Атырау, 25 қараша 13:29
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қызылқоға ауданындағы «сақалды» құрылыстар

Сурет
744 просмотра

Қызылқоға ауданында құрылысы жоспарланған мәдениет үйлері, саябақтар, спорт кешендері және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар әлі күнге дейін сол күйінде қалып отыр. Бұл қандай құрылыс нысандары және оларға кім жауапты, «АЖ» тілшісі анықтауға тырысты.

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖӘНЕ МЕРДІГЕРЛЕР

Мұқыр ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы бақандай жеті жылдан бері бітпей тұр. 2017 жылы 400 орындық мәдениет үйінің құрылысына 301 млн теңге (ол кезде бұл жеткілікті қаржы болды - Л. Қ.) бөлініп, конкурс жеңімпазы болып Ақтөбе облысының «АвтоСтройКонсалтинг» ЖШС танылған еді. ЖШС мәдениет үйінің құрылыс жұмысын 2018 жылдың күзінде пайдалануға беруі қажет еді. Алайда іргетасы қаланып, бірінші қабаты көтерілгеннен кейін жұмыстары қожырап, тұрып қалады.

Тапсырысшы - Атырау облыстық құрылыс басқармасы 2018 жылы «АЖ»-ға берген сұхбатында құрылысқа 100 млн теңге жұмсалғанын мәлімдеген болатын. Бұдан кейін «АвтоСтройКонсалтинг» ЖШС-мен келісім шарт бұзылып, 2023 жылы тұралап қалған құрылысты жалғастыруды конкурс бойынша Атырау қаласындағы «ГранМастер» ЖШС міндетіне алған болатын. Уақыт өте келе облыстық прокуратура тарапынан нұсқама беріліп, тапсырыс берушімен келісім шарт бұзылады. Бірақ «ГрандМастер» ЖШС бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінеді. Бірақ сот шешімі өзгеріссіз қалады.

Бүгінде сапасыз салынған мәдениет үйінің құрылысы бұзылып, қайта салынуға жатқызылды. Сөйтіп бұған дейінгі құрылысына кеткен қаржы желге ұшып кетті, әдеттегідей бірақ бұған ешкім жауапты емес.

Биыл мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін қайтадан қаржы қаралып, конкурс өтпекші.

СПОРТ КЕШЕНІ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ КЕШЕУІЛДЕУІ

Сағыз ауылынан спорт кешенің құрылысын Түркістан облысының «SCSИнжиниринг» ЖШС 2021 жылдың маусымында бастап, қараша айында аяқтауы қажет еді. Алайда жалпы құны 547 млн теңгенің құрылысын мерзімінен кешіктіргені үшін тапсырысшы мердігерді 2021 жылдың желтоқсан айында Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде талап арыз береді. Сот мердігерге бес млн теңгеден астам айыппұлды өндірту жөнінде шешім шығарады. 2023 жылдың 18 қыркүйегінде нысанды аяқтау мерзімін кешіктіргені үшін келісім шарт бұзылады. Бүгінде жобаның қолдану мерзіміне түзетулер енгізілуде. Жұмыс жобасына сараптаманың оң қорытындысы алынғанннан кейін басқа мердігер анықталмақшы.

ҮШ ЖЫЛ ЖОЛСЫЗ

Жалпы Сағыз ауылында «сақалды» құрылысқа спорт кешені мен ауылға кірме автомобиль мен жаяу жүргінші жолының реконструкциясы кіреді. Үш жылдан бері жол бітпей, жазда топырақ борап, қыста қар басып жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызуда.

Кезінде 659 млн 663 мың теңгенің жұмысын Маңғыстау облысының «Айдана-ИК» ЖШС жеңіп алғанымен жұмысын оқсатпапты. Айналғанда аудандық ТҮКШ алдын-ала төлеген 40 млн теңгені кері қайтарып алу үшін сотқа арыз бергенімен қанағаттандырусыз қалдырып, сот мердігерге құрылыс жұмысын 3 айда қалпына келтіре отырып, 15 млн теңге тұрақсыздық айыбын өндірту жөнінде шешім шығарады. 2023 жылдың 5 қыркүйегінде мердігермен келісім шарт бұзылды. Бітпеген жұмысты өз мәресіне дейін жеткізу үшін белгілі бір процестер жүруде, материалдың қымбаттауына орай жобаға түзетулер енгізе отырып, қаржыны көбейту, сараптамадан оң қорытынды алу, жаңа мердігерді анықтау қажет.

ҰМЫТ ҚАЛҒАН САЯБАҚ

Мерзімінде бітпей қалған тағы бір құрылыс - Миялы ауылындағы А. Сарбөпе атындағы саябақ. Саябақты күрделі жөндеуге 179 млн теңге бөлініп, бұл обьектіні жеңіп алған Қызылорда облысының «SK MIRAS LLP» ЖШС мен 2023 жылдың 14 наурызында Миялы ауылдық округімен келісім шарт жасайды. Саяқбаққа төсемтас төсеу, жарықтандыру, балалар ойын алаңы, субұрқақ, т.б. жұмыстар атқарылуы қажет еді. Миялы ауылдық округі әкімиятының мәлімдеуінше, ЖШС осы жұмыстардың 20 пайызын ғана атқарған. Миялы ауылдық округі жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра алмаған ЖШС-ті сотқа беріп, Қызылорда облысы сотының аппеляциялық алқасы 2024 жылдың 25 қаңтарындағы шешіммен жосықсыз қатынасушы деп таныды. Енді тұрақсыздық айыппұл өндірту жөнінде сот процесі жүруде. Саябақ құрылысының сметалық жобасына түзетулер енгізілуде. Өйткені жоба 2020 жылы жасалған.

Жалпы аудандағы «сақалды» және мерзімінен кешіккен құрылыстардың барлығының сметалық жобалары ескірген. Бұл күннен-күнге өсіп жатқан материалдар қымбатшылығына байланысты. Одан кейін сараптамадан оң қорытынды алу, қаржы қарау, мердігер мекемені анықтау процестері жүреді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

21 ақпан, 11:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.