Атырау, 25 қараша 20:34
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жарақат жазда көбейеді

3 130 просмотра

Бірнеше күннен кейін жазғы каникул басталады. Оқушылар мен ата-аналар осы сәтті асыға күтсе, облыстық балалар ауруханасының травматологтары үшін бұл кезең төтенше жағдай жариялағанмен бірдей. Үш ай бойына олар үзіліссіз режимде жұмыс істейді.

БАЛАҚАЙДЫҢ ЖҮРЕКТІЛІГІ

Қазірдің өзінде балалар травматологиясына күн сайын 30-40 пациенттен келеді. Егер көпжылдық тәжірибеге негізделген дәрігерлердің түйсіктеріне сенер болсақ, бұл цифр көбейе бермек. Каникул кезінде өз-өздеріне еркіндік тиген балалар күні бойына көшеде жүреді. Сондықтан да жазда балалар жарақатты көп алады. Көбінесе аулада немесе ойын алаңдарында ойнап жүріп, велосипед теуіп, суға шомылып, спортпен айналысқан кезде зақымданады. Әсіресе көлік жолынан қауіп көп. Шыны керек, кейде балалардың өздері де көбінесе тиесілі емес жерден атып шыға келеді. Аптап ыстыққа әлсіреген жүргізушілердің де реакциясы мұқалып қалғандай. Облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесінің меңгерушісі Руслан ЖАМБЕКЕЕВТІҢ осы сөзін растағандай, қабылдау бөліміне алты жасар баланы әкелді. Ол машина астына түсіп қалған екен.

Зәресі кеткен балақай тіпті дәрігердің «атың кім, жасың нешеде?» деген сұрақтарына жауап та бермеді, бірақ «қолыңды, аяғыңды көтер, саусақтарыңды қимылдат» дегендерін бұлжытпай орындады. Дәрі егіп, маңдайындағы жарақатты тігіп, шынтағындағы сыдырылған жерді өңдегенше, ол өзін ерлерше ұстады. Енді рентген жасау ғана қалды, ол миы шайқалған-шайқалмағанын көрсетеді. Бәрінен бұрын дәрігерлер осыдан қауіптенеді - өйткені мидың шайқалуы болашақта залалын тигізуі мүмкін. Ауа-райы өзгергенде ауру қинап, зақым алғаннан кейінгі энцефалопатия дамуы мүмкін.

 

СҮҢГУІРЛЕР МЕН «ПАРАШЮТШІЛЕР»

Жазда судан зақым алу қаупі де басым болады. Кесіп кету, салқын тию және ыстық өтуден бөлек, суға сүңгу кезінде басынан жарақат алу мен басқа да зақымдар көп. Сондықтан дәрігерлер мен құтқарушылар беймәлім жерлерде суға сүңгігенде сақ болуды ескертеді. Өйткені су түбінде суға батқан бөренелер, тастар, суда өскен бұтақтар, өткір металл заттар болуы мүмкін.

Терезеден құлау да әдетте жазда болады. Көбінесе, бүлдіршіндер бекітілмеген ұсақ торды басып қалып, құлап жатады. «Өткен жылы осындай жағдайлар көп болды», деп естеріне алды травматология бөлімінің медбикелері. Медиктер тіпті мұндай пациенттерге «парашютшілер» деп ат қойыпты. Олардың тәжірибесінде теледидар құлаған кезде алынатын зақымдар да жиі кездесетін көрінеді. Сәби электр сымынан тартқан кезде, ауыр техника дәл үстіне құлайды екен. Жақын арада ғана теледидардың өткір бұрышы бетін сойып кеткен бір сәбиді ауруханадан шығарыпты. Әжесі аз уақытқа ғана алаңдап кеткен екен, ал сәби бұл кезде сөйлеп жатқан экранға қызығушылық білдірген.

 

ТӨСЕККЕ ТАҢЫЛҒАН ҮШ АПТА

Балалар өздеріне сақ болып, айналасына мұқият болса, көптеген зақымның алдын алуға болар еді. Көшеден алған жарақаттар көбінесе ересектердің қарауынсыз қалған балалардың алаңғасарлығының нәтижесі боп табылады. Ауруханада 20 күннен бері турникетке тартылам деп құлаған бір бала жатыр екен. Сынған кезде сүйектері орнынан жылжып кеткен, енді дәрігерлер оны орнына келтіруге әрекеттенуде. Нәтижесі - рентгенге түскеннен кейін анықталады. Егер орнына түскен болса, қолына гипс салып, баланы үйіне жібереді. Ұшқалақ балақайға 20 күн бойына толықтай төсек режимін сақтап, өздігінен дәретханаға баруға мүмкіндігі болмай, еш қозғалыссыз жатудың қандай екенін елестетіп көріңіз.

- Қаланың бүкіл баласы біздің бөлімшеге ең болмағанда бір рет болса да түскен сияқты. Көшеде келе жатсам, менімен үнемі: «саламатсыз ба, дәрігер ағай» деп амандасып жатады. Содан соң ит-аға деп те атайды, бізге ит тістеп алған жағдаймен де үнемі бетпе-бет келуге тура келеді, - дейді Руслан Жамбекеев.        

Тек мамыр басталғанда балаларды жануарлар тістеген 31 жағдай тіркелді. Енді 40 рет дәрі егудің орнына пациенттер арнайы сызбамен тек алтауын ғана: сол күні, содан кейін 3-ші, 7-ші, 14-ші, 30-шы және 90-шы күнде алады. Әңгіме тек иттің тістеп алғаны ғана емес, мысықтардың тырнаған жарақаттары туралы да болып отыр. Олар арқылы да құтыру ауруын жұқтыруға болады екен. Дәрігерлер жануарлар шабуылдағаннан кейін сол мезет жарақатты сабынды сумен жуып, бірден медициналық көмекке жүгіну керек деп кеңес береді. Алда үш ай каникул келе жатыр, бұл кезді балаңыздың ауруханада өткізбеуіне күш салыңыз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

23 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.