Атырау, 26 қараша 00:43
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атыраудағы "103"қызметі Цифрландыру басқармасына үндеу жасады

1 116 просмотра

Жедел жәрдемге түскен қоңырауларды бағыттайтын «Көмек» қосымшасының істен шығуына байланысты 103 бригадалары шақыртуға кешігіп барып жатыр.

"АЖ" тілшісі орын алып жатқан жағдай бойынша ахуалды білу үшін Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының басшысы Азамат ЕРБОЛОВҚА жолыққан еді. Оның айтуынша, бұл жағдай шақыртулардың күрт өсіп,  «Көмек» қосымшасы жүкті көтере алмауымен байланысты болып отыр.  

- Қазіргі кезде қызылша мен ЖРВИ эпидемиясына байланысты 103 ке түскен қоңыраулар рекордттық көрсеткішке жетті. Бұрын covid-19 эпидемиясы кезінде тәулігіне 1300 қоңырау қабылдасақ, қазіргі кезде күніне 1600 ден асып жатыр. Ал оның үстіне қосымшаның істен шығуы «жығылғанға жұдырық» болып отыр.

Бұрын 26 бригада жұмыс істесе, қазір эпидемияға байланысты бригадалар саны 32 ге артқан. Алайда «Rөмек» жұмыстың өнімділігіне кедергі келтіріп отыр.

- Облыс аумағындағы «Жедел жәрдемге» түсетін барлық қоңырауларды біз қабылдап, жақын маңдағы бос бригадаларға жолдап отырамыз. Соңғы күндері қосымша түн ортасында жиі істен шығып жүр. Бұрын 103 пультіне түскен ақпараттарды (мекен жайы, шақырушының жеке мәліметі - автор) бір кнопқа арқылы бригадаға жолдап отырсақ, қосымша жұмыс істемей қалған уақытта осының барлығын 103 пультінде отырған диспечер қағазға қолмен жазып алып, оны бригададағы фельдшердің жеке телефонына қоңырау шалу арқылы айтып отыруға мәжбүр. Бұл әдетте екі есе уақытты алады. Ал бізге әр секунд маңызды, - дейді Ақпараттық - жедел диспетчерлік бөлім меңгерушісі Анар АУБАКАР.

Оның айтуынша кейде қосымша жұмыс істеп тұрғанның өзінде де шақырту берген науқас туралы ақпаратты компьютерге енгізгенде қайтадан жойылып кету жағдайлары жиі кездесіп жүр. Базаға енгіздік деп сеніп отырған ақпаратымыз жойлып кеткен кезде біз кімнің шақырту бергенін де жоғалтып аламыз. Бұл кезде шақырту берген тұрғын бізге қайтадан хабарласып тағы да мекен-жайын, телефон номерін, қай жері ауырып тұрғанын айтуы керек. Осындай кезде тұрғындар 1 сағат бұрын шақырдық жедел жәрдем әлі келмеді деп наразылығын білдіріп жатады. Сол себепті қазір диспечерлер «Көмек» қосымшасына сенбей қосымша қағазға да жазып отырады. Жыл басынан бері 3000 қоңырау осылай жойылып кетті, дейді бөлім меңгерушісі.

Жедел жәрдемде 13 жылдан бері фельдшер болып қызмет етіп жүрген Ботагөз БАҒЫТЖАНОВА «Көмек» қосымшасы барлық ақпартты жойып жіберген кезде бір барған науқастың үйіне екінші рет баруға тура келетінін айтады.

- Біз шақыртуға барған кезде науқас туралы барлық ақпаратты планшетке жазып аламыз. Соңғы кезде түн ішінде толтырған ақпараттарымыз планшеттен жойылып кетуіне байланысты біз түн ортасында 1 сағат бұырн кетіп қалған науқастың есігін қайтадан қағып, ЖСН сұрауға мәжбүр боламыз, - дейді фельдшер.  

- Жақында «көшеде жаппай төбелес болды, арасында пышақ жарақатын алғандар бар» деген шақырту түсті. Мекен-жайға дереу жетіп, мәліметті толтырайық десек «Көмек» жұмыс істемейді. Қуанышқа орай пышақ жарақатын алғандар жоқ екен. Дегенмен біз 103 ке шақырту түскеннен бірнеше минут ішінде оқиға орнына жеткенімізді, қай уақытта науқасты тасымалдауға көшіп, қай уақытта ауруханаға жеткізгеніміз туралы уақытты планшетте тіркеп отырамыз. Себебі науқас жазатайым болып, іс сотқа жеткен кезде біздерден жауап алынады. Сол кезде біз шақыртуға уақытында барғанымызды дәлелдеуіміз қажет болады, - дейді "103" қызметіндегілер

Жедел жәрдем мұндай қиындықтармен бірнеше жыл бойы алысып келе жатыр. Жедел жәрдем станциясы басшылығы осы жағдайлар туралы бірнеше рет «Көмек» қосымшасын құрастырушыларға ескерткен, бірақ «жұмысты жақсартамыз» деген жауаптары әлі іс жүзінде жүзеге аспаған. Қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай мен кезеңдік аурулардың өршуіне байланысты "Көмек" қосымшасының жұмысы одан бетер тежеліп қалады. 

"АЖ" анықтағандай, «Көмек» қосымшасы Атырау облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының цифрландыру бөлімінің құзыретінде. Атырау облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Азамат Ерболов цифрландыру бөліміне мынадай хат жолдап отыр: «Атырау облыстық жедел жәрдем станциясы Көмек бағдарламасымен 2019 жылдан бастап жұмыс атқарып келе жатыр. Осы күнге дейін техникалық ахаулдары үнемі болып жатты, ол жөнінде өкілетті органдарына жазылды, кейбір кемшіліктері реттелді, кейбірулері сол жағдайында қалды. Бригадалар кезекшілік кезінде планшеттеріне пациент жөнінде ақпарат толтыра алмағандықтан, түнгі кезекшіліктен кейін демалудын орнына, кезекпен кезек сол ақпаратты компьютерге еңгізумен уақыт өткізіп жүр. Бұл жедел жәрдемнің жұмысын төмендетіп, денсаулық сақтау саласының беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, адам өмірін сақтап қалуға кедергі болып отыр". 

Осы ақпарат "АЖ" сайтында жарияланғаннан кейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ өзінің телеграм-каналында былай деп мәлімдеді: «Жедел жәрдем қызметінің ақпараттық жүйесіндегі ақаулар туралы хабарламаларға байланысты ресми тексеру жұмысы тағайындалады. Яғни, «Көмек» ақпараттық жүйесін пайдалану бойынша жедел жәрдем станциясы мен Цифрландыру орталығының қызметіне талдау жасалады. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою және жүйенің жұмысын оңтайландыруға қатысты тиісті шаралар қабылданады».

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

4 қаңтар, 15:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.