Атырау, 25 қараша 19:28
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Оқушы мектепте қолын сындырып алды-2

1 059 просмотра
freepik.com

«АЖ» редакциясына Атырау облысы Индер ауданындағы «Көктем» қазақ орта мектебінде қолын сындырып алған 4-сынып оқушысының анасы Көркем ЖҰМАБАЕВА хабарласты. Ол облыстық білім беру басқармасы 10 қаңтарда ұлына қатысты болған оқиға туралы қате ақпарат берген деп мәлімдеді.

Оның әңгімесін баяндамас бұрын, алдымен осы оқиғаға байланысты облыстық білім беру басқармасы берген комментарийді келтірейік: «Сағат 09:42-де үзіліс кезінде сынып жетекшісі оқушыларды спорт залға әкеліп, дене тәрбиесі пәні мұғаліміне тапсырып, залдан шығып кетеді. Қоңырау ішке, яғни үшінші сабаққа 09.50-де соғылуы керек. Оқушылар қоңырау уақытында спорт залда жаюлы тұрған матраста бір-бірімен алысып ойнайды. Сол кезде  09.45 минутта бала қолын ауыртып алып, мектеп медбикесіне апарады. Медбике оқушыны қарап, травматолог дәрігерге қаратып, рентгенге түсіру керектігін айтады, - дейді білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА. – Содан соң баланы сынып жетекшісіне апарды. Сынып жетекшісі ата-анасына хабарлап, мектепке шақыртады. Оқушының анасы директорға келіп, дәрігерге емес, емшіге қаратынын мәлімдеді. Емші қолының сынғанын айтып, емханаға жолдайды. Емхана баланың қолын рентгенге түсіріп, Атырау облыстық ауруханасына жолдама береді». 

Бұдан бөлек, басқарма бала бұрын да осындай зақым алып, оны емші емдегенін хабарлады. Бұл туралы жәбірленуші медбикеге айтқан делінді. 

«Баламды ешқандай емшіге апарған жоқпын. Бұл өтірік!»

Баланың анасының айтуынша, бәрі мүлдем басқаша болған.

«10 қаңтар күні сағат 10.35 шамасында маған сынып жетекшісі телефон соғып, бала дене сабағында күресіп жатып қолын ауыртып алғанын хабарлады. Сосын мен «дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне телефон берші» деп, онымен сөйлестім. Оған «неге салғырттықпен қарадыңыз, сабақта неге күреседі бала?» деп сұрадым. Ол кісі маған «раздевалкада» киініп жаттым, көрмей қалдым» деді. Сосын мен баланың жағдайын сұрағанда, ол «медбикеге қараттым, қолы сынбаған, бұлшық еті ауырып кеткен» деді. Осыдан кейін мектепке бардым. Басқа сабақ болып жатыр екен. Балам сыныпта киімін ауыстырмаған күйі, жылап қолын ұстап отыр. Сосын мен баладан «не болды?» деп сұрадым. Ол дене сабағында күресіп жатқанда, бір бала үстіне құлап кеткенін айтты. Ал, бұл үзіліс кезінде болды ма, ол жағын әлі тергеу анықтау керек. Маған сынып жетекшісі дене шынықтыру сабағында болды деп айтты. Мен сағат 10.35-те хабарды ести сала мектепке 11-ге жақын жеттім. Жеткен соң дене шынықтыру пәнінің ағайын шақырттым. Ол маған телефон арқылы айтқан сөзін қайталап берді. Сосын бірге директорға бардық. Директор бұл жағдайдан бейхабар болып шықты. Оған ешкім де айтпаған. Менен естіді. Директор «бала қолы сынса, бұлай шыдап отыра алмайды» деп, ағайдың сөзін қолдап шыға келді.

«Неге жедел жәрдем шақырмадыңыздар?» деп сұрағанымда маған директор «жедел жәрдем шақыра алмаймыз, оған ата-ананың рұқсаты керек болды» деді.

Баламды алып, мектептің қасындағы Индер аудандық ауруханасына бардым. Баламның қолын рентгенге түсіріп, қолы сынған деген диагноз қойды. Дәрігер «шұғыл түрде Атырауға бару керек» деді.

Қолымдағы рентген қорытындысымен ауруханадан шығып, мектепке барып, «неге өтірік айтасыздар?» деп рентгенді көрсеттім.

...Баламның жүрегі ауырады, бас сүйек қысымы бар. Ол отаны көтере ала ма белгісіз еді. Қазір ота жасалып, қолына екі темір салынды. Дәрігердің бақылауында жүрміз.    

Мектептен маған баламның жағдайы туралы бірден хабарлау керек еді. Олар менен жасырып қалғысы келгені ме сонда? Осы әділетсіздіктерді көріп, мектептің үстінен полицияға арыз бердім. 

Әрі қарай, мектеп басшылығы облыстық білім беру басқармасына ақпарат бергені белгілі. Онда балам бұрын қолын сындырған, оны емшіге апарған делінген. Мұның бәрі өтірік. Балам бұрын-соңды қолын сындырмаған. Бұл бірінші рет болып жатқан жағдай. Емшіге апарған емеспін. Баламның медбикеге айтуы мүмкін емес, өйткені ондай жағдай болмаған. Мен медбикені ол күні, кешегі күнге дейін де бірде-бір рет көрген емеспін. Маған ол күні медбике травматологқа апар деп айтылған деді. Ондай әңгіме болған жоқ. Мен оны кеше, 29 қаңтар күні аудандық білім бөліміне барғанда жиналыста көрдім».

Осы сәйкессіздіктердің барлығын қазір полиция тергеп жатыр.

Айнұр САПАРОВА

31 қаңтар, 10:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.