Атырау, 25 қараша 18:19
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Әрі тартса, бері жетпейді»

865 просмотра

Ресми дерек бойынша, 2023 жылы Атырау облысында жұмыссыздар саны екі есе өсті.

Облыста 2022 жылы 27 мыңға жуық жұмыссыз тіркелсе, былтыр 42 мыңды құрады. Биыл тағы 7 мыңның үстінде жұмыссыз тіркелген. Қазіргі уақытта оның 20 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды. Ал 12 мыңнан астам адам жұмыссыздық есебінен шығарылды.

Атырау облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Қайрат ОМАРОВ олардың ұсынылған жұмыстан бас тартуына байланысты тізімнен шығарылғанын түсіндірді. Омаровтың пікірінше, бұл адамдар анықтама алу үшін, медициналық сақтандыру құжаты үшін немесе жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу үшін тіркелген.

Осылайша бүгінде өңірде жұмыссыздардың жалпы саны 17 мыңнан асып отыр.

- Бұл статистика жыл соңына дейін әлі өседі, - дейді Қ.Омаров. - Қазір Теңіз кен орнынан және басқа да мекемелерден босатылу көп, сосын жұмыссыздар саны өсіп отыр. Биыл босатылғандарды жұмысқа орналастыру үшін ұлттық және инвестициялық жобалар аясында 30 000-ға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 16 000-ы тұрақты жұмыс орны.

Былтырғы статистика бойынша, отбасының табысы кедейлік шегінен төмен болған жағдайда тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмекті облыста 1080 отбасындағы 6212 адам алады. Сондай-ақ, облыста 24 534 адам мүгедек санатында тұр. 

Кезекте 5298-ші

Облысымызда жұмыссыздардың қалай өмір сүріп жатқанын өз көзімен көру үшін «АЖ» тілшісі АЛТАЕВТАР отбасына барды.

Олар қала іргесіндегі Водниково-2 елдімекенінде тұрады. Атырауға бірнеше жыл бұрын Құлсары қаласынан туыстарының соңынан еріп, көшіп келген. Қазір туыстары уақытша тұруға берген баспананы паналап отыр. Отбасында 11 адам, оның үшеуінде мүгедектігі бар.

29 жастағы Гүлнұр ҚУАНБАЕВА Алтаевтар отбасына 2015 жылы келін болып түскен. ІІ топ мүгедегі, оған бала күнінен «Шарко-Мари-Тута» диагнозы қойылған. Бұл тұқым қуалайтын жүйке-бұлшық ет патологиясы. Гүлнұрдың тұңғыш баласында да сондай диагноз анықталды.  Ол бұл үйде өзінің төрт кішкентай баласымен және күйеуінің ата-анасы, бауырларымен бірге тұрады. Күйеуі жұмыссыз. Үйде тек енесі жұмыс істейді.

Гүлнұр мен оның ұлынан басқа, қайын атасы да мүгедектік жәрдемақы алады. Балалардың жәрдемақысы бар.

«Бірақ бұл жәрдемақылар күнкөріске жетпейді. Ақша тамаққа, көліктің несиесін жабуға кетіп қалады, - дейді Гүлнұр. – Күйеуім де жұмыссыз, бұрын күзетші болып жұмыс істеп жүрген жерінен қысқарып қалғаны қиын болып тұр».

Гүлнұрдың айтуынша, үйдің кезегінде тұрғанына үш жыл болған. Мүгедек санатындағы үй кезегінде 5298-ші болып тұр.

Оның 34 жастағы күйеуі Беркін АЛТАЕВ былтырдан бері жұмыс таба алмай жүргенін айтады.

- Былтыр маусымда жұмыссыз қалғанда бір айдан соң барып жұмыссыздар есебіне тіркелдім. Теңіз кен орны, Қарабатандағы мердігер компанияларға түйіндемемді электронды почталарына жібердім, бірақ жауап жоқ. Таныс керек пе, әлде қалай, түсінбедім. Арасында такси қызметін көрсетемін. Балаларды сабаққа тасимын, - дейді Беркін.

Ал баспана кезегінде қазір қалада 21 мыңнан астам адам тұр. Олардың ішінде 132 адам халықтың әлеуметтік осал топтарының 11 санатына жатады. Олар: жетім балалар, көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, толық емес отбасылар мен соғыс ардагерлеріне теңестірілген адамдар.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

2 ақпан, 10:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.