Бүгін, 10 қаңтарда Атырау қалалық №2 сотында танымал журналист Виктор СУТЯГИННІҢ көлігін өртеуге қатысты іс қарала бастады. Айып орындығында 37 жастағы Атырау тұрғыны Данияр ЕРМҰХАНОВ отыр. Істі судья Тыныштық НҰРЫМОВА жүргізіп жатыр.
Сотта сотталушының үш баласы бар үйлі-баранды адам екені белгілі болды. Айтуынша, ол қалада еден төсеумен айналысады және наркологиялық есепте тұр. Сондай-ақ ол сотта бірде үйі өртенген кезде баласынан айырылып қалғанын, содан кейін ішкілікке салынып, тіпті бензин иіскей бастағанын айтты.
Ал бұл іске қатысты, ол өз жауабында 67 жастағы Сутягиннің көлігін өртеген күні мас болғанын, оның жеке танымайтынын мойындады. Оның айтуынша, сол күні ол бір кездері өзінен 10 мың теңге қарызға алып, қайтармаған Василий есімді әріптесінің көлігімен шатастырған. Василийді қорқытқысы келгенін, көлігі өртеніп жатқанын көрген кезде үйінен шығады деп ойлағанын, бірақ жарылыс болған кезде қорқып, қашып кеткенін айтты. Оның қорғаушысы адвокат Рүстем СЕРІКБАЙ. Адвокаттың жұмысына ақы төлеу мүмкіндігі болмағандықтан, оған кепілдік берілген мемлекеттік заң көмегін алу, яғни тегін мемлекеттік адвокат алу құқығы ұсынылды.
Прокурор Талғат ШАЙМАРДАНОВТЫҢ сұрағына жауап берген сотталушы көлік маркаларын айыра алмайтынын айтып, Василийдің көлігі ақ түсті болғандықтан, көлікті түсіне қарап болжам жасағанын жеткізді.
Алайда зардап шегуші Виктор Сутягин оның айтқанына сенбейді, бұлай жасауға біреу тапсырыс берген, ал айыпталушы бар болғаны оны орындаушы деп санайды. Мекенжайды және оңайлық көлігі тұрған тұйық көшені жаңылмай тауып тұрған сотталушы көлікті қалай шатастырады деп түсінбей дал. Оның ойынша, бұл адам оның тұрғылықты жері мен көлігінің маркасын алдын ала білген.
Жәбірленушінің сотта берген жауабынан үзінді келтірейік:
- Болған іс болды. Ол жасады ма, жоқ па, оны көп айыптамаймын. Адамдар мұны жұмысы жоқтықтан немесе басқа проблемасы болғандықтан жасайды. Менің оған айтарлықтай талабым жоқ. Бастысы түрмеге қамалмай, айыппұл төлесін.
...Бұл іс ұзаққа созылды, ертең тура 8 ай болады. Нені тергеп жатқандарын түсінбеймін. Өйткені оның кім екенін (тапсырыс берушіні айтып тұр – автор) бүкіл қала айтып жатты.
...Бірақ дәлізде полицейлер маған: «Виктор Петрович, сізге қарауға ұяламыз», – деді. Мен оларға: «Сіздер оны, тапсырыс берушіні айтамын, біліп тұрсыздар ғой» деймін. Олар маған: «Әрине», - дейді. Бірақ мұның бәрі бейресми. Сосын мен: «Кешіріңіз, бұл іске оған қанша ақша бергенін айта аласыз ба?» деп сұрадым. Олар: «Біз де осыны білгіміз кеп тұр» дейді.
Сонымен қатар, жәбірленуші Сутягин көлікті сотталушы өртегеніне күмәнді екенін айтты. Айтуынша, көлікті өртеп жатқан видеода жігіт арық, сұңғақ бойлы, ал бұл жігіт мығым келген жігіт.
- Сәйкессіздік бар. Іс толық тергелмеген. Содан соң одан қарыз алған адам қайда тұрады, оның қайда тұратынын білмейді, бірақ көлігінің қайда тұратынын біледі, бұл да түсініксіз», - дейді Сутягин.
Сотталушы өз кінәсін толығымен мойындап, жәбірленушінің біреудің нұсқауымен әрекет етті, біреу оған тапсырыс берген деген қорқынышын жоққа шығарып отыр.
Бұған дейін сотта көлікті бағалаған кезде 25 миллион теңгеден сәл ғана асатыны хабарланған болатын. Бірақ Сутягин шын мәнінде көліктің бағасы біршама арзан екенін айтады. Ол айыпталушының түрмеге жабылғанын қаламайды және судьядан оған айыппұл төлетуді немесе толық болмаса да белгілі бір сомада шығынды өтетуді сұрады. Жауапкер судьядан жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрап, өз алдындағы міндеттерін нотариалды түрде куәландыра отырып, Сутягинге 20-30 мың теңгеден төлеп, көлікке келтірілген зиян үшін қарызды ай сайын өтеп тұруды ұсынды. Бірақ судья оған сол 8 ай бойына оны өтеуге уақыты болғанын айтты. Сотталушы қамауда, атап айтқанда, тергеу изоляторында болғандықтан, осы уақыт бойына бұлай жасай алмағанын жеткізді.
Содан кейін судья Сутягинге сотталушының барлық дәлелдермен, іс материалдарымен келіскенін айтып, прокурормен процессуалдық келісім жасауды өтінгенін хабарлады. Прокурор шешім қабылдау үшін судьядан уақыт сұрады. Судья оған 23 қаңтарға дейін уақыт берді. Осымен отырыс аяқталды.
Естеріңізге салсақ, 11 мамыр күні сағат 02.40-та Атырауда танымал журналист Виктор Сутягиннің Lexus RX-300 көлігі өртенген болатын. Көлік Наурызалиев көшесіндегі үйінің жанында тұрған. Кейінірек әлеуметтік желіде ер адамның көлікке жақындап, капот жағынан әлденелер жасап жатқаны туралы видео тарады. Осыдан кейін дүмпу болып, көлік өртеніп, қаскөй қашып кетті.
Полиция жарылу белгілері табылмағанын хабарлады. Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабының 3-бөлігі («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша іс қозғалды. Криминалдық полиция қызметкерлері Атырау облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, өрт қоюға қатысы бар күдіктіні анықтап, ұстады.
Сутягин бұл оқиғаны өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады. Атап айтқанда, ол тұрмыстық қатты тұрмыстық қалдықтарға тарифтің көтерілуіне қатысты әлеуметтік желіде бірнеше рет теріс пікір айтқан. Сотта ол мұның артында кім тұрғанын білетінін, бірақ оны сотта негізсіз атай алмайтынын баса айтты. Бірақ ол айналасындағы адамдардың бұл туралы бірнеше рет ашық айтқандарын және бұл көпшілікке белгілі екенін айтты.
Виктор Сутягин «ҚазАқпарат» агенттігінің меншікті тілшісі, оған дейін «Хабар» телеарнасында және облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде ұзақ жыл меншікті тілші болып жұмыс істеді.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор