- Мен СЭС-те санитардың аға көмекшісімін. Былтырғы жылдың қараша айының 1-і күні декреттік демалысқа шықтым. Дәрігерлер 6-наурызда босанып, 20-наурызға дейін еңбекке жарамсыздық бетшесін берді. Енді 20-наурыздан бастап бірден кезекті демалыс алайын десем, есепші маманымыз алты ай жұмыс істемеген адамға оның берілмейтінін айтады. Ал мен былтыр тамыз айынан бастап кезекті демалысқа шыққан едім. Екі ай жұмыс істеп, декретке шықтым. Біздің кезекті демалысымыз – 36 күн. Маған бұл жағдайда кезекті демалыс берілмеуі дұрыс па? Тағы да білгім келгені, менің 2-санатымның мерзімі 1-мамырда бітеді. Ол демалыс ақшасының көлеміне әсер ете ме?
«Maximum» адвокаттық кеңсе аға серіктесі Айдос ИБРАЙМОВ:
ҚР Еңбек Кодексінің 193 бабының талаптарына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, әйелдерге жүктiлiгiне және босануына байланысты ұзақтығы босануға дейiн күнтiзбелiк жетпiс күнге және босанғаннан кейiн күнтiзбелiк елу алты (қиналып босанған немесе екi немесе одан да көп бала туған жағдайда - жетпiс) күнге дейiн демалыс берiледi.
Демалыстарды есептеу жиынтықтап жүргiзiледi және демалыс әйелге босанғанға дейiн нақты пайдаланған күндерiнiң санына және жұмыс берушiдегi жұмысының ұзақтығына қарамастан, толық берiледi. Яғни, 1-мамырға дейін Сізге ақылы еңбек демалысы беріледі.
Сөзіңізге қарағанда, Сіз осы мекемеде бұрыннан бастап қызмет етіп келе жатқаныңыз көрінеді.
ҚР Еңбек Кодексінің 105-бабының 1-бөліміне сәйкес, қызметкерге жұмыс iстеген бiрiншi және келесi жылдары үшiн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы тараптардың келiсiмi бойынша жұмыс жылының кез-келген уақытында берiледi.
Сондықтан 2-мамырдан бастап Сіз кезекті ақылы еңбек демаласыңызға Жұмыс берушінің келісімі бойынша шыға аласыз.
Егер 2-мамырдан бастап ақылы еңбек демалысына шығатын болсаңыз, онда демалыс ақысына мамыр айында бітетін 2-ші санатыңыз әсер етпейді, себебі демалыс ақысы бұрын нақты жұмыс iстелген уақыт бойынша орташа айлық жалақы бойынша айқындалады.