Атырау, 19 желтоқсан 15:59
 бұлттыВ Атырау -4
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Балалар алаңдары сапасыз салынған

Сурет Бейнежазба
1 580 просмотра

Қала тұрғыны Набижан ҚУАНЫШЕВ «АЖ» редакциясына 2023 жылы тапсырылған спорт алаңдарының сапасына шағымданып келді.

Н.Қуанышев Авангард 4-ықшам аудандағы №11 үйдің алдындағы мини-футбол ойнауға арналған спорт алаңын көрсетті. Ол мұнда құрылыс нормалары мен ережелері сақталмаған деп есептейді.

- Осы спорт алаңын жаз ортасында тапсырды. Құрылысқа пайдаланылған материалдардың сапасыз екені көрініп тұр. Құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптары бойынша жасанды газон төсенішінің астына «щебень» төселуі керек, ал мұнда құм жатыр. Төсеніші жабыспайды, желімделмеген. Бұл нысанды қалай қабылдап алған, неге қарамаған сапасын? Бұл бес жылға арналған алаң, ал үш-төрт айдың ішінде сөгіліп жатыр. Қар, жаңбыр жауғанда алаң ортасы шылқып, көлкіп жатады. Ал «Мұнайшы» стадионында салынған спорт алаңында қар, жаңбыр жауғанда ол жерде мұндай көлкіп су жатпайды. Онда сапалы салынған, өйткені біздің футбол командасының жетістігі соған байланысты. Аулаларға, шамасы, сапа қажет емес болған ғой - бұл жай ғана қала тұрғындарының балаларына арналған, мен дұрыс түсіндім бе? - дейді Қуанышев.

Н.Қуанышевтың пікірінше, балалар спорт алаңдарының барлығы дерлік қалай-солай салынған.

Біз Авангард 4-ықшам аудандағы №18 үйдің алдындағы спорт алаңында доп ойнап жүрген жергілікті жасөспірімдермен де сөйлестік. Аула футболшылары былай дейді:

- Алаңның ортасы шылқып жатады, - дейді олар. - Футбол ойнап, доп соңынан қуамын дегенше аяғың, үсті-басың малмаңдай су болады. Бұл алаңның астына да топырақтың үстіне жасанды газон төсенішін жаба салған. Бірақ бұған да разымыз, өйткені қалада бұдан да аянышты халдегі спорт алаңдарын, балалар ойын алаңдары көп.

Бетонға тіреледі

Қаладағы ойын алаңдарында да сапаға қатысты проблема бар. Осы тұста 2020 жылы Авангард 4-ықшам ауданында бұрынғы Ахмет ата бейітінің орнына салынған балалар ойын алаңы еске түседі. Мұнда кеспе тастардың үстіне сырғанақтар мен әткеншектерді орнатқан. Ата-аналар кішкентай балаларын сырғанаққа мүлде жібермеуге тырысады. Өйткені, бала төменге сырғанап, тасқа келіп тіреледі.


Балалық шақ жоқ аулалар

Қалада жаңалауды қажет ететін спорт алаңдары мен ойын алаңдары көп. Жаңалаудан бөлек, сол нысандарды салуды сұранып тұрған аулалар да жетерлік. Алмагүл ықшам ауданы №5 үйдің артындағы спорт алаңында төсеніштер мен қақпалар, темір қоршаулардың майысып, сынып, тесіліп, жарамсыз болып жатқанына қарамастан онда балалар жиналып, мини футболдан жарысады. 

Азаттық даңғылының «Нарсуд», «Торговая база» аялдамалары маңында сол жердің балалары ойнайтын жер жоқ. Жұлдыз ықшамауданында салынған көп қабатты екі тұрғын үйдің алдында да балалар ойынына арналған алаң жоқ. Дәл осындай мәселе «Лесхоз-2» ықшамауданында да бар, әрине, аянышты күйдегі футбол алаңын қоспағанда. Нұрсая (Болашақ) ықшамауданында саябақ та, алаң да, адамдар көліктерге алаңдамай серуендеп жүретін аллея да жоқ. Бұлар түгілі, қала көшелерінде көп жерде адам жүретін тротуарлар да қарастырылмаған.

Біз қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Айша КЕНЖЕМҰРАТОВАДАН қалада салынған және салынғалы жатқан балалар ойын алаңы мен спорт алаңдарына қатысты мәлімет сұраттық. Мердігерлері мен бөлінген бюджет қаржысын да білгіміз келді.

«Қазіргі таңда Атырау қаласы әкімдігі теңгерімінде 221 балалар ойын алаңы және 45 футбол алаңы бар, - делінген жауапта. - Сонымен қатар, аулаішілік аббатандыру жұмыстары аясында 60 балалар ойын алаңы және 21 футбол ойын алаңымен қоса воркаут алаңдарын салып, 2024 жылы теңгерімге салу жоспарланып отыр. Келер жылы қала аумағында орналасқан балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау мақсатында 40 балалар ойын алаңдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге ашық электронды конкурс нәтижесін күтіп отырмыз. Мердігер мекеме: Риголит, Шебер, Атыраукөлік ЖШС. Осы мердігер мекемелер 2 жыл бойына сапасына да, күтіп ұстау жұмыстарына да жауапты болады.

Авангард 4 ықшам ауданы 18 үй ойын алаңын салу 2020 жылы Гумаров көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жобасы аясында іске асырылды. Мердігер мекеме - Атырауинжстрой. 11 үйге біздің қатысымыз жоқ.

Лесхоз-2 аумағына ойын алаңдарын салу жоспарланбаған. Алайда қаражат көзі бөлінген уақытта 2024 жылы тізімге енгізіледі».

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бухгалтерлік есеп, мемлекеттік сатып алу және іс жүргізу секторының меңгерушісі Рамиль ХАЛАУЕТДЕНОВ «АЖ»-ның сауалына берген жауабында 2022-2024 жылдар аралығында Атырау қаласының аула аумақтарын абаттандыруға мемлекеттік келісім-шарт 6 млрд 827 млн 624 мың 89 теңгені құрайтынын нақтылады. Бұл жылдан жылға көшетін жоба болғандықтан, ақша бірден бөлінбейді. 2022 жылы бұл мақсаттарға 1 миллиард 370 миллион теңге, биыл – 2 млрд 500 млн теңге бөлінді. Жобалардың арасында қазіргі уақытта түзетуге жататындары да бар.

Айнұр САПАРОВА

Автор түсірген суреттер мен бейнежазба

29 желтоқсан 2023, 18:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.