Махамбет селосындағы «Гумаров С» шаруа қожалығы жиырма шақты үйді 10 жылдан бері суару суымен қамтып келеді. Алайда шаруа қожалығы мен жергілікті әкімдіктің арасында дау-дамай туындап отыр.
- Біз шаруа қожалығын шошқа және егін өсіреміз деп ашқанбыз. Әуелі Жайық жағасына насос қойып (суретте), суару үшін су жеткізуді ұйымдастырдық. Жергілікті әкімдік «сусыз отырған үйлерді қоса қамты» дегесін иесіз қалған 1,5 шақырым ескі құбырды жөнге келтірдік, бұған өз қалтамыздан қаржы шығарған болатынбыз. Кейін құбыр село әкімдігінің балансына еніп, оны шаруа қожалығына сенімгерлік басқаруға берілді, -дейді ШҚ өкілі Мырзабек ГУМАРОВ.
- Дау неден туып отыр?
- «Жасыл белдеу» бағдарламасына сәйкес ауданда ағаш отырғызу ұйымдастырылып, оны суғару қажет болды. Жергілікті әкімдік бізге ескертпестен, рұқсатсыз біздің қондырғының үстіне насос қойып, су айдап жатыр екен. Енді келіп жылдағы келісімшартты бұзып, су құбырын 14 мамырға дейін актпен тапсыру қажеттігін хат арқылы жолдап отыр. Бұрын билік басындағылармен өзара келісетінбіз. Енді ол команда өзгерді, бұлар су құбырын тартып алмақшы.
- Қазір жағдай қалай?
- Әкімдік басқа жүзбелі қондырғы мен насос қойып алды. Оны бізге және халыққа суды сату үшін басқа жеке кәсіпкерге бермекші.
- Тұрғындар бұған дейін суды тегін алып тұрды ма?
- Біз ай сайын әрбір үйден 1 500 және 2 000 теңгеден жинайтынбыз.
Аудан әкімдігі шаруа қожалығымен болған келіспеушілікті растады.
- Гумаровпен түсінісе алмадық. Менің плавушкамның үстіне насосты неге қойдыңдар деп әлек салды. Рұқсатты сұрар ма едік, оларды табу қиын. Мырзабек Гумаровтың шаруа қожалығы ағасы Саябектің атағында. Ол Атырауда тұрады. Мен село әкіміне шаруа қожалығы суды заңды алып отырған-отырмағанын тексеріңдер деп тапсырма бердім. Сөйтсек оның заңсыз ақша жинап, су алып отырғаны анықталды. Сондықтан су беруді басқа кәсіпкер қолға алатын болды, - дейді Махамбет ауданы әкімінің міндетін атқарушы Әділбек ЗАЙДУЛЛИН.
- Су құбыры кімге тапсырылып отыр?
-Біз мұны әлі анықтаған жоқпыз. Мамырдың 20-нан бастап, тұрғындар тұрақты жазғы суға қол жеткізетін болады. Жазғы суға бюджеттен қаржы қаралмаған, құбырлар ескірді. Селодағы 26 шақырым су құбырының 14 шақырымы былтыр пластикке жаңартылды. Биыл КТК-ның көмегімен 8 шақырым су құбырын ауыстырғалы отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор