Үкіметтік емес ұйымдар сайлаушы мен депутаттар арасындағы әрекеттестіктің жаңа түрлерін ұсынуда. Ең алдымен олар барлық деңгейдегі мәслихаттарға интернет-сайттар ашуға кеңес береді.
АЛАСЫҢ–АЛМАЙМЫН
22 мамырда «Қазақстан» қонақ үйінің конференц-залында жергілікті мәслихат депутаттары мен бірқатар ҮЕҰ өкілдері қатысқан семинар өтті. «Адам құқығы: ақпарат, коммуникация, басқару» жобасының тренер-кеңесшісі қызметін «Десента» ҚҚ-ның директоры Сергей ГУЛЯЕВ (суретте) атқарды. Оның мәслихат жұмысы мен сайлаушылармен қарым-қатынас жасауда үлкен тәжірибесі бар – ол Павлодар қалалық мәслихатының 4-шақырылымында депутат болған. Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздің 16,5 млн тұрғындарының 9,5 миллионы Интернетке шыға алады. Ең белсенді қолданушылар - 12-ден 54 жас аралығындағы азаматтарымыз. Биліктің атқарушы органдарының интернет-сайттары болуы міндетті, ал мәслихаттарға мұндай талаптар қойылмайды, сондықтан да олардың көпшілігінің интернет-ресурстары жоқ. Сонымен қатар, сайлаушылардың көпшілігі үйлерінде болмаса да, жұмыстарында ғаламторға шыға алады және олар өздерінің проблемаларымен депутат алдына тікелей барғаннан, интернет арқылы хат жолдағанды қалайды.
- Біз қоғамдық бірлестік ретінде қалалық мәслихаттың сайтын жасауға бюджеттен тыс қаражаттарды тарту мүмкіндігіне ие болдық. Біз мұны жасадық және оны қайтарымсыз мемлекет балансына тапсыр-дық. Сайттан депутат туралы қысқаша анықтама, оның мекенжайы мен телефонын, сайлаушыларды қабылдау кестесін алуға болады. Сондай-ақ, сұрақ қоюға және оған қанша сайлаушы сұрақ қойды, қаншасына жауап бергені жөнінде статистиканы да қарауға болады, - дейді Сергей Гуляев. Сайт жасаушылардың айтуынша, барлық көшелер мен тұйық көшелер енгізілген сайлау округтерінің картасын әзірлеу өте қиын болды. Алайда қазір осы тәжірибе елдегі көптеген мәслихаттар сайттарында қолданылады. Бұл идеяны қызметтері мемлекет істерін басқаруда азаматтардың белсенділігін арттыруға бағытталған «ЭХО» қоғамдық бірлестігі жалғастырып алып кетті. «ЭХО» елдегі барлық деңгейдегі, тіпті, алыс аудандар мәслихаттарын біріктіретін бірыңғай портал жасау жобасын әзірледі.
Депутаттардың өзі мұндай идеяға сақтықпен қарайды: біреулері ыңғайсыз сұрақ қойыла ма деп қорықса, біреулері жай ғана интернетті, әлеуметтік желілерді қолдана алмайды, кейбірінің жеке электронды пошталары да жоқ. Мысалы, Павлодарда сайт әзірленіп жатқанда, жеке кабинеттерін жасауға 25 депутаттың тек 11-і ғана келісім берген. Қалғандары әріптестеріне тек сайтты мәслихат аппаратының балансына аударылып, ресми ресурсқа айналғанда ғана қосылды.
СЕССИЯ АЛДЫНДАҒЫ ТҮН
Облыстық мәслихаттың депутаты және «АЖЭО» АҚ-ның президенті Мұхамбетқали ҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, бүкіл ел үшін бірыңғай портал жасағанда тек сайлаушы мен депутат арасындағы ғана емес, сол сияқты депутат пен атқарушы билік арасындағы тиімді байланысқа мониторинг жасауды да қарастыру керек.
- Біздің депутаттық сұраныстарымызға билік әрдайым жауап қайтара бермейді, - дейді Қалиев.
