Атырау, 25 қараша 21:23
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Қарындасымның кеудесінде жаны бар екен, інім өліп кетіпті»

4 130 просмотра

Сталиндік-голощекиндік саяси жүйе 30-жылдардың басындақазақ халқын қызыл қырғынға ұшыратты.

НЕВАДОВСКАЯНЫҢ КӨРГЕНІ

«1933 жылдың ерте көктемі. Мен мамандардың бірімен келе жатқанмын. Қолымда фотоаппаратым болған. Жолда әлі құрып, азып-тозған қазақ отырды. Ол егістік жұмысынан әрең дегенде сүйретіліп келе жатқан бойы екен. Қажып біткен, сарнап отырып, тамақ та, су да сұрады. Мен өзімнің жолсерігіме фотоаппаратымды ұстай тұруға беріп, су әкелуге асықтым. Қазақ қомағайлана сімірді. Жанымдағы жолдасымның мені қашан суретке түсіріп алғанын байқамадым. Мен ашыққан жанға нан тілімі мен қант әкелу үшін үйге қайта асықтым. Қолымдағы наныммен бірге қасына жақындасам, ол өліп кетіпті».

Бұл 30-жылдары әкесімен бірге Қазақстанға жер аударылған Татьяна НЕВАДОВСКАЯНЫҢ күнделігінен алынған үзінді. Ол ашаршылық нәубетін өз көзімен көрген және фотосуретке түсірген. Кейін есейген шағында 80-жылдары күнделігін және 23 фотосурет жапсырылған альбомды Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағатына тапсырған. 

 

БАЙСЕЙІТОВТЫҢ КӨРГЕНІ

Атыраулық Жолдас БАЙСЕЙІТОВТЫҢ күнделігінен:

«Ауылда ашаршылық, тамақ жоқ, бұл 1931-1932 жылдар еді, сондықтан әрі қарай оқи алмадым (6 класс қана оқыған). Елдің көпшілігі Мақат, Доссор, Жайық бойына қарай қаңғып кетті. Әкем өлсе де, шешем бар, ішер асымыз болғандықтан, екі інім, бір қарындасымды ертіп, бесеуміз жаяу Жайық бойына кеттік. Жолда бір інім және қарындасым аштықтан әлсіреп жүре алмады, оларды бір моланың қасына тастап кеттік. Шешем інім екеумізді біресе арқалап, біресе жетелеп, бізді нағашым Мысағалиға жеткізді. Нағашым екеуміз арбамен інім мен қарындасым қалған жерге келдік. Келсек, қарындасымның кеудесінде жаны бар екен, інім өліп кетіпті. Оны шұңқыр қазып көмдік. Мысағали нағашымыздың арқасында шешем, қалған бір інім, қарындасым төртеуміз аштықтың зардабынан өлмей, аман қалдық».

Әрі қарай ардагер 1933 жылдың ақпан айында Таңдай селосындағы «Гурьев» қой совхозына жұмысқа орналасқанын еске алады: «№8 санды қой совхозы облыста ең алғашқылардың бірі болып құрылған екен. 16 жастамын, әуелі егіс бригадирі болдым. Қарауымда 30 қыз-келіншек болды. Ашаршылық жылдары елде безгек ауруы көп болатын. Мен безгек болып қатты ауырдым. «Мына, байғұс бала өліп қалады-ау, мұны бір нәрсемен қорқытайық, мүмкін тәуір болар» деген әйелдердің сыбырын естіп жаттым. Жұмысты тастап үйге кетуге болмайды. Сөйтіп, олар қатты қызулап, безілдеп жатқан менің қойныма, байқатпай жылан салып жіберіпті. Мұздай, суық жыланнан шошыған мен сол безгектен айықтым».

 

ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫН

Ғалымдардың зерттеуі бойынша 1932-33 жылдар   ашаршылықтың екінші кезеңі болып саналады.

Президент Мұрағатының директоры Владимир ШЕПЕЛЬ былтыр жарық көрген мақаласында: «Ұлы ашаршылық 20-жылдардың басында да болып өткен, аштан өлгендердің саны 2,3 миллион адамға жетті, ал тұрғындар саны 1920-1922 жылдар аралығында миллион адамға азайды» деп жазады. Әрі қарай: «Мемлекеттің тұрғындарға жүргізген қуғындау саясаты қарсыластық және толқуларды туындатты. 1929-1931 жылдардың өзінде Қазақстанда 80 мыңнан астам адам қатысқан 372 көтеріліс орын алды. Адамдар туған жерлерін тастап кетіп жатты. Бір жылдың өзінде ғана (1930 жылдың басынан 1931 жылдың ортасына дейін) республика аумағынан 280 мыңнан астам шаруа қожалықтары, негізінен, Қытайға, Иранға және Ауғанстанға қарай ауып кетті. Ашаршылық жылдары 1 млн 130 мыңнан астам адам ауа көшіп кетті, олардың 450 мыңы ғана Қазақстанға қайта оралды», дейді В. Шепель.

ҰҚК мұрағатынан табылған ресми деректер бойынша жазушы Мұхтар ӘУЕЗОВ бірнеше жиында елімізде ұлы ашаршылық кезінде 1921-1922 жылдары 1 млн 700 мың қазақ, ал 1932-1933 жылдары 2 млн 300 мың қазақ аштан өлген деп айтқан. Тоталитарлық жүйенің қолымен жасалған бұл екі ашаршылық кезінде жалпы саны - 4 млн қазақ қырылған. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

30 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.