Әлемде мұнай бағасы неге арзандады?
Мұнай өндіруші елдердің ұйымы (ОПЕК) күйзеліске ұшырағанын inbusiness.kz бұған дейін жазған болатын. Ұйым құрамынан былтыр Ангола шығып кетті.
Дағдарыс әрі қарай ушығып бара жатыр. Құны былтырғы қыркүйекте 96 долларға дейін барған Brent эталонындағы мұнайдың 1 бөшке-баррелінің бағасы биылғы 11 қаңтарда 76 долларға дейін құлдырады.
Әдетте ОПЕК құнсызданған қара алтын қайтадан қымбатырақ пұлдана бастауы үшін оның өндірісін күрт қысқартатын. Биыл осыған уағдаласқан да еді. Алайда ол мәмілені картель мүшелері сақтағысы келмейтіні аңғарылды. Мәселен, соғыста алға жылжуы үшін қыруар шығынға батқан Ресей мұнай өндірісін арттырды.
Енді картельдің көшбасшысы саналатын арабтар да демпинг ойынына көшуге шешім қабылдады. Салдарынан, әлемдік нарықтағы қара алтын бағасы төмен қарай ылдилай жөнелді. Бүгінде баға қалпына келе алмай, құлдырау тренді жалғасты.
Халықаралық сарапшылар Сауд Арабиясының тосыннан өз мұнайының бағасын күрт арзандататынын күтпеген еді. Өйткені бұл ел кейінгі жылдары оның бағасын жоғарылату бастамаларының үнемі басы-қасында жүрді.
Бұл жолы саудиялықтардың жомарттығында шек болмады. Олар өз мұнайын Азия нарығы үшін 2021 жылғы қарашадан бері болмаған ең төменгі бағаға ұсынып жатыр.
Өткен жылдың соңында іскерлік ақпарат құралдары 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қара алтынға деген сұраныстың төмендейтінін, тиісінше бағасы да арзандайтынын болжады. Бұл – ОПЕК картелі үшін кезекті сын болатын. Алайда мұнайға қатысты ахуал жорамалдағыдан да күрделі болып шықты.
ОПЕК-ке жер астынан мол мұнай шығаратын 12 ел мүше еді. ОПЕК елдері өндірісінің 6%-ын еншілеген Ангола ақыры ұйымнан шықты. Bloomberg жазуынша, Ангола бұдан былай мұнай өндірісін қысқартқысы келмейді. ОПЕК болса, ұсыныс сұраныстан шектен тыс асып кетпеуі үшін өзіне қатысушы елдердің өндірісін ұдайы құрықтап ұстап келеді.
"Біз бас көтертпей, үнімізді өшіретін ұйымның қатарында қалғымыз келмейді. Оның орнына белсенділігімізді арттырып, нарыққа өз үлесімізді қосқымыз келеді", – деді Анголаның Минералды ресурстар, мұнай және газ министрі Диамантино Азеведо.
Ангола қатарын тастап шыққаннан кейін ОПЕК ұйымының жаһандық мұнай жеткізіліміндегі үлесі 27%-ға дейін кеміді. Яғни, картель өткен ғасырдың соңындағы көрсеткішіне дейін кері кетті.
Reuters байламынша, бүгінде OPEC нарықта еркін қимылдай алатын АҚШ сияқты бақталастарына жол берді. Тиісінше, бұл ұйым тығырыққа тірелді. Оны тек қара алтынға деген әлемдік сұраныстың күрт өсуі ғана құтқара алады. Болмаса, ұйымға төмен бағаға көндігуге немесе өндіріс көлемін неғұрлым салмақты қысқартуға баруға тура келмек.
Осы ауанда жаңа жылдың 8 қаңтарында Сауд Арабиясы тосыннан өз мұнайын арзан бағамен өткізетінін жариялады. Салдарынан, Brent құны 70 долларға қарай құлдырай жөнелді. Бұл – қайта өңдеу шығыны тым жоғары ресейлік Urals маркалы мұнай үшін беріліп келген баға еді. Нәтижесінде, былтыр бір бөшкесінің бағасы 80 долларға дейін шарықтаған ресейлік Уралстың құны 59 долларға дейін түсті.
Осылайша, ОПЕК-тің бір мүшесі екіншісін аяқтан шалғандай болды. Сауд Арабиясының сонау 2021 жылғы қарашадағы, яғни "коронакризистен" кейін әлем өз-өзіне енді ғана келіп жатқан кезеңдегі арзан бағаға оралуының себебі түсініксіз қалды. Саудиттер бұл шешімінің мәнісін де ашпады. Ол туралы ұйым елдерімен келіскенін не келіспегенін де айтпады.
