін ол 22 айға созылады (10 ай дәрі-дәрмектерді қарқынды қабылдау және бір жыл қолдау терапиясы). Емдеуден өтіп жатқан 1332 пациенттің 809-ы – туберкулездің ашық түрімен ауырады. Егер емге сезімтал түрімен ауыратын пациент жылына 10-15 адамға жұқтырар болса, орнықты және ашық түрімен ауыратындар 100-150 адамға дейін жұқтыруы мүмкін.

- Біз оларды ұстап отыра да, таба да алмаймыз, олар үй жалдап жүретіндіктен, мекен-жайларын жиі өзгертеді. Соттың пациенттерді мәжбүрлі түрде емдеуге міндеттейтін заңды процедурасы уақыт алады, ол кезде сырқат асқынған түріне ұласып кетеді. Ал науқас бұл кезде туыстарына, көршілеріне және т.б. адамдарға жұқтырып үлгереді, -  дейді Д. Тайпанова.

Медициналық жоғарғы оқу орындарының студенттері арасында фтизиатр мамандығы кең танымал емес. Нәтижесінде туберкулездің орнықты түрін дәрі-дәрмекпен емдеу бөлімінде тиесілі 10 дәрігердің орнына тек 2-уі ғана жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта облыста 5 туберкулезге қарсы күрес ауруханасы, 2 аудандық және 1 облыстық тубдиспансер, оған қоса Мақат ауданында созылмалы сырқаты бар науқастарға арналған хоспис бар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.