Атырау, 26 қараша 01:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырауда педофил 17 жылға бас бостандығынан айырылды

973 просмотра

Жақында Атырауда 2022 жылдың 6 желтоқсанында Авангард ықшамауданында 13 жасар қызды зорламақ болған педофилдің қатаң режимдегі түрмеге қамалып, 17 жылға сотталғаны белгілі болды. Ол кезде педофилдің жасы 34-те. Сол күні ол Авангардтағы үйлердің бірінің ауласына кіріп, оны зорламақ болған. ҚПБ-ның патрульдік полиция батальонының қызметкерлері дер кезінде жетіп, қылмыстың алдын алып, қаскөйді қолға түсірді.

Іс кәмелетке толмаған баланы зорлауға оқталу (ҚР ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі) және ірі залал келтіріп, көлікті ұрлап айдап кету (ҚК 200-бабының 3-бөлігі) бойынша тергелді.

Іс сотқа жетіп, ол жабық режимде қаралды. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы И.-дың кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленуші мен оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сарапшылардың қорытындыларымен толықтай дәлелденді.

Прокурор сотталушы И.-ға 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады.

Жәбірленушінің заңды өкілі прокурордың ұстанымын қолдап, сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы И. кінәсін мойындады.

– ҚК-тің 120-бабының 4-бөлігінің санкциясымен белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Қылмыстық кодекстің 200-бабының 3-бөлімінің санкциясымен 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Сот жаза тағайындау кезінде жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, кінәлінің жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескерді, - деп атап өтті сотта.

Сот сотталушыны өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 17 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

12 қаңтар, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.