Жуырда Солтүстік Корея Ресейге тактикалық ракета кешендері мен баллистикалық ракеталарын тасымалдаған. Бұл жөнінде бейсенбі күні АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі өкілі Джон Кирби мәлімдеді. Осылайша Ақ үй өкілі бұған дейін ақпарат құралдарында тараған хабарды растады, деп жазады Азаттық радиосы.
Ақ үй өкілінің сөзінше, Ресей 30 желтоқсан және 2 қаңтарда Украинаға жаппай соққы жасаған кезде солтүстіккореялық ракеталарды пайдаланған.
Кирби Солтүстік Кореяның Ресейге ракета тасымалдауы "алаңдаушылық туғызатынын" айтып, АҚШ мәселені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде көтеретінін айтты. Қару тасымалдауға қатысы барларға қосымша санкция салынатынын да жеткізді.
Кирбидің сөзінше, Иран Ресейге әзірге баллистикалық ракета бермеген, алайда Мәскеу соған мүдделі болып отыр.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Ресей Солтүстік Кореядан баллистикалық ракеталар мен тиісті қондырғыларын сатып алған болуы мүмкін деп хабарлаған. Мәскеу Ираннан да осындай қару түрін алуға күш салып отыр.
Қараша айында Оңтүстік Кореяның "Ренхап" агенттігі Пхеньян Мәскеуге қысқа қашықтыққа ұшатын тактикалық ракеталарын жеткізген болуы мүмкін деп жазған.
Солтүстік Кореяда советтік үлгідегі Р-17 ракета кешендері бар. Ол қазір "Хвасон-6" деп аталады. Батыс сарапшыларының пікірінше, ол 500-1300 шақырымға ұшуы мүмкін.
Пхеньян әскери парадтарында батыста КН-23 деген атпен белгілі шамамен 700 шақырымға дейін ұшатын Ресейдің "Искандеріне" ұқсас кешендерін көрсеткен. Шамамен 380 шақырымға ұшатын КН-25 ракеталары 2019 жылы сынақтан өткен.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Мәскеу Ираннан 86 шақырымға ұшатын "Абабиль" тактикалық ракетасын алуға талпынып жатыр. Осыған дейін батыс ақпарат құралдары Кремль Иранның 700 шақырымға дейін ұшатын "Зульфикар" және шамамен 300 шақырымға ұшатын "Фатех-110" кешендерін сатып алуға тырысып жатқанын жазған. Аты-жөнін атамаған Американың шенеунігі басылымға АҚШ Мәскеу мен Иран арасындағы осы мәселе бойынша келіссөзіне алаңдап отыр деп айтқан.
Мәскеу ақпарат құралдары мен Ақ үйдің мәлімдемесіне түсініктеме берген жоқ.