Атырау, 26 желтоқсан 16:51
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Мазаны алған масалар

6 548 просмотра

Қалаға масаның сансыз қолы басып кірді. Атыраудың онсыз да қуанышы аз жазы – Жайық жағасында серуендеу, жазғы кафелерге отыру және таза ауадағы балалар ойыны қол жетпес дүниеге айналды, себебін айтуға да ұят, осы бір әлсіз жәндікке әліміз келмеді. Біз осы мәлеле бойынша «Атырау облыстық дезинфекциясы» ЖШС бас директорының орынбасары Александр ДУМЛЕРГЕ (суретте) бірнеше сұрақ қойдық.

 

ТОЗАҚ ҮШТІГІ

- Масалардың осындай көптігі Атырауда 10 жылдан бері болмаған сияқты...

- Егер нақтылап айтсақ – 8 жыл. Бізге бұрынғы танысымыз, тек Жайық сағасында тіршілік ететін, ерекше эндемик Aedes Caspius қайтып оралды. 

- Жақыннан қарағанда да маған қазіргі масалар бұрынғылардан сұрықсыздау көрінді: ұсақ, қара және сұсты...

- Ия, сұсты, ашулы, - деп құптады Думлер. – Ұмытпаңыздар, олар табиғи ортадан шыққан ғой, жабайы құстар мен жануарларды шағып, қоректенуге үйренген. Байқаған болсаңыздар, масаның тағы бір жабайы, ірі түрі бар: Culex pipiens. Ал бізге жақсы таныс - Culex modestus түріне келсек, олар суға кеткен қала үйлерінің жертөлелерінде мекен етеді және біз осы сегіз жылда оларды бақылауда ұстап тұрдық.

- Сонымен, жауымызды таныстырдыңыз, енді біз қанымызды шақырылмаған қонақтардың осы үш түрі сорып жатқанын білеміз. Ал енді ең басты сұрақ: оларды кім босатып жіберді?!

- Табиғатпен бетпе-бет келгенде, мұндай сұраққа жауап табу өте қиын. Мен бұл мәселемен 13 жылдан бері айналысып келемін, тәжірибеміз де, әдістеріміз де бар, алайда қазір болып жатқан құбылысқа масаның жақсы таныс биологиясы мен табиғаты тұрғысынан түсінік бере алмаймыз. Бірақ мұндай оқиғалар бұрын болған, мен барлық мұрағаттық энтомологиялық деректерді көтердім. Соңғы 37 жылда мұндай ерекше құбылыстар 1979 жылы және 2005 жылы байқалған екен. Сол кезде масалардың ұшуы 4 айға созылған, қазір де дәл солай қайталанып отыр. Яғни, бұл, біріншіден, масалардың қалада шашылып жатқан инсектицидтердің ерекше көбеюінен, теңіз жағалауында, тіптен, қара бұлттай қаптап тұр. Осындай жағдай Құрманғазы ауданында да орын алған. Мен астрахандық әріптестеріммен хабарласып едім – ол жақта да осылай. Сондай-ақ, Мәскеуде де, бірге оқыған курстастарым хабарлағандай, биыл масаның көбеюі қалыптан тыс болып отыр.

 

ЖЕЛМЕН КЕЛДІ

Екінші себеп – климаттық жағдай. Естеріңізде болса, сәуірде күндіз ыстық болып, түнде салқын болды. Технология бойынша түнгі +10 температурасында өңдеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Біз өңдеуді кестеге сәйкес мамырда бастадық, ТКШ-ның техникалық тапсырмасы бойынша қала шегіндегі жертөлелерді, жағалаулар мен саябақтарды, су қоймалары мен балшықты учаскелерді өңдедік. 12 мамырға дейін қаланы тап-таза қылдық, 9 мамырдағы шараларға қатысқандар мұны растайды. Су қоймаларынан алынған сынақтар дернәсілдердің жоқтығын көрсетті. Алайда осы кезде су келіп, теңізден жел тұрды. 6 күн бойына теңізден жел соғып, қалаға миллиардтаған масаны алып келді. Оған резерваттағы, Алғабастағы өрттерді, даладағы булануларды қосыңыз... Түтін қамыста қонып отырған масаларды жоғары көтеріп, жел қалаға айдайды. Оның өзі де күніне 5 шақырым ұша алады. Содан кейін тағы бір ескі мәселе – ПИК-тердің дайын еместігі. Ресми есеп бойынша қалада кептірілмеген 24 жертөле бар, ал біздің деректер бойынша – 102. Түсініңіздер, коммуналды қызметкерлер үшін 5 см шалшық жеңіспен пара-пар, ал біз үшін – ең үлкен сұмдық. Осындай жертөледегі сулар тез жылиды және бұл кез келген масаның көбеюі үшін керемет жағдай туғызады. Яғни, қағаз жүзінде кептірілген жертөлелер шын мәнінде құрғақ емес, бізге қайталап өңдеуге тура келеді, өйткені ол жерлерге енді жабайы масалар дернәсілдерін салады. Қанаттары шыққанша, үлгеруіміз керек.

 

ҚОРҚЫНЫШСЫЗ ӨСКЕН ҰРПАҚ

- Бұл бір қорқынышты фильм тәрізді ғой. Мен қорқып тұрмын. Сценарий бойынша хэппи-энд бола ма?

- 2005 жылы біз күні-түні жұмыста жүріп, бір айда жеңіп едік. Қазір де жұмыстар тәулік бойы жүруде. Өткен сенбі тыныш өтті - өзім қаланы араладым, ал жексенбіде далада тұру мүмкін болмады: сенбіде тағы да теңізден жел соқты. Бұған дейін өңдеулер нақты жерлер бойынша ғана жүргізілді, алайда биыл жағдай бақылаудан шығып кетіп отыр, әсер ету аймақтарын кеңейтуіміз керек, яғни қала маңын қосуымыз қажет. Жағдайды түзейміз, алайда уақыт керек, сондай-ақ теңізден соққан желдің басылуы да маңызды. Егер жел әсері болмаса, бір-бір жарым айда үлгеруіміз керек.

- Яғни, жылына екінші рет толық өңдеуді жүргізуге бюджеттеріңіз жеткілікті ме?

- Тендерлік талаптарды қаржыландыруда қиындықтар жоқ, барлық қаражаттарды өз уақытында алып отырмыз, алайда жағдай өзгерді. Қала айналасына кедергілік өңдеу жасауымыз керек, яғни, қала сыртына да у шашуымыз қажет, ал бұған ешқашан бюджет салынған жоқ. Олай болмаған жағдайда, бұл жел диірменмен айқасқанмен бірдей.

8 жыл бойы қалада табиғи маса болған жоқ, қазір бұрынғы гурьевтік сұмдықты, осы бір сұсты масаны білмейтін қалалықтардың бір ұрпағы өсті. Бұл біздің компаниямыздың еңбегі деп ойлаймын. Масаны жеңгенімізге бес жыл болғанда әріптестерімізбен бірге тойлап едік. Егер мұны ешкім елемей, ол қалыпты нәрсеге айналса, бұл – жақсы нәтиже. Алайда бұл күн сайынғы жұмыс, бірнеше жылға сәтті өтуін болжап білуге болмайтын жоспарлар жасау. Биылғы табиғат берген сынақ сабақтай. Осы аталған себептермен бірге, бұл құбылыс - табиғаттың адамдарға берген ескертуі екеніне еш күмәнданбаймын, біз оны ашуландырып алған сияқтымыз...

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор       

30 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.