Атырау қаржы полициясының департаменті «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясының бухгалтеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 222-бабы (Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу жорамалы бойынша, 2008 жылдың 1 қаңтары мен 2010 жылдың 30 қыркүйегі аралығында ол декларацияға көрінеу бұрмаланған мәліметтерді енгізген. Соның нәтижесінде компания 12 миллиард теңге сомадағы салықты төлеуден жалтарған.
Бұл ақпарат ҚР Қаржы полициясы агенттігінің сайтында бүгін, 20 мамыр күні таңертең пайда болды. Ал түстен кейін сайттан алынып тасталды, бірақ оны республикалық БАҚ-тар таратып үлгерген еді.
«ҚМГ Қашаған Б.В.» жауапкершілігі шектеулі жеке компаниясы «Самұрық-Қазына» қоры компаниялары тобына кіреді және Солтүстік Каспий жобасы бойынша Өнім бөлінісі туралы келісімде қазақстандық қатысу үлесін (16,8 %) басқарады. Бұл - ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясының 100 пайыз еншісі, 2005 жылдың қазанында Нидерланды Корольдігінің заң құзыретімен құрылды. Ал Астанада тек оның филиалы ғана бар. Компания сайтында орналасқан 2013 жылға тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу жоспарына сәйкес, Қазақстанда тек кеңсені ұстау мен басқа қызметтік шығындарға 840 млн теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланған.
Ал Қашаған жобасында «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясынан басқа «ҚазМұнайГаз» мүддесін ҚР Мұнай және газ министрлігі арқылы оның тағы бір еншілес компаниясы – 2010 жылы құрылған «PSA» ЖШС ұстанады. «PSA» сонымен қатар Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ жобасында қазақстандық тараптың мүддесін де ұстанады.
ҚМГ-ге Қашаған жобасындағы қазақстандық 16,8 пайыз үлесті басқаруды бірден екі еншілес компанияға тапсырудың не қажеті болған деген сұрақ, әрине, қызықты. Бірақ бұл жерде үнемдеу туралы айтуға тура келмейтіні айқын. Өйткені, Нидерландыдағы «ҚМГ Қашаған Б.В.» бас кеңсесін ұстауға жобаның қанша ақшасы кеткендігі туралы ақпаратты біз Қазақстаннан таба алмаймыз.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА