Атырау, 28 сәуір 01:23
 ашықВ Атырау +22
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Ит аулаумен кім айналысады және бұған қанша қаржы бөлінген?

772 просмотра

«АЖ» мемлекеттік сатып алу порталынан Атырау қаласында ит аулау қызметіне жарияланған лоттарды зерделеп шықты. «2024 жылға Атырау қаласында қаңғыбас иттерді аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» қызметі бойынша жоспарланған мемлекеттік сатып алудың ішінде екі лотты көрдік. Олардың бірі қолданыста екен.

2024 жылға Атырау қаласында қаңғыбас итті аулау, уақытша орналастыру және жансыздандыру бойынша қызметтерге 109 млн 663 мың теңге сомасында бірінші лот мәртебесі 2023 жылғы 7 желтоқсанда жарияланған. Жоспарланған сатып алу мерзімі 2024 жылдың қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін. Екіншісі қолданысқа енген және келісімшарт мерзімі 2024 жылдың 28 ақпанына дейін көрсетілген. Келісімшарт құны - 43 млн 202 мың теңге. Тапсырыс беруші – Атырау қалалық ветеринариялық станция. Орындаушы – «Open Service» ЖШС (басшысы Арман Сарбаев).

Сатып алу ашық конкурс арқылы жүзеге асырылды.

ӨТКЕН ЖЫЛ ҚАНША БӨЛІНДІ?

Өткен жылы қаладағы иттерді аулап, жоюмен де дәл осы «Open Service» ұйымы айналысқан болатын.

Сол кезде 2023 жылдың 14 сәуірінде мемлекеттік сатып алу өткізілетіні жөнінде жарияланып, 108 млн 683 мың теңге көлемінде сома бөлу жоспарланды.

2023 жылдың 16 маусымында негізгі келісім жасалды. Келісімшарттың жалпы қорытынды және нақты сомасы 80 млн 371 мың теңгені құрады. Негізгі келісімшарт екі рет өзгертілді: 2023 жылғы 11 желтоқсанда және 28 желтоқсанда.

Бірінші өзгертілген қосымша келісімде келісім-шарттың жалпы жоспарланған сомасы 120 млн 931 мың теңге, ал келісім-шарттың жалпы қорытынды сомасы 92 млн 618 мың теңге болды. Екінші қосымша келісім бойынша келісім-шарттың жалпы жоспарланған сомасы 164 млн 133 мың теңге, ал келісім-шарттың қорытынды сомасы 135 млн 820 мың теңге.

Осы қосымша келісімдерде келісімшарттың жалпы нақты сомасы 87 млн 538 мың теңге сомасында көрсетілген. Жұмыстың орындалғаны туралы актілерге сәйкес жалпы сомасы 98 млн 43 мың теңгеге төлем жасалған. Егер олардан ҚҚС сомасын шегерсе, сол сома шығады.

Айнұр САПАРОВА

9 қаңтар, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.