Атырау, 23 қараша 01:55
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

АМӨЗ: жанжал хроникасы

926 просмотра
Бейнежазбадан алынған скрин

19 ақпанда «AМӨЗ» ЖШС зауытында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий МАКЕЕВ бастаған комиссия өкілдері, жергілікті депутаттар және блогерлердің қатысуымен жиын өтті.

Блогерлік жаңалықтар

Комиссияның Атырауға зауыт қызметін өндірістік, қаржылық және құқықтық тұрғыдан тексеру мақсатымен келгені белгілі. Жиынға ресми БАҚ шақырылмады, дегенмен болып жатқан жайтқа көбіне субъективті баға беретін жергілікті блогерлер жиынға қатысқан. Қазіргі кезде зауыттың экс-бас директоры Ғалымжан ЖУСАНБАЕВ мұны «ҚазМұнайГаз» бас компаниясының басшылығы БАҚ-қа өз ұстанымын білдіруге тыйым салғанын, блогерлер оған жатпайтындықтан, соларды шақырғанымен түсіндірді.

Ал «АМӨЗ» ЖШС-нен ресми ақпарат алу мүмкін болмады. АМӨЗ баспасөз қызметі «АЖ» редакциясының сауалдарына комиссия шешімінен кейін ғана ақпарат берілетінін айтты. Алайда, комиссия төрағасы Д.Макеев тікелей зауыт жұмысына қатысты қуана жауап берді: «18 ақпандағы орташа тәуліктік өндіріс көлемі автобензин бойынша 3,5 мың тоннаны, дизель отыны бойынша 2,5 мың тоннаны құрады. Дизельдік отынды гидротазалау қондырғысының технологиялық режимге енуіне байланысты қазір күнделікті өндіріс қалпына келтірілді. ҚМГ тарапынан барлық қажетті шаралар алынуда. Комиссия жұмысын жалғастырып жатыр».

Бұл ретте бәрі зауыт жаңалықтарын блогерлердің парақшалары арқылы білді. Сол жерден АМӨЗ мәжіліс залынан бейнежазба таралды. Онда Ғ.Жусанбаев экспортқа мұнай өнімінің жаңа түрін (жартылай фабрикат) – параксилолдың орнына «ауыр реформатты» (АИ-92, АИ-95 тауарлық бензинінің құрамдас бөлігі) төлқұжаттағысы келетінін хабарлады. Сондай-ақ ол Ақжайық станциясына мұнай өнімдерін жөнелтуге арналған ескі теміржол жұмысын қалпына келтіру жөнінде айтты.

АМӨЗ-дегі жанжал туралы

Өздеріңіз білесіздер, осыдан үш күн бұрын, 16 ақпанда интернетте АМӨЗ бас директоры Ғ.Жусанбаевқа қатысты жағымсыз материалдар жарияланған болатын. Пабликтерде таралған хатта бас директор бірнеше рет сотты болған, зауыт жұмысшыларының жалақысы қорынан 14 кеңесшіні жоғары жалақыға жұмысқа алған, білікті қызметкерлерді жұмыстан шығарған, есірткі/алкоголь пайдаланған және т.б. деп айыпталған.

Petrocouncil.kz телеграм-чатында сондай-ақ АМӨЗ бас инженері Әділет ШОШАНБАСОВТЫҢ Президентке, Энергетика министріне және ҚМГ басшылығына үндеу хаты жарияланды. Мұнда Шошанбасов корпоративтік қауіпсіздік бөлімінің басшысы А.Касымовтың қолы қойылған мазут жеткізу кестесі бұзылғаны туралы ақпаратты хабарлаған. Хатта зауытта қалыптасқан алаңдатарлық жағдай және оның басшылығының болашақта қаржылық ұрлық жасайтынына қауіптенетіні сипатталған.

Әлеуметтік желіде АМӨЗ бас директоры Жусанбаев пен Шошанбасовтың арасындағы жанжал ақпараттық шайқасқа ұласты.

Жусанбаев зауыт жұмысшыларына бейнеүндеу түсіріп, бірқатар қызметкерлердің зауыт жұмысын тоқтату ниеті бар екенін, сондай-ақ ылаң салушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Бұған жауап ретінде әлеуметтік желіде 436 адам қол қойған АМӨЗ жұмысшыларының бас директорды қызметінен босатуды сұраған петициясы пайда болды.

Петициямен қатар бас директор Жусанбаевтың президент Тоқаевқа видеоүндеуі жарияланды. Онда ол бас директор қызметіне кіріскен сәттен бастап зауыт қызметіне бірқатар жаңалықтар енгізуге бастамашы болғанын айтты. Оның айтуынша, зауыт қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде заңбұзушылық фактілері анықталып, кәсіпорында бұл фактілердің анықталуы негізсіз үстеме пайда алуға мүдделі лауазымды тұлғалар мен басқа да коммерциялық құрылымдардың наразылығын тудырған: «2020 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде үлестес компаниялар тобынан тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын жоғарылатылған бағамен сатып алған. Бұл сатып алулар көптеген заң бұзушылықтармен жүзеге асырылған.

Кокс пен түйіршіктелген күкіртті нормативтен тыс сақтау тұрғысынан экологиялық заңнама бұзушылықтар бар».

Одан әрі ол Тәжікстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсету аясында 15 мың тонна мазут жеткізу кестесінің бұзылуы салдарынан орын алған төтенше жағдайды атап, бұл жағдайға мазут құбырының қатып қалуы, жетекшілік ететін бас директордың орынбасарлары мен жауапты ИТҚ (инженерлік-техникалық қызметкерлер) тарапынан жұмысты ұйымдастыру және бақылаудың болмауы себеп болғанын атайды.

«2024 жылдың 15 ақпанында мұнай өңдейтін және мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіретін негізгі технологиялық қондырғыларында айналым компрессоры тоқтады.

Алдын ала тергеп-тексеру барысында жабдықты жоспарлы жөндеусіз жол берілмейтін жағдайда көп жыл пайдалану фактісі анықталды. Сонымен қатар, үлестес компаниялар тобына кіретін жеткізушімен ұзақ мерзімді техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүргізу туралы келісім жасалған», - деді Жусанбаев.

Сол жиында тағы бір қызық оқиға болды: Жусанбаев пен Шошанбасов қол алысады. Бұл пайдасыз әрекет татуласу белгісі ретінде болды ма, әлде басқа себептермен болды ма, белгісіз. Алайда, блогерлердің бірінің бұдан былай ішкі алауыздықты сыртқа жаймау жөніндегі өтінішінен соң қол алысады.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

Атырау мұнай өңдеу зауыты – еліміздің стратегиялық нысаны және Қазақстандағы жетекші үш мұнай өңдеу зауытының бірі.

Мұнай өңдеу зауытының иесі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (99%).

Жобалық өңдеу қуаты жылына 5,5 млн тонна, өңдеу тереңдігі 86,4%-ға дейін. 

Кәсіпорын тауарлық мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрін (таңбалауды қоса алғанда) шығарады: көмірсутекті газдар, сұйытылған газдар, отын газдары; К-4 және К-5 экологиялық класындағы автомобиль және дизель отындары, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, вакуумдық газойль, пеш отыны, мазут, теңіз отыны, мұнай кокстары, техникалық күкірт және т.б. Бүгінгі таңда зауыт мұнай-химия өнімдері - бензол мен параксилол өндіретін Қазақстандағы жалғыз өндіруші.

Өткен жылдың соңында АМӨЗ жалпы сомасы 154,7 млрд теңге (оның ішінде Атырау қаласының бюджетіне 131,9 млрд теңге) салық төледі. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге артық. Атырау қаласы бюджетінің 1/3 бөлігі «AМӨЗ» ЖШС төлемдерінен тұрады. Осылайша, өткен жылы АМӨЗ Атырау облысы бюджеті бойынша салық төлеушілер үздігінде көш бастаса, ТШО екінші орынға жайғасты.

Екеуі де жұмыстан босатылды

19 ақпан күні кешке ҚМГ басшылығы АМӨЗ бас директоры мен бас инженерін жұмыстан босату туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

«“ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ комиссиясы жұмысының нәтижесі бойынша АМӨЗ бас директоры Ғ.Жусанбаев және бас директордың орынбасары – бас инженер А.Шошанбасовты қызметтерінен босату туралы шешім қабылданды.

Бас директордың міндетін атқару әрі қарай шешім қабылданғанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары – техникалық директор Олег Александрович ЛЫЗЛОВҚА жүктеледі.

Зауыт мұнай өнімдерін өндіруді және жөнелтуді штаттық режимде жалғастырып жатыр, - деп атап өтті ҚМГ».

Еске салсақ, Жусанбаев бас директор лауазымына 2024 жылдың 10 қаңтарында тағайындалды. Ол бұған дейін мұнай өңдеу және мұнай-химия саласында басшылық қызметтер атқарған. Осы жылдар ішінде Н.Н.Семенов атындағы Химиялық физика институтында (Мәскеу қ.), ҚР Қаржы министрлігінде, Ирандағы ҚР Елшілігінде кеңесші-елші (экономикалық бағыт, мұнай өңдеу және мұнай-химия) қызметтерін атқарған,  Шымкент, Атырау және Ақтауда мұнай және мұнай өнімдерін сақтау және өңдеу бойынша бірқатар компанияларды басқарған.

Айнұр САПАРОВА

20 ақпан, 13:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.