10 қаңтарда Атырау облысы Индер ауданындағы «Көктем» қазақ орта мектебінің 4-сынып оқушысы спорт залда дене шынықтыру сабағының алдындағы үзілісте қолын сындырып алды.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі «АЖ»-ға болған оқиғаның егжей-тегжейін баяндады:
«Сағат 09:42-де үзіліс кезінде сынып жетекшісі оқушыларды спорт залға әкеліп, дене тәрбиесі пәні мұғаліміне тапсырып, залдан шығып кетеді. Қоңырау ішке, яғни үшінші сабаққа 09.50-де соғылуы керек. Оқушылар қоңырау уақытында спорт залда жаюлы тұрған матраста бір-бірімен алысып ойнайды. Сол кезде 09.45 минутта бала қолын ауыртып алып, мектеп медбикесіне апарады. Медбике оқушыны қарап, травматолог дәрігерге қаратып, рентгенге түсіру керектігін айтады, - дейді білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА. – Содан соң баланы сынып жетекшісіне апарды. Сынып жетекшісі ата-анасына хабарлап, мектепке шақыртады. Оқушының анасы директорға келіп дәрігерге емес, емшіге қаратынын мәлімдеді.
Емші қолының сынғанын айтып, емханаға жолдайды. Емхана баланың қолын рентгенге түсіріп, Атырау облыстық ауруханасына жолдама береді».
Белгілі болғандай, бала бұрын да осындай зақым алып, оны емші емдеген екен. Бұл туралы жәбірленуші медбикеге айтқан. Қазір оқушының анасы полицияға арыз түсіріп, тергеу жүріп жатыр.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА