Атырау, 26 желтоқсан 21:03
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Хрущев жүйесінің тұтқыны

3 020 просмотра

Өз өмірі, көрген қиындықтары туралы көп ешкімге айтқысы келмейтін Николай Николаевич Славовты (суретте) әңгімеге тартуға маған оның жұбайы Людмила Петровна көндірген болатын. Келісілген уақытта мен олардың бөлмесіне бардым. Бар тәттісін жайнатып қойған жандар мені өте жылы қабылдады. Кітаптар, газет қиындыларын да үстел үстіне қойыпты - өзі туралы жазылған мақалалар, суреттер, ақпараттар.

 

САТҚЫНДАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ

Николай Николаевич Одессаның тумасы, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде жас жігіт елін қорғауға аттанады. Соғыстың алғашқы күндерінен майдан шебінде болған әскер жігіт Полтава түбіндегі шайқаста қатты жараланып, басынан зақым алады. Демобилизациядан соң 1943 жылы Гурьевке жіберіліп, «Ембімұнайгаздың» «Казнефтестрой» трестіне жұмысқа орналасады. Бұл мекемеде электрик қызметін атқара жүріп, қаладағы АМӨЗ-дің, Жилгородоктың, нан, сүт, химия зауытының, ет комбинатының құрылыстарына белсене араласады. Еңбекқорлығының арқасында электротехникалық бөлімді басқарып, қол астындағы 25 адамға жетекшілік етті.

- 1956 жылы өткен СОКП-ның ХХ съезінен кейін барлық партиялық мекемелерде Хрущевтің Сталин билік басында отырған кездегі сөз бостандығы, дін, ол ұйымдастырған жазықсыздарды репрессиялау, жалпы Сталиннің жеке басына табынуды мұқату туралы дайындалған баядамасы таныстырылды. Мен партия қатарында болмағанмен, бөлім жетекшісі ретінде шақыртылған  болатынмын. Көпшілік секілді мені де Хрущевтің бұл баяндамасы қатты таңғалдырды. Сол баяндаманың әсерімен қоғамдағы ақиқатқа басқаша көзқараспен қарай бастадым. Соның ішінде Кеңес үкіметінің 1956 жылы Венгрия жеріне әскер жіберіп, қарулы қақтығыстар ұйымдастырғандарына, әскерлердің қаза тауып, қырылып жатқандарына  өз қарсылығымды білдірдім. Және өз пікірімді жұмыстастарымның, таныстарымның арасында да айтып жүрдім. Бір күні жұмыстан үйге келгенде үкіметтің мені нысанаға алғанын түсіндім. Үйімнің бәрін астан-кестеңін шығарды, кереуеттердің астарын, шкафтардың ішін ақтарып қарады, әдебиеттерді тексерді, бірақ ештеңе таба алмады. Бірақ 1957 жылы 17 шілдеде мені тұтқындады,- деп әңгімесін жалғастырған Николай Николевичқа қарадым. Ол бір нүктеге қадалған күйі басынан кешкен қасірет туралы айтып отыр. Көзіне жас тола бастады. Осының бәрін есіне түсіру, әрине, өте қиын екені түсінікті.

- Мені Гурьев түрмесінің бірінші қабатындағы №11 камераға қамады. Бірінші күні  екі қолымның саусақ іздерін түсірді, шашымды түгел сыпырып тастады, екі түрлі  фотосуретке түсірді. Саяси тұтқын ретінде мені жалғызкісілік камераға қамады. Камера ішінде тек ескі металл кереует, кішкентай үстел және орындық болды. Басқа ештеңе жоқ. Халық жауы болып есептелгендіктен, менімен ешкімді сөйлестірмеді, маған ешкімді көрсетпеді. Күндіз камера ішінде тіпті кереуетке қисайып жатуға болмайтын, тек отыру керек. Есіктегі жалғыз көзден әрбір жарты сағат сайын қарауыл тексеріп тұрады.

 

КАМЕРАДАҒЫ ЖАРТЫ ЖЫЛ

Осылайша Николай Николаевич мұздай суық камерада жарты жылдай уақыт отырды. Ол тексерушілерден басқа ешкімді көрмеді, ешкіммен тілдеспеді. Сталиндік кезеңдегі әдістер әлі өзгермеген: жауап алуға көбіне түнгі мезгілде шақырады. Камерадан шығарып, прокуратураға тексерушіге алып бара жатқанда оны ешкімге көрсетпеу мақсатымен өзге қарауылдарға, тұтқындарға қабырғаға қарап тұру бұйрығы берілетін. Жауап алынады.

- Сөйлейміз бе?

- Иә.