Содан нарық ойыншылары мұны қалағанынша түсінді. Нарықта тәртіп пен ымыра қалмады. Демек, әр мемлекет мұнай өндірісін бақылаусыз артыра бастайды.
Қазақстан бұл жағдайда өзін бәрібір жақсы сезінеді. Үкімет республиканың 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында да, тиісінше, 2024-2026 жылдардағы республикалық бюджетте де "мұнайдың бағасы әр баррелі үшін 80 АҚШ долларын құрайды" деген базалық сценарийді бекітті. Бағаның соның ар жақ, бер жағында құбылуынан бюджет ұтылмайды.
Бұған қоса, Ұлттық қорға арналған "мұнайдың кесімді бағасы" 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2-41,8 доллар деңгейінде белгіленген.
Көрші Ресей 2024 жылғы федералдық бюджетін әлемдегі мұнай түрлерінің 70%-ының бағасын анықтайтын Brent эталонды маркасының құны – баррелі үшін 85 доллар, ресейлік мұнайдың құны – 71,3 доллар тұрады деген болжамға құрыпты. Бірақ өзгеден айырмашылығы сол, Ресей – санкциялар астында және кең ауқымды соғыс жүргізуде. Сондықтан ресейлік сарапшылар қара алтынның төмен бағасы ұзаққа созылса, бұл Ресей бюджетіне кесірін тигізетінін болжады.
Көршінің сарапшылары өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Сауд Арабиясы дәл қазіргідей мұнай бағасын күрт арзандатқанын, оның соңы Кеңес Одағының дәрменсіз күйге жетіп, экономикасы жеріне жете дағдарып, ақыры ыдырап тынғанын еске түсірді.
Әзірге мұнай бағасына Қызыл теңіздегі қақтығыс қолдау болып тұр. Қожайыны еврей ұлты болған немесе Израильге жүк тасыған кемелерге хуситтердің шабуылы жалғасты. Оған тосқауыл қоюға тиіс коалиция іске кіріспей жатып, күйреді. Бірқатар елдер патрульдеуге қатысатын кемелерін алып кетті, кейбірі ынта танытқанымен, сол бойы қатыспады.
Сондықтан 2024 жылдың алғашқы дүйсенбісінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қызыл теңіздегі су көлігі тасымалының қауіпсіздігін қалпына келтіру жөнінде араб лидерлерімен келіссөздер жүргізуге кірісті. Оның не нәтижеге жеткені белгісіз. Бұл теңіз жолындағы қарулы шиеленіс толық шешілмегенімен, қызуы шамалы басылса және алып кеме тасымалы компаниялары қайта оралса, онда мұнай жеткізілімі артып, оның бағасы әрі қарай төмендейді деп күтілуде.
Ал бұл ОПЕК құрамында қалған мемлекеттер арасындағы дау-жанжалды тіптен өршітуі мүмкін. Бірқатар сарапшылар мұны "мұнай соғысына" теңей бастады. Соның аясында мысалы, картельге кіретін Нигерия өзінің мұнай өндірісіне қойылған шектеу және квотамен келіспей, оны бұзуға ниеттенуде. Анголаның соңынан ОПЕК-ті тастап шығуы да мүмкін.
Ресейлік Промсвязьбанк сарапшылары өз болжамында Брент бағасы баррелі үшін 75-80 доллар шеңберінде қалады деп тұспалдады. Осындай баға Ресей үшін "бәрібір қолайлы" көрінеді.
Алайда Сбербанк сарапшылары керісінше, нарықтан "оптимизмге негіз болар ештеңе байқай алмады". Өйткені Сауд Арабиясы барлық өңірдегі сатып алушылары үшін ақпан айында жеткізілетін төл мұнайының құнын түсіріп отыр. Сондықтан олардың болжамынша, Брент қара алтынының құны 76-77 межесінен биік көтеріле алмай қалуы ғажап емес.
Ресей үкіметі жанындағы Қаржы институтының ғылыми қызметкері, Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының эксперті Станислав Митрахович мұны "баға соғысына" теңеді. Әр ел арзан баға ұсынып, бәсекелесін қандай да бір нарықтан ығыстырып шығаруға тырысады.
"Аңғарсаңыз, Сауд Арабиясы қазіргі кезде мұнай өндірісін қысқартып жатқан жоқ. Ол өз мұнайының бағасын ғана төмендетіп жатыр. ОПЕК+ альянсы мұнай өндірісін қысқартуға келісті. Оған кірмейтін елдер өндірісін арттырып, ОПЕК+ елдерінен босаған нарықтарды жайлайды. Әлемдік сұраныс қалпына келді, әйтсе де, сұраныс одан әрі өспей тұр, себебі, Қытай экономикасы қарқынды өсуін доғара бастады. Осы күрделі жағдайда саудиялықтар өзі үшін қимылдаудың тиімді бағытын табуға тырысуда. Оның екі стратегиясы ғана бар. Біріншісі – өз мұнайына жағымды жеңілдіктер беру. Екіншісі – өндірісті күрт арттыру. Бұл екеуі де "баға соғысына" соқтырады", – деген пікір білдірді сарапшы.
Қазақстанда неге доллар арзандады?
Үшінші стратегия да бар, сарапшылар оның орындалатынына сенбейді. Ол ОПЕК ұйымы мен ОПЕК+ альянсына қатысатын елдерді өндірісін қосымша еселеп қысқартуға көндіруді талап етеді. Алайда былтырғы жыл соңында Сауд Арабия (тәулігіне 500 мың баррельге азайтуға міндеттеме алды), Ресей (500 мың), Қазақстан (78 мың), Оман (40 мың), БАӘ (144 мың), Кувейт (128 мың), Ирак (211 мың), Алжир (48 мың) сияқты елдер онсыз да 2024 жыл бойы ерікті түрде қысқартуға барды.
Бұған қоса, дәл осы елдер, соның ішінде Қазақстан 2024 жылдың бірінші тоқсанында жалпы алғанда өз өндірістерін тағы 2,2 миллион баррельге қосымша кемітеді. Олардан тағы да азайтуды сұрау жаппай наразылық тудырары даусыз.
Экономист Александр Разуваев әлемдік экономикада рецессия болса, ол мұнай бағасына қосымша соққы болатынын ескертті.
Былтырғы жылы дүниежүзіндегі мұнай бағасы ОПЕК+ аясындағы мәмілелер арқасында жоғары деңгейде сақталды. Биыл ұйым мен альянс елдері өзара бақталасып, тайталасып кетсе, нарықта "әй дейтін әже, қой дейтін қожа" қалмаса, мұнай бағасына арзандау ғана қалады.
Бір ғажабы, қара алтын бағасының құлдырауы Қазақстанның ұлттық валютасына бұл жолы көп ықпал ете алмады. Неге? Бұрынғы кезеңде мұнайдың арзандауы теңгенің девальвациясына түрткі болатын.
Сауд Арабиясының шешімі белгілі болған дүйсенбіде Қазақстанда 1 доллардың бағамы 452,6-454,5 теңгені ғана құрады. Содан бері бір пайыз аралығында ғана құбылуда.
Қаржыгерлердің түсіндіруінше, елімізде доллардың арзандауына біріншіден, әлемде АҚШ валютасының индексінің -0,2%-ға төмендеуі әсер етті.
Екіншіден, теңгеге ішкі факторлар қолдау көрсетіп жатыр. Қазіргі кезде Үкімет Ұлттық қордың долларда сақталған активтерін биржада сатып, конвертациялап, оны теңге күйінде бюджетке құюда. Дәстүрлі түрде билік жыл басында бюджетті толтырып, Ұлттық қорға қол салуға кіріседі.
Үшіншіден, еліміздің сауда балансы да профицитті болып қалыптасты. Яғни, экспорт артып, республикаға түсіп жатқан шетелдік валюта елден кетіп жатқан доллардан асып түсуде.
Төртіншіден, Ұлттық банктің базалық ставканы әлемдегі ең үлкен мөлшерлердің бірі саналатын деңгейде (15,75%) ұстауын жалғастыруы да теңгенің қолтығынан демеп тұр.
Бесіншіден, Ұлттық банк нарықтан 2 триллион теңге қысқа мерзімді өтімділікті алып қойды. Оның 1 триллионы – ноталар, тағы 1 триллионы – депозиттік аукцион. Сөйтіп, теңгеге жасанды тапшылық туғызылды.
Тиісінше, жыл басында бюджет шығындарын өтеу үшін Ұлттық қордың долларлық активтерін теңгеге айырбастау қарқыны кемігеннен кейін, сондай-ақ егер Ұлттық банк базалық ставканы төмендетсе, мұнай әрі қарай арзандай берсе, басқа да факторлар бой көрсетсе, онда Қазақстанның ұлттық валютасы девальвациялануы мүмкін.