АҚШ пен Еуропа одағы террор ұйым санатына жатқызған ХАМАС пен "Ислам жихады" ұйымы Израиль шабуылын тоқтату үшін Газа секторындағы билікті беру туралы Египеттің ұсынысын қабылдамаған. Мұны Египет қауіпсіздік қызметіне сілтеп, Reuters хабарлады, деп жазады Аzattyq.org.
Агенттік сөйлескен адамның айтуынша, Израиль мен Палестина арасында ара ағайын болып жүргендердің бірі Египет сайлау өткізуді ұсынған, ХАМАС мүшелері қуғындалмайтынына сендірген. ХАМАС-тың Египеттегі өкілдері ұсынысқа келіспеген. Тек Израильмен тұтқын алмасуға ғана ниет білдірген.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, террор топ 7 қазанда Израильге шабуыл жасағанда кепілге алып кеткен адамдардың әлі 130-ға жуығын ұстап отыр.
Египеттің "Аш-Шарк" телеарнасы Израильдің соғысты тоқтату үшін ХАМАС-қа ұсынған жоспарының кей тұстарын ашты.
Бұл жоспардың бірінші сатысы бойынша, алғашқы үш апта - гуманитарлық бітім аптасы болып жарияланады. Осы уақытта террор топ Израильдің тұтқында отырған 40 адамын босатады, ал Израиль Палестинаның 120 тұтқынын босатып, Газаға гуманитарлық көмек жібереді.
Екінші сатыда Газа секторын қалпына келтірумен шұғылданатын үкімет құрылып, Палестина автономиясының басшысын сайлайтын жалпыхалықтық сайлауға дайындық бастайды.
Үшінші сатыда атыс толығымен тоқтайды, Израиль әскері Газа секторынан кетеді, босқындар үйлеріне оралады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху парламентте сөйлеген сөзінде 25 желтоқсан күні Газа секторына барғанын, ХАМАС толық жойылғанша Израиь операциясының тоқтамайтынын айтқан.