- Сіз сол сөздерді айттыңыз ба?

- Иә.

- Не үшін?

- Себебі, менің жеке пікірім.

Басқа уақытта тексерушілер оны ұйықтатпауға тырысып бағатын.

- Мен Гурьев облыстық сотының шешімімен РКФСР (РСФСР) ҚК 58 бабының 10-бөлімімен («Кеңес Үкіметі билігінің әлсіреуіне немесе құлауына әкеліп соғатын үгіт-насихат») түзету еңбек лагеріне 10 жылға сотталған деген қорытындыға қол қойдым.

Бұл уақытта Николай Николевич әйелін де жауап алуға шақырғанын, әрине, білген жоқ. Химия институтында жұмысшы, коммунистік партия мүшесі әрі сегіз ай жүктілік мерзімінде жүрген әйелін тексерушілер шақырып алып, «сен өз қолыңмен күйеуіңнен баспасөз арқылы бас тартасың, себебі ол халық жауы немесе ертең партиялық билетіңді алып кел, үйіңе барып, асықпай ойлан. Әрі сенің күйеуің жарты жыл жалғыз отырып, есінен ауысып кетті» деп қорқытады. Ал әйелі «одан да өлгенім артық шығар» деп, өзі қызмет ететін изотоптар бөліміне барып, бір химиялық қоспаны іше салады...

- Ұл екен... Кейін оны жерлепті... Бұл туралы әйелім маған түрмеге жазған хатында айтты,- деп атай көзіне жас алды. Кейінгі уақытта да әйеліне тыным бермеген соң, ол өзінің ата-анасына кетіп қалуға мәжбүр болады.

 

БАҒАЛЫ ЗЭК

- Бізді этапқа жіберетін уақыт келді.  Вокзалға келіп, арнайы вагонға тиелдік. Вагон іші де тормен 4 бөлікке бөлінген екен,  мені өзгелерден оқшау бұрышқа  орналастырды. Себеп – мен халық жауымын. Ешкімді көрмедім, бәрі жабық болатын. Жол бойында біздерге тек «селедка» берді және әдейі шөлдеп өлсін деген мақ-сатпен суды өте аз мөлшерде ұсынды.

Николай Николаевич Иркутск облысындағы лагерьге тап болады. Сотталғандар Братск ГЭС-ін салуға араласты. Саяси тұтқындарды ең ауыр жұмыстарға жегетін. Алғашында ол орманда жұмыс істеді.

Жақсы тәртібі мен біліктілігінің арқасында бірнеше айдан соң тұтқын Николай Николаевич даладағы жұмыстардан цех ішіне ауыстырылады. Цех ішіндегі электр желілерінің сапасыз жасалғанын байқаған ол оның бәрін жөндеп, қауіпсіз етіп қайта жүргізуге өзі ұсыныс білдіреді. Және керек материалдар жеткізілген соң осының бәрін жүзеге асырады. Осылайша цехта 2 жылдай жұмыс жасайды, содан кейін поселкеге қоныстануға рұқсат етіледі. Сол жерде жүріп Николай Николаевич электр маман ретінде жобалау жұмыстарына араласып, кәсіпорынды электрлен-діру барысында көп еңбек сіңіреді, шағын станция жобасын жасақтап, ұзындығы 17 метр болатын электр қалқанының жобасын да құрастырады. Ескі дизельді 3 шағын станса осы желіге қосылады. 

- Иркутск жеріне барған бойда  Н.С.Хрущевке менің ісімді қайта қарауын сұрап, өтініш хат жазған болатынмын. Содан 3 жылдан кейін менің босатылғандығымды хабарлады. Бірақ мені толық ақтамады. Мен тек 1995 жылы ғана ақталдым. Сол кәсіпорын директоры менің кеткенімді қаламады, құжаттарым дайын емес деді, уақытша паспорт берді, әйтеуір сылтау табуға тырысатын.

Осы кезде ол КСРО Бас прокуроры Роман Андреев Руденкоға тағы хат жолдауға мәжбүр болды. Содан кейін ғана Славов бостандыққа шықты.

Гурьевке Николай Николевич 1961 жылы оралды. «Каззапсельпроект» мекемесіне жұмысқа орналасады. Электротехникалық бөлімнің жетекшісі қызметін атқара жүріп, 1981 жылы зейнеткерлікке шықты.

Қазіргі жұбайы Людмила Петровнаны 1967 жылы кездестірді. Міне, 46 жыл бойына олар жұптарын жазбастан өмір сүріп келеді.

Олар келешек ұрпақ осындай қасіреттің болғанын ұмытпаса екен деп тілейді. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

30 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.