«Ақ Жайық» газетінің редакциясы ойламаған жерден алматылық «RAMS» құрылыс
компаниясы мен мәжіліс депутаты Ерлан САЙЫРОВТЫҢ арасындағы даудың арасында
қалды.
26 ақпанда azh.kz сайтында ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасалып жарияланған «Наглые представители Старого Казахстана из RAMS не возвращают землю студентам – Саиров» деген мақаладан кейін редакция поштасына мынадай мазмұндағы хат келді: «26 ақпанда сіздер «Наглые представители…» деген тақырыппен мақала жариялапсыздар. Осы жарияланымда Сіздер БАҚ ретінде БАҚ туралы заңға сәйкес, «БАҚ туралы» Заңның 2-1 бабына сәйкес, БАҚ қызметінің негізгі қағидаттарын ұстануға және деректердің дұрыстығын тексеруге тиіссіздер. Сіздер біздің компанияға қатысты жалған ақпарат таратып, беделімізге нұқсан келтірдіңіздер.
Сіздер таратқан мәлімет шындыққа сай келмейді, өйткені компания аталмыш жер телімінің меншік иесі емес және аталмыш жер теліміндегі құрылысқа еш қатысы жоқ.
Атымызға және іскерлік беделімізге нұқсан келтіретін шындыққа сай келмейтін ақпаратты тарату арқылы біздің құқықтарымызды бұздыңыздар, сол үшін сіздерді жауапқа тартуға құқығымыз бар.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «РАМС-Қазақстан» ЖШС компаниясына қатысты таратылған және жаманатқа қалдыратын ақпаратты алып тастауды сұраймын.
Бұл талап орындалмаған жағдайда
өз құқығымызды қорғау үшін сот және құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр
боламыз.
Бұл жағдай оң шешімін табады деп үміттенемін.
Сенім білдірілген өкіл Қ.К. Чинтемиров».
RAMS пен Ерлан Сайыров арасындағы кикілжіңнің түптөркінін еске салайық: Мәжіліс депутаты компанияның бенефициарларын Ескі Қазақстанның өкілдері деп атап, компания Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті аумағындағы жерді студенттерге қайтармай отыр деп айыптады.
Сайыровтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланған жазба мынау: «Біз қазір Алматыда Ұлттық аграрлық университетінің қалашығында тұрмыз. Ескі Қазақстан өкілдері осы студенттер қалашығының ішіне әлімжеттік жасап, тоғыз этажды бес үй соқпақшы болған, - дейді Сайыров, жоспарланған құрылыс орнындағы шұңқырды көрсетіп. – Қараңыздаршы, мынау айналаның барлығы студенттік қалашық. Міне, осы қалашықтың ортасын ойып отырып, осындай бассыздыққа барған. Менің ойымша, студенттерге мұндай әлімжеттік жасауға болмайды. Біздің болашағымыз жастар дейтін болсақ, жастарға дұрыс білім алуға және ғылыммен айналысуға жағдай жасау керек. Сондықтан міне, осындай бассыздықты біз жоюымыз керек. Мынау РАМС деген Алматыдағы фирма. Осы фирма қазір балаларымыздың жерін кері қалашыққа қайтармай отыр. Менің ойымша, бұл мәселемен Бас прокуратура айналысуы керек және жерді қайтадан студенттерге, біздің балаларымызға қайтарып беру керек. Бұл мәселемен біз Бас прокуратурамен бірге айналысатын боламыз».
Депутаттың сөзі ҚазТАГ басылымының қызығушылығын тудырып, олар мақала әзірлеген. Агенттіктің мақаласын «Ақ Жайық» газеті де жариялады.
Әрі қарай оқиға қызық жағдайда өрбіді: депутат Сайыровтың сөзіне шамданған «RAMS» компаниясы беделіне кір келтірді деп «Ақ Жайық» басылымын кінәлаудан артық ештеңе таппады.
Ал бұл оқиғаға қатысты Журналистер одағының Атырау филиалы үн қосып, мұны цензура деп бағалады. Заңға сәйкес, ақпараттың дұрыстығы үшін жауапкершілік «Ақ Жайық» емес, тіпті ҚазТАГ та емес, түпкі дереккөз - депутатқа жүктеледі.
Шамасы, мәжіліс депутатынан гөрі, журналистермен текетірескен оңайырақ болған шығар.
Ал, «Ақ Жайық» басылымы «RAMS» талабына былай деп жауап берді: «Сәлеметсіз бе, Қуаныш!
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңды, атап айтқанда, осы Заңның 26-бабының 4-тармағын мұқият зерделеуіңізді сұраймыз. Бұл мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың ресми мәлімдемесі екенін ескерсек, барлық талап-арызыңызды тікелей сол адамға қоя аласыз.
Әрі қарай журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына араласатын болсаңыз, біз де өз құқығымызды қорғау үшін сот және құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр боламыз.
«Ақ Жайық» редакциясы».
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА