Атырау, 25 қараша 20:19
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бәрімен бірдей білім алады

3 821 просмотра

«Таң» қолдау және даму қоры «Тегін білім алуға бірыңғай мүмкіндік» жобасын жүзеге асыруға кірісті. Мақсат – Атырауда денсаулықтарына байланысты мектепке бара алмайтын балаларға арналған білім беру қызметтерінің жағдайын зерттеп білу.

БІР СЫНЫПҚА ҮШЕУДЕН

Бұл - үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін әлеуметтік, медициналық және педагогикалық қызмет көрсетуге белсенді қатысатын дүниежүзілік тәжірибесі. №1 қалалық психологиялық-медициналық педагогикалық консультациясының (ПМПК) жетекшісі Гүлрайхан ҒҰМАРОВАНЫҢ айтуынша, бүгінде комиссия есебінде алуан түрлі аурулармен - балалардың церебралды сал ауруы (ДЦП), психикалық дамуы кешеуілдеген, нашар көретін, нашар еститін және т.б. сырқаттармен  ауыратын 3 мыңнан астам бала тұр екен. ПМПК мамандары ауруды анықтап, диагноз қояды, кеңес береді, бірақ өз пациенттерінің жағдайын дұрыстай алмайды. Атырауда психикалық-педагогикалық түзеу кабинеттері, өкінішке орай, жоқ. Ал ол өте қажет – жыл сайын ПМПК-ге тексерілуге 1,5 мыңдай бала келеді және анықталатын науқастар саны көбейе береді. Бүкіл облыстағы жалғыз балалар оңалту орталығында тек жүйке жүйесі сырқаттарымен ауыратын балалар ғана түзетуден өте алады. Онда да кезекке алдын-ала бірнеше ай бұрын жазылып қояды. Жазда орталық жұмыс істемейді. Ал күйбің қамымен жүргенде білім беру екінші орынға ығысып қалады.

ПМПК мамандарының науқас сәбиге мектеп қабырғасында оқуға жолдама беруге құқықтары жоқ сырқаттар тізімі бар. Мәселен, жиі ұстамалы ұстайтын қояншық ауруы, 1-типті инсулинге тәуелді диабет. Өз қауіпсіздіктері үшін олар үйден оқулары тиіс, өйткені ұстамалысы кез келген уақытта ұстауы мүмкін. Бірақ қалған нашар көретіндер, балалардың церебралды сал ауруы бар, психикалық дамуы кешеуілдеген, хирургиялық сырқаттары бар балалар қажетті жағдай жасаса, әдеттегі мектепте оқи алады. Бірнеше жылдан бері Қазақстанда инклюзивті білім беру туралы заң қолданылып жүр. Ол бойынша жалпыға білім беретін мектептің әр сыныбында үш науқас сәбиден оқи алады. Өткен жылы Г. Ғұмарова дені сау балалармен бірге түрлі диагноздары бар балалар оқитын Астанадағы гимназияда болып, инклюзивті білім беруді өз көзімен көрді. Нашар еститіндер мен нашар көретіндер бірінші партада, ДЦП сырқаты бар оқушылар арнайы сүйемелдейтін креслоларда отырады екен. Оларға әлеуметтік қызметкерлер көмектеседі. Бірақ Атырауда мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер бұл идеяға салқын қарайды. Өздерінде мұндай балаларға арналған арнайы жеке оқытатын бағдарламалардың жоқтығына, мектепте арбаға таңылғандарға арналған пандустардың, жеке дәретханалардың, креслолардың және т.б. жоқтығына сілтейді.

 

ЕРЕСЕКТЕРДЕН ҮЛГІ АЛУ

Нәтижесінде біздің мектептерде тек психикасының дамуы кешеуілдеген және логопедиялық проблемалары бар балалар ғана оқи алады. Атырауда 11 мектепте психикасының дамуы кешеуілдеген балаларға арналған арнайы сыныптар, сонымен қатар, Лесхоздағы ақыл-ойы кеш дамыған балаларға арналған интернат, нашар еститін балаларға арналған интернат, оған қоса Махамбетте ақыл-ойы кеш дамыған балаларға арналған қосалқы мектеп бар. Басқа сырқаттары бар балалар үйден оқуға мәжбүр.

Бірақ бізде психикалық дамуы кешеуілдеген балаларды оқытуға қатысты үлкен проблемалар орын алған. Біріншіден, арнайы педагогтар жетіспейді, екіншіден, қоршаған ортасының оларға деген қарым-қатынасы керемет емес. 

- Ата-аналары балаларын арнайы сыныптарға жібермеуді, қарапайым мектепке бөлуді өтініп сұрайды. Алайда іс жүзінде оларға арнайы сыныпта жақсы болар еді. Өйткені қарапайым сыныпта балалар өте көп, мұғалім бәріне көңіл бөлуге үлгермейді. Психикалық дамуы кешеуілдеген баланы ең артқы партаға отырғызып қояды. Ешкім де, әдетте, оған білім беруге тырыспайды, одан ештеңе талап етпейді. Нәтижесінде оқу жылының аяғында оның 1 қыркүйектегі білімі қандай болса, сол күйінде тұрады. Директорлар да бұған риза емес. Жақын арада ғана бір мектептің директоры қоңырау шалып, оның пікірінше, өзінің «үлгілі» оқу орнына «нақұрысты» жібергеніне наразылық білдірді. Мектеп басшысы, педагог бұлардың жай ғана өзгеше балалар екенін түсіне алмады, - дейді күйіне Ғұмарова ханым.

Ал мұндай қарым-қатынастан оқушылар да үлгі алады. Олардың арнайы сыныптағы балаларды кемсітетіні сондай, олар үзіліс кезінде кабинеттерінен шығуға қорқады.

- Біз жалпы елдегі мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру қызметін көрсету проблемасын зерттедік. Барлық жерде жаппай арнайы педагогтардың жетіспейтіндігі байқалады. Ал қарапайым мектептерде де осыған ұқсас проблема: білікті мамандар кетіп жатыр, жалпы педагогтар құрамының сапасы төмен. Қарапайым мектептерде осындай проблема болып отырғанда, мүгедек балалардың білімі қандай болмақ? – дейді Жайық-Каспий Орхусс орталығының жетекшісі Шынар ІЗТІЛЕУОВА. – Сонда заң мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім алуға мүмкіндік беріп отыр, бірақ ол үшін жағдай, механизм және мамандар жоқ. Біз бұл мәселені жан-жақты жете зерттеп, жағдайды өзгерту үшін өз ұсыныстарымызды парламенттегі депутаттарымызға ұсынбақпыз..

Зульфия ИСКАЛИЕВА

23 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.