Осы жылы су тасқынының салдарын жоюға 17 тонна жанар-жағар май, 48,5 тонна инертті материалдар (ПГС, топырақ және т.б.) және 25 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр, 5 мыңнан астам төсек жабдықтары әзірленді.
Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайының алдын алу үшін 1153 адам дайын болса, 303 бірлік техника, 16 бірлік жүзу құралы және 107 бірлік мотопомпа дайындалып, қалыпқа келтірілген.
Дегенмен, бүгінде брифингте атап өтілгендей, Атырау облысының аумағында тұрақты су тасқыны ахуалы байқалуда.
«Су басудың алдын алу және облыс аумағында су тасқынынан болатын ықтимал залалды азайту мақсатында департаментпен «Атырау облысы аумағында 2024 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық, оны өткізу және ықтимал залалды азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары» әзірленіп, облыс әкімімен бекітілген болатын. Сол бекітілген жоспар бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп отыратын болады, - деді ТЖД бастығының орынбасары подполковник Руслан ШАРИЕВ. - Облыс аумағында көктем мезгіліндегі су тасқынының көлемі негізінен Жайық, Ойыл, Қиғаш, Жем және Сағыз өзендерінің жоғарғы бассейндеріндегі күзгі топырақтың ылғалдылығына, қардың және ылғалдың қорына байланысты болады. Бұған қоса, Ресей Федерациясының Оренбург облысындағы Ирикла су қоймасынан мөлшерден тыс артық суды жіберуі және Жайық өзеніне құятын басқа да өзендердің мол суы өзен бойындағы елді мекендерге су басу қауіпін тудырады. Сонымен бірге Ресей Федерациясының Волгоград облысындағы Волгоград су қоймасының мөлшерден тыс артық суды жіберуі Құрманғазы ауданындағы Қиғаш, Шора өзен салалары бойында су тасқыны қаупін туғызады.
Айтпақшы, биыл көктемгі су тасқынын жою үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд 374 млн теңге қарастырылған. Аталған суммадан төтенше жағдай резервіне – 1 млрд 358 млн теңге бөлінсе, шұғыл шығындарға – 1 млрд 16 млн теңге қаралып отыр.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА