Атырау қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ төрағалығымен өткен жиында депутаттар қаланың орталығында орналасқан қонақ үйдің сәулеттік келбетін талқыға салды.
Осыдан бес жыл бұрын қонақ үйде өрт шығып, ғимараттың 3500 шаршы метрі мен оған іргелес орналасқан мейрамхананың жанып кеткені белгілі.
- Ғимараттың сәулеттік келбетін заман талабына сай жөндеп, қалпына келтіру қажет, - деді әкім жиында.
Өз кезегінде «Ақ Жайық» қонақ үйі есеп беретін «Технэ хотел» ЖШС мекемесінің басшысы Санжар ТЛЕПОВ қонақ үйдің сыртқы келбетін жаңарту қажеттігін құрылтайшыларға жеткізетінін мәлімдеді.
- Қолымда қаражат болса, ғимараттың фасадын 2 аптада жөндеуге болар еді. Жиында көтерілген мәселені мекеме басшыларына жеткізіп, егер құрылтайшылар қаражат қарастырса, ауа райының қолайлы болуына қарай наурыз айында қалпына келтіреміз, - деді директор.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