Атырау, 25 қараша 20:49
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Қамтылуымыз нашар»

2 510 просмотра

22 мамырда «Ренессанс» қонақ үйінде «Атырау МӨЗ-дегі мұнайды терең өңдеу кешенін (МТӨК) салу жобасындағы қазақстандық үлес» тақырыбында конференция өтті.

Құны 1 млрд 679 млн 893 мың доллар болатын бұл кешенді пайдалануға беру уақыты – 2015 жылдың желтоқсаны. Құрылыстың бас мердігерлері – қытайлық «Синопек Инжиниринг», жапондық «Марубени Корпорейшн» мен қазақстандық «ҚазСтройСервис» компаниясы. Жобаны жүзеге асыру мұнай өңдеу тереңдігін 85 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Мұнайды айыру нәтижесінде мазуттың шығуы 37-ден 3,4 пайызға дейін азайып, тиісті көлемде ақшыл түсті мұнай өнімдерін өндіру көбейеді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 5,5 млн тонна көлемде мұнай өңделген кезде зауыт 1,75 млн тонна бензин, 1,64 млн тонна дизель отыны және 250 мың тонна авиакеросин шығаратын болады. АМӨЗ-дің бүкіл өнімі Еуро-5 стандартына сәйкес келіп, ал АИ-80 маркалы бензин шығарудан мүлдем бас тартатын болады.

Құрылыс кезінде қазақстандық қамту үлесі жабдықтарды сатып алуда – 16 пайызды, материалдарды – 18 пайызды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда – 35 пайызды құрайды. Құрылыс кезеңінде кешенде 3 879 адам, ал пайдалануға беру басталғанда 609 адам жұмыс істейтін болады.

АМӨЗ-дің дамыту және модернизациялау жөніндегі бас директорының орынбасары Қайрат ОРАЗБАЕВ залда отырған «Белкамит» БК АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «Ақтөбе металл конструкция зауыты» АҚ басшыларына және биыл АМӨЗ-де құрылысы аяқталатын хош иісті көмірсутектер кешеніне арналған жабдықтарды жеткізушілер боп табылатын басқаларға қошемет көрсетті. Хош иісті көмірсутектер кешенін салу кезінде жоспарланған 21 пайыз қазақстандық қамту іс жүзінде 23 пайызды құрады. МТӨК жобасында бұл цифр 25 пайыз деңгейде болады деп күтілуде.

- Жеткізушілерге қойылатын басты талаптар – жақсы сапа мен баға бойынша бәсекелестікке түсу қабілеті. Бізде жабдықтардың кейбір түрлерін жеткізу нашар қамтылған, сервис нашар, біз жылу изоляциясы, металл конструкциясын арнайы жабу жұмыстарын толықтай қамтымаймыз... Ал мұның бәрі қазақстандық компаниялардың қолдарынан келеді, - деп атап өтті Оразбаев.   

«Синопек Инжиниринг» компаниясының қазақстандық филиалы директорының орынбасары Чжэн ФУЦЯН мұнайды терең өңдеу кешенін жобалау жұмыстарының басталып кеткенін хабарлады. Ұзақ дайындалатын жабдықтарға тапсырыс жақын күндері орналастырылмақ. Тамыз айында қазық қағыла бастап, қыркүйекте жылытқыш пештерді жеткізуге өтінімдер қабылданатын болады. Қазақстандық қамту тізіміне 130 бірлік жабдықтар енеді, олардың көпшілігі металл конструкциялары, электрлік жабдықтар және бетон.

Консорциум серіктестері тарапынан «Белкамит» БК» АҚ бас директоры Павел БЕКЛЕМИШЕВ сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ саласына90 машина жасау зауыты жұмысы жасайды. Олар МТӨК секілді жобаларға жабдықтардың 50 пайызына дейін жеткізе алады екен. «Белкамит» БК мен «Атыраунефтемаш» ЖШС бір компания тобына кіреді, топ басшылығы МТӨК, Қарабатандағы мұнай-химия кешеніне және ТШО-ның келешек кеңею жобаларына байланысты атыраулық кәсіпорынның қуаттылығын арттыру туралы шешім қабылдаған.

Бұл жерде мұнай-химия кешені үшін ұзындығы 110 метр, диаметрі 8,5 метр және салмағы 1,1 мың тонна болатын сплитер дайындауға арналған алып өндірістік корпус салынатын болады. Сонымен қатар, тұрба тораптарын, техникалық газдар (оттек, аргон, көмірқышқыл газ), модульдік ғимараттарға, вахталық вагондар мен тұрғын үйлерге арналған металдан соғылған өнімдер шығаратын цехтар салынатын болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

30 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.