Биылдан бастап банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар мен қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алатын жеке тұлғалар салық органдарының бақылауына алынады. Мобильді аударымдарда кәсіпкерлік қызмет белгілері бар операцияларды Қаржы министрлігінің №323 бұйрығына бойынша мына критерийлер бойынша бағалайды: үш ай бойы 100 түрлі адамнан ай сайын мобильді аударымдар алған азаматтар тексеріледі.
Бақылау-касса аппараттары мен POS-терминалдарды қолданбай, чек бермейтін кәсіпкерлерді көріп жүрміз. Ал жаңа жыл басталғалы Атырау дүкендерінде мобильді аударымдардан бас тартып, QR код арқылы төлем ала бастағанын байқадық. Мобильді аударымдар бойынша бақылау қалай жүреді? Біз Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер жөніндегі департаментінен сұрап білдік. Департаменттің баспасөз хатшысы Әлия БАЙТЕМІРОВА хабарлағандай, бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған.
- Бұл ретте жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаты үшін мобильді аударымдар жасай алады және қабылдай алады. Атап айтқанда, туыстарына, достарына, ата-анасы мен балаларына көмек, сондай-ақ, басқа да өмірлік жағдайлар бойынша аударымдар жасай алады, - дейді Ә.Байтемірова. - Тағы бір проблема - ол тіркеусіз қызметті жүзеге асыру, кәсіпкерлердің туыстарының жеке карточкалық шоттарына аударымдарды қабылдау.
Мемлекеттік кірістер комитеті биылдан бастап банктік деректерге сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілері бар тұлғалар туралы мәліметтерді ала бастады.
Қайталап айтайық, кәсіпкерлік қызмет белгілері бар операцияларды келесі критерийлер арқылы анықтайды: жеке тұлғаның жеке банктік есепшотына күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі адамнан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған ақша түссе, бұл – салық органының тексеруіне негіз болады.
Байтемірованың айтуынша, Қаржы министрлігінің былтыр жыл аяғында өзгертілген №323 бұйрығы бойынша, банктерден ақпарат кезең-кезеңімен алынады:
- 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша;
- 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша;
- 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша;
- 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша берілетін болады.
- Осылайша, бүгінгі таңда ақпарат тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, яғни жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің декларанттары бойынша алынды. Қазір әлеуметтік желілерде осы мәселе бойынша жеке тұлғалардың атына мемлекеттік кірістер комитеті шығаратын хабарламалар туралы мәселе ара-тұра көтеріліп жүр. Бүгінгі күні мемлекеттік кірістер комитеті ешқандай хабарламалар жіберген жоқ, бұл жалған ақпарат, - деп қосты Байтемірова.
Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитетінен келіп түскен деректер өңделіп, талданып жатыр.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА