Атырау, 25 қараша 20:40
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бұл - даудың басы ғана

3 588 просмотра

Құлсары қаласындағы 2-ші ескі ықшам ауданындағы екі қабатты 8 үйді жуық арада көшіру жоспарланып отыр. Бірақ жергілікті биліктің шешімімен тұрғындар келіспейді. Олар жақында жергілікті әкім мен прокурордың қатысуымен өткен жиында өз наразылықтарын ашық жеткізді.

БІР ЖАПЫРАҚ ҚАҒАЗДЫҢ АЙҚАЙЫ

Халықтың дүрлігуі үйлерге ілінген хабарландырудан басталған. Ол хабарландыруда 2-ші ескі ықшам аудандағы №№48, 50, 52, 53, 55, 57, 59, 61 үйлердің тозығы жетуіне байланысты бұзылып, орнына жаңа үйлер салынатынын, соған орай пәтер алу үшін тұрғын үй комиссиясына қажетті құжаттар тапсыру қажеттігін ғана ескерткен.

- Үйлер салынсын, қарсы емеспіз. Бірақ, неге бізге бұл туралы ертерек, ең болмағанда бір жыл бұрын ескертпейді? Біздер дайын болуымыз керек қой? Қазір біздің мойнымызда осы үйлерімізді жөндеу үшін банктен алған, әлі өтелмеген несиеміз бар. Сонда біз ол ақшаны бекер алдық па? Неге әкімдік осының бәрін алдын-ала ойластырмайды? -дейді ашынған тұрғындар жиналыста.

Амина ҚАЛИЕВА - алты баланың анасы. Ол өткен жылдың қазанында 10 мың долларға екі бөлмелі үй сатып алған болатын. Бұл үйлердің бұзылатынын білмеген. Ал Тимур АРЕНЖАНОВ банктен пәтерге жөндеу жүргізу үшін 1,5 млн теңге несие алған.

- Біздің үйлер қала орталығында орналасқан. Бізді уақытша алған пәтерлерге көшіріп, кейін бұл жерге үй емес, басқа ғимараттар мен даңғыл салады дегенді естідік. Біз далада қаңғып қаламыз ба деп қорқып отырмыз. Әкімдік тарапынан қандай кепілдік барын білмейміз ғой. Сондықтан бұл жерден өлсек те, кетпейміз, - дейді Галя ҚАБАҚОВА, Жақсылық БАЛМҰХАНОВ.

 

БІР ШЕШІМГЕ КЕЛЕ АЛМАДЫ

Одан бөлек, хабарландыруда жаңа үйлер ескі үйлердің орнына емес, оның алдындағы алаңқайға салынады деп көрсетілген. Ол жерде заңсыз салынған гараждар тұр. Олар да бұзылады. Бірақ, тұрғындар бұл шешімге де қарсы.

- Әкімдік ықшам аудандағы үйлерден пәтерлер сатып алып, бізді бір немесе екі жылға уақытша көшіргелі отыр. Ал екі бөлмелі пәтерді 20 000 доллар, ал үш бөлмелі пәтерді 25 000 долларға сатып алуда деп естіп жатырмыз, Ал біз қазіргі жерімізден кеткіміз келмейді. Және бізді көшіргелі отырған ықшамауданға бармаймыз. Себебі, онда тәртіп нашар. Балаларымыз мен күйеулерімізге пышақ салып, атып тастаса не істейміз? Біздің өмірімізге шенеуніктер кепіл бола ала ма? Одан да уақытша пәтер сатып әпергенше сол ақшаны бізге неге бермейді? Болмаса, бізге үй салып берсін, соған көшейік, қалада бұдан басқа құрылыс салатын жер жоқ па? - дейді 2 ықшам аудан тұрғындары.

Бұған қатысты Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ жауабы қысқа болды:

- Қаланың ішінде бос жатқан жер жоқ!

- Онда жалғыз мектебінен басқа ешқандай әлеуметтік нысаны жоқ «Болашақ» елді мекенінен үйлер неге тұрғызбасқа? Біз сонда көшер едік! – деп шуласты тұрғындар.

- Ол мүмкін емес, - жауап берді әкім.

- Олай болса біз ешқайда көшпейміз!

- Егер үй құлап қалса біз жауап беретін боламыз. Келіспесеңдер, сотқа береміз, сот орындаушылары өздері шығарады.

- Біз үйлеріміздің астында қалсақ та, ешқайда кетпейміз. Онда екінші Жаңаөзен оқиғасы осы Құлсарыда болады!...

Осылайша керілдескен екі жақ ақырында бір шешімге келе алмады. Ал мұны тыңдап тұрған прокуратура қызметкерлері болса:

-Тараңдар, мұндай жиын өткізуге болмайды. Бұл мәселе қайта қаралады. Жеке-жеке отбасымен түсіндіру жұмысы жүреді. Бәрін қағазға түсіріңіздер. Халықтың айтқаны ескерусіз қалмайды, - деп халықты басуға тырысты. 

- Құрылыс қадағы қағылып болғанша, бір немесе екі айға туысқандарымызды паналаймыз. Құрылыс жүріп кеткеннен кейін үйімізге қайта ораламыз. Сондықтан жаңа құрылысты уақыт оздырмай қолға алулары керек қой. Егер мұны орындамаса, жиналып аштық жариялаймыз, - дейді жиналғандар.

Мақсым ІЗБАСОВ, Жылыой ауданы әкімі:

- Мен әкім болып келгеннен кейін қалада апатты жағдайда тұрған 73 үй барын анықтадым. Соңғы жылдары жаңа құрылыс жүрмеген. Үй сұраушылар кезегі жылжымай тұр. Бюджеттік қызметкерлер де баспанадан қиындық көруде. Облыс әкімінің орынбасары келгенде мен осыны айттым. Бізге демеушілік көмекпен 60 пәтерлік 5 үй салып беретін болды, - дейді. - Сараптамада сөз болып отырған 8 үй жөндеуге келмейді, оны күреп тастау керектігі көрсетілген. Ал ықшамаудан халқы далада қалмайды. Қызметтік тұрғыда 60 пәтерді сатып алуды ұйғардық. Онда олар уақытша тұрады, кейін салынған жаңа үйлерге көшеді.

-Үй құрылысы қашан жүреді?

- Шілде, тамыз айында басталады деп отырмыз. Ал халықтың шу шығаратын жөні жоқ. Оларға бәрін өзім түсіндіремін. Нағыз көнбесе, тұрғын, әкімдік және мердігер, яғни үш тараптан келісімшарт жасалады. Қалай еткенде де осы келісімшартпен халық соттасса да, жеңе алады.

- Қызметтік тұрғыда сатып алынған үйлер кімге беріледі?

- Бюджеттік қызметкерлерге. Себебі үй сұраушылардың арыздарын шаң басып қалған.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.