- Бізде де осындай мәселелер бар. Әсіресе Ішкі істер департаменті жабық, олар менің бірде-бір сұранысыма жауап берген жоқ, - деп өз депутаттық тәжірибесімен бөлісті Сергей Гуляев. – Менің сұраныстарымды ТКШ ұйымдары да жауапсыз қалдырып отырды. Алайда мен бұл мәселелерді түрлі жиналыстарда, партия бақылауларында үнемі көтеріп отырдым, прокуратураға да жаздым. Әсер ету тетіктері бар, тек соны қолдана білуіміз керек. Жеке коммуналдық кәсіпорындармен байланысу өте қиын – оларға мемлекеттік органдарға қойылатын талаптар әрекет етпейді.
Депутаттардың жұмысы туралы өз пікірін «Глобус» ҮЕҰ-ның өкілі Галина ЧЕРНОВА да білдірді:
- Халық сіздерге жүгінуге асықпайды, өйткені сіздер ештеңе шеше алмайсыздар. Сіздер бюджетті қалыптастырып, онда қандай баптар бар екенін, тұрғын халық үшін қандай артықшылықтар жасалғанын толық түсініп, бекітулеріңіз керек. Алайда осы ең басты қызметтеріңіз де формальдылыққа айналған. Сессиялар жоспарланған кесте бойынша өтсе де, барлық құжаттар отырыс алдында ғана дайындалады және бұл құжаттарды зерделеуге, түсінуге, тіпті жай ғана ақпараттармен танысып білуге еш мүмкіндіктері жоқ екені жөнінде депутаттардың өздері маған талай айтқан.
ЕКІ ЖЫЛДА ҮШ САТЫ
- Қалалық және облыстық мәслихаттар депутаттарында жалақы мен көмекші штаты жоқ, сондықтан да сайлаушылармен сайт арқылы байланыс жасау өте қолайлы. Кейбір депутаттар бізге сайт жасауға қаражат бөлмейді деп әңгіме айтады. Бюджетті бекітетін өздері емес пе? Осы пунктті бюджетке енгізіңіздер, интернет-ресурстарды әзірлеуге орасан үлкен қаржы керек емес, - дейді Сергей Гуляев.
Семинарды ұйымдасты-рушылар сайлаушылар мен депутаттар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа нысандарын іздеу өте өзекті бағыт деп есептейді, өйткені әңгіме жергілікті өзін-өзі басқару, сайлаушылардың қатысуымен маңызды шешімдер қабылдау, олардың бюджет туралы ақпараттарға қолжетімдігі және т.б. жөнінде болып отыр. Өткен жылдың қарашасында елдегі жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бекітілді. Ол қоғам мен биліктің өзара әрекеттесуінің көптеген нысандарын қарастырады, алайда тәжірибеде қолданылып жүрген әдістер мен рәсімдер, шын мәнінде, өте аз. Мұқият дайындықты талап ететін қоғамдық тыңдаулардан біздің депутаттар от көргендей қорқады. Кейбір қалаларда – мәселен, Өскеменде, Петропавловскіде, Шымкентте – жергілікті өзін-өзі басқару ошақтары: қоғамдық сенім, қоғамдық бақылау комитеттері жұмыс жасайды. Олардың қолдарында жергілікті мәслихаттармен әріптестік туралы меморандумдар бар. Алайда мұндай тәжірибе елімізде кең тарамаған. Негізінен адамдар қайда барып жүгінетіндерін білмейді. Жаңа жоба мәслихат-тармен, солар арқылы атқарушы билікпен байланысты жақсартуға арналған.
Жоба үш сатыдан тұрады. Біріншісі – барлық деңгейдегі мәслихаттар туралы ақпарттарды: қала гербі, округтер картасы, депутаттар туралы ақпараттар, телефон номерлері, мекенжайлары, қабылдау кестелері, сайт мекенжайлары (егер бар болса) туралы деректерді, сайлауалды науқан және кезектен тыс сайлаулар және т.б. туралы ақпараттарды жинау. Екінші блок – барлық өңірлерде депутаттар мен сайлаушылардың қатысуымен тренингтер өткізу. Үшінші саты – елімізге ортақ бірыңғай кең көлемді интернет-ресурс жасау. Жоба 2 жылға есептелген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА