Иранның оңтүстігіндегі Керман қаласының маңында болған екі бірдей жарылыс салдарынан кем дегенде 103 адам қаза тапты, 211-ден астам адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Иранның Tasnim агенттігі хабарлады.
Жиналғандар Ислам революциясының бас корпусы генералы Қасым Сүлеймани қайтыс болғанына төрт жыл толуына орай өткізілген асқа келген.
Иран билігі бұл оқиғаны лаңкестік шабуыл деп атады.
«Алғашқы жарылыс Сүлеймани қабірінен 700 м қашықтан, екіншісі шамамен 1 км қашықтан жарылған», - делінген агенттік хабарламасында.
Керман провинциясының губернаторы жарылыстарды террорлық шабуыл деп атады.
Айта кетсек, Ислам революциясы сақшылар корпусының (қарулы күштердің элиталық бөлімшелері) «Құдыс» жасағының басшысы болған Қасым Сүлеймани мен оның орынбасары Абу Махди әл- Мұхандис 2020 жылы 3 қаңтарда Бағдат әуежайы маңындағы америкалық әуе-қорғаныс күштерінің зымырандың шабуылынан қаза тапқан болатын. Бұған жауап ретінде Иран 2020 жылы 8 қаңтарға қараған түні Ирактағы америкалық әскери күштер қолданып келген екі нысанға зымыранмен соққы жасады.
2023 жылы 6 желтоқсанда Тегеран бас соты Сүлейманидің өлімі үшін АҚШ үкіметіне, сондай-ақ 41 жеке және заңды тұлғаларға 49,7 млрд доллар төлеуге міндетті екенін хабарлады.