Атырау, 26 қараша 02:49
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Вице-министр Данияр Қадыровтың Атырауға сапары: петициялар, пресс-карталар және мемлекеттік қызметшілерге арналған жазалар туралы

1 115 просмотра

Бүгін, 28 желтоқсан күні Атырауға жұмыс сапарымен ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр ҚАДЫРОВ келді. Кездесуге жергілікті журналистер, имамдар мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Оның бұл өңірге жұмыс сапары президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасы аясында өтті. Кездесуден кейін тілшілер вице-министрге сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Олар әлі қабылданбаған «Масс-медиа туралы» заң, петиция институтын реттейтін «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобалары мен блогерлердің қызметін реттейтін, 9 қыркүйекте күшіне енген «Онлайн платформалар және онлайн-жарнама» туралы заңға қатысты сауалдар қойды.

Петициялар сәуір айынан бастап заңды болады

Вице-министр 2 қазанда президент қол қойған петициялар туралы заң 2024 жылдың сәуірінен бастап күшіне еніп, тиісінше, осы уақыттан бастап  олардың үкімет үшін маңызға ие болатынын айтты. Петициялар институты заңмен реттеледі. Әр азамат e-Gov арқылы e-Otinish платформасында қоғамдағы резонансты оқиғаларға қатысты пікірін білдіре алады.  

- Қазір «Е-петиция» модулі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге жасақталып жатыр. Ол жерде әрбір азамат өз ұсынысын білдіре алады. Барлығы дайын болған кезде әр азамат бір дауыс беріп, бір бастама көтере алады. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі петициялар ресми емес. 

Жаңа заңда қандай тақырып бойынша петиция беріледі, қанша уақытта қаралады деген секілді сұрақтардың жауаптары қамтылған. Петицияны аудандық әкімдік қарастыру үшін 2,5 мың адамның дауысы керек. Аудандық мәслихат қарау үшін 5 мың адамның дауысы керек. Мемлекет деңгейінде қарау үшін кем дегенде 50 мың адамның дауысы жиналуы керек, - дейді вице-министр.  

Пресс-карталар туралы мәселе әлі талқылануда

Ол қазір қаралып жатқан «Масс-медиа туралы» заң жобасы аясындағы дауға айналған пресс-карта және басқа да мәселелердің әлі де талқыланып, журналистердің сын-ескертпелері ескерілетінін де айтты. Еске салсақ, пресс-карталар – заң жобасының жаңалықтарының бірі. Карталар иесіне мемлекеттік органдармен жұмыс жасағанда артықшылықтар береді. (Көптеген БАҚ өкілдері пресс-картаның енгізілуі журналистерді алалаушылыққа әкелуі мүмкін деп есептейді – Автордың ескертпесі).

- Пресс-карта керек емес дегенге келсек, оның жақсы-жаман жағы бар. Мысалы, оның иесі әр мемлекеттік органға тіркеуден өтпей, квазимемлекеттік органға рұқсат сұрамай, барлық жерге кіре алады. Бұл бір. Екіншісі, преференциялар керек, түсініп отырмыз. Өйткені нақты ақпарат беріп, мәселені жан-жақты таразылап, өзі таратқан ақпаратқа жауапкершілігі жоғары журналисті қолдауымыз керек. Сол үшін преференциялар қарастылып жатыр.

- Пресс-карта берерде үш жылдық тәжірибесі болуы керек деген талапқа БАҚ өкілдерінің қарсылығы ескеріле ме? - деген сауал қойылды.

- Әрине, ескеріледі.

...Осы заң жобасына толықтыру енгізу бойынша екінші оқылымға дейін депутаттардан 200-ге жуық ұсыныс болды, - деді Қадыров. - Қазір жұмыс топтары министрлік деңгейінде жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге «Интерньюс», «Әділ сөз» халықаралық ұйымдарымен бірге де жұмыс істеп, ұсыныстарын жинап жатырмыз. Бұл қатып қалған нәрсе емес, депутаттық корпуста да талқыланады. Белсенді журналистермен ашық талқыланып, ұсыныстар жаңадан дайындалады.  

«Ал егер құлақ аспаса, айыппұл салынады»

- Сонымен бірге, 30 қарашада «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасы мәжіліске енгізілді. Оған сәйкес, әр меморган мен оның қызметкерлері БАҚ алдында ғана емес, барлық азаматтың алдында ашықтығын қамтамасыз ету керек. Олар барлық ақпарат көздері арқылы проактивті түрде жұмыс істеу керек. Қазір біз осы бақылау функцияларын жүргізіп жатырмыз. Егер меморгандар проактивті не болмаса БАҚ өкілдеріне жауапты созғылап, дұрыс бермесе, осы заң жобасы аясында оларға жаза қолдану біздің құзырымызға енді. Ең алдымен қатені түзеңдер деген «ұсыным», «хабарлама» жолданады. Егер құлақ аспаса, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес айыппұл салынады, - деді Қадыров. 

Блогерлер туралы

Ал әлеуметтік желіде оқырманы көп блогер-инфлюенсерлерге қатысты Қадыров «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» туралы заңға сәйкес, мониторинг 24/7 бойынша күні-түні жүргізіліп жатқанын айтты. Онлайн-жарнамада оның жарнама екені көрсетілмей, Қазақстан аумағында құқыққа қайшы контент, балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпарат таратқан аккаунттарға қатысты заң бұзу фактілері бойынша материалдар шара алу үшін құзырлы орындарға жолданатынын хабарлады.

- Бұл қаржы пирамидасы мен онлайн-алаяқтықтың алдын алу үшін бағытталған заң. ІІМ, Бас прокуратурасы, қаржылық мониторинг агенттігімен бірге жұмыс атқарылып жатыр. Прецеденттер бар. Әлеуметтік желідегі күмәнді жобалар немесе қаржы пирамидалары жарнамаланған даулы істерді көрдіңіздер. Құзырлы органдар тиісті шарасын алып та жатыр. Қазір жарнаманы таңбаламай жариялау фактілеріне қатысты 150 бейресми ұсыным бар. Бейресми дегенім, олар бойынша құжаттарды біз әлі тиісті құзырлы орындарға береміз, олар шешім қабылдайды, сосын Бас прокуратура мақұлдағаннан кейін олар ресми түрде тіркеледі, - дейді вице-министр.

Дербес деректерді қорғау туралы

–Қыркүйек айында Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында шет мемлекеттерден ақша алатын тұлғалардың тізілімі жарияланғаны белгілі. Тізілімге ЖСН көрсетілген 240 түрлі ҮЕҰ, қоғамдық қорлар, ұйымдар, құқық қорғаушылар мен журналистер енген. Қалай ойлайыз, бұл «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңды бұзу емес пе? – деген сауал қойды «AЖ».

- Бұл ережелер Салық кодексінің жаңа талаптарына сәйкес шет мемлекеттерден ақша алған тұлғалар үшін енгізілген. Бұл жерде ҮЕҰ өкілдері ай сайынғы салық декларациясын тапсырған кезінде жеке сәйкестендіру номерін өздері ұсынған. Егер бұл ретте аталған заңды бұзу фактілері болса, бұл дұрыс емес.

Кездесуде мәдениет қайраткері - жастар театрының жетекшісі, Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Әміржан НҰРЛАН ғана жалғыз сұрақ қойды. Ол мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы қашан көтерілетінін білгісі келді. Вице-министр бұл мәселенің келер жылы қаралатынын айтып, нақты жауап бермеді.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

29 желтоқсан 2023, 01:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